Өнім
Қыз-келіншектердің құқығын сақтағаннан гөрі, оларға көбірек тыйым салатын бірден-бір ел – Сауд Арабиясы. Заңда ережелер жазылмаса да, бұл елде әйелдер еркін өмір сүре алмайды. Себебі тұрғындар ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрден аттап кетпеу қажет деп түсінеді.
Көлік айдауға рұқсат па?
Араб әйелдері үшін көп дүние таңсық десек те болады. Мәселен, күні кешеге дейін билік қыз-келіншектерге көлік жүргізуге тыйым салды. Кейбір білімді тұлғалар мен дін өкілдері әйелдердің көлік айдауын «күнә» деп таныған. Тіпті көлік айдауға шетелдік құжаты болса да, мемлекеттік лицензия бермеген.
Сайлау кезінде дауыс бере ала ма?
Осы уақытқа дейін Сауд Арабиясындағы қыз-келіншектердің құқығы сақталмаған тағы бір дүние – оларға сайлау кезінде дауыс беруге рұқсат бермеуі. Қуанышқа қарай, жаһандану мен Еуропа елдерінің қысымы аталмыш заңдарды өзгертуге мәжбүр етті. Алайда тәртіп өзгергенімен, қоғамда бұл көзқарас өзгеріссіз қалды. Бұған дәлел – сайлау учаскелерінде қарапайым ережелерден қателесетін әйелдердің әлі де көптігі. Ал кей ер адамдар оларды ашық түрде айыптай береді.
Бірнеше әйел алу мәселесі
Араб елдерінің көпшілігінде ер адамдар көп әйел алуға құқылы. Ал бірнеше әйел алып, ұрпақ өрбіту тек байлардың қолынан келеді. Өйткені, дәстүрге сай, әр келіншектің жеке үйі болуы және үнемі күйеуінің назарынан тыс қалмауы қажет. Егер әйелдердің бірі күйеуінен көңілі қалса, онда ажырасуға өтініш беруге толық құқылы. Сондықтан араб елдерінде негізінен моногамды некелер көп, ал бірнеше әйел алу – сұлтандар мен шейхтерге тән.
Деректерге сүйенсек, араб әйелдері өз қалауынша жолдасынан ажыраса алмайды. Көбінесе күйеуі қаласа ғана немесе отағасы зайыбын лайықты қамтамасыз ете алмаса ғана неке бұзылады.
Қалай білім алады?
Араб елдеріндегі әйелдерге білім алуға рұқсат етілген. Дегенмен бұл да қоғам тарапынан мақұлданбайды. Көбінесе қыздар «оқу бітіріпті» деген желеу үшін ғана мұғалім немесе психолог мамандығын алады. Ал егер отбасының жағдайы жақсы болса, онда қыздарын шетелге оқуға жібере алады. Өкінішке қарай, өмір сүру деңгейі төмен басқа араб елдерінде қыздар білім мен мансапты ұмытқан. Олар тұрмысқа шығып, дүниеге бала әкеліп, тәрбиесімен айналысуға ғана мәжбүр болып отыр.
Араб қыз-келіншектері жұмыс істей ме?
Шығыс елдерінде әйелдердің жұмыс істеуі де даулы мәселе. Тек ең бай және дамыған БАӘ-де қыздар ер адамдармен тең дәрежеде жұмыс істей алады. Статистикаға сәйкес, олар 20% әкімшілік лауазымдарда және 35% жұмысшы мамандықтарда қызмет атқарады.
БАӘ-де әйел басшылар небәрі 2 пайызды құрайды. Жалпы алғанда, барлық жоғары лауазымдарға ер адамдар қабылдағанды жөн көреді. Сонымен қатар, егер қыздың күйеуі, әкесі немесе ағасы жұмысына қарсы болса, онда компания оны штабқа алуға құқылы емес.
Абақтыдағы арулардың жай-күйі
Сауд Арабиясында діни полиция қыз-келіншектерді кез келген нәрсе үшін тұтқындауы мүмкін. Айталық, «дұрыс емес киім» үшін, бөтен адаммен қарым-қатынас жасағаны үшін, т.с.с. Сондай-ақ бұл елде әйелдер түрмеден мерзімінен бұрын шыға алмайды. Абақтыдағы қыз-келіншектер түрмеден тек қамқоршы ер-азаматтың рұқсатымен ғана босатылуы мүмкін. Қорқыныштысы сол – көбінесе олар жаза мерзімін ұзартуды талап етеді. Содан кейін әйелдер бірнеше жыл бойы түрмеде отыруға мәжбүр.
Қандай жаңа өзгеріс бар?
Десек те шығыс әйелдерінің өмірінде тың өзгеріс жоқ емес. Мысалы, оларға Олимпиада ойындарына қатысуға рұқсат етілді. Әрине, олар бүкіл денесін жауып тұратын форма киюі керек. Дегенмен бұрынғымен салыстырғанда, алға жылжу байқалады. Бірақ арабтар әлі де әлеуметтік белсенді әйелдерді сөгіп, тіпті оларды қорқытатындары да кездеседі.
Дереккөз: SYL.ru, Ukr.net