Саясат

Ұлттық арнада «Олимп» жарнамасы не істеп жүр?

Көгілдір экран – тәрбие беру мен идеологияның негізгі көзі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

«Рухани жаңғыру» аясында айтылған латын әліпбиіне өту мәселесін алғаш болып қолдаған Ұлттық арнаға халықтың сүйіспеншілігі оянды. 1958 жылы құрылған еліміздегі бірінші ұлттық деңгейдегі телеарна. Әр шаңырақтың көгілдір экранынан орын алған Ұлттық арнаның қазір екі бірдей туыстас арнасы бар: «Qazsport», «Balapan».

 

Ерлан Қарин мырза басқарып отырған Ұлттық арнадағы жарнамалардың жайы мәз емес. Жастар теледидар қарамайды деген түсінікті алға тартып, ақтауға тырысып көргенімізбен, жастан бұрын отбасы құрған орта буын ағалардың өзі тікелей жарнама арқылы арзан ақшаға бет бұрып кетті. Ендеше ұяда не көрсе, ұшқанда соны алатын баланың әкесі, арналардың бірінде беріліп жатқан «Олимп» жарнамасы арқылы арзан ақшаға ұмтылса, ұрпақтың да адасқаны сол емес пе?!

Ең өкініштісі, арзан ақша табуға жол сілтейтін «Олимп» жарнамасын басқа емес, еліміздегі бірінші арна «Qazaqstan» ұлттық арнасы әр кеш сайын экраннан көрсетеді. Тіпті қазақ тілінде аудармасын жасап, халыққа ұсынып отыр.

Бұл еліміздегі бірінші арнаға емес, мемлекеттік деңгейдегі өзіндік статусы бар арна. Ал «Олимп» дегеніміз, арзан әрі оңай жолмен ақша табуға бастайтын құмар ойыны. Тек ақша табуға емес, бүкіл отбасының берекесін кетіріп, шығынға да ұшырататын орта. «Олимп» букмекерлік орталықтарының адамға ұтылып, зиян шегіпті дегенін естіген де, оқыған да емеспіз. Себебі ол жер ешқашан ұтылмайды. Біз тек ұтып жатқан секілді көрінеміз. Ең ақыры ақша берекесімен келсе берекелі болады да, оңай жолмен келсе оңай кетеді. Арзан ақшаға алданған жастарды қойып, орта буынның өзі қазір ауыздарынан «ставка» сөзін тастамайды. 100 теңге қойып, 1000 теңге ұтып алудың соңы, көлігін сатуға, үйін сатуға дейін барады. Ең ақыры темір тордың артынан бірақ шығатындай жағдайға жетеді. Ал енді сұрақ, отбасының шырқын бұзатын, ұрпақ тәрбиесіне кері әсерін тигізетін «Олимп» жарнамасы, еліміздегі беделі биік Ұлттық арнада не істеп жүр?

Ең қызығы, Ұлттық арна  жарнама кезінде «qazaqstan» логотипін алып тастайды. Яғни қай арнада жарнама болып жатқанын бірден аңғару қиын. Қанша жерден бүркемелеп, арнаның атына сөз келмесін десек те, жарнама уақыты ұзаса 3-5 минут. Санаулы минуттар біткен кезде, Ұлттық арна өзінің реңіне қайта келеді.

Телеарнаның жалпы ұжымына дат айтудан аулақпыз. Олардың жемісті еңбегін ешкім жоққа шығармайды. Алайда, аппақ парақ бетіндегі жалғыз қара нүктенің адам назарына ілігетінін ұмытпау керек. Біздің айтып отырғанымыз, «Олимп» жарнамасы. Аталған жарнама бойынша да ақпарат табу қиынға соқты. Нұртас Адамбаев қатысқан "Олимп" жарнамасы туралы бірде-бір ақпарат интернет бетінде кездеспейді. Тек телеарнадан анық көруге болады. 

 

«Олимп» жарнамасы бергі жағы...

Ұлттық идеологияны қалыптастыруда басты рөл атқарып отырған БАҚ саласының ішінде телеарналардың рөлі ерекше дейтін болсақ, Ұлттық арнаның орны бөлек еді. Алайда жәдігерлерді сөйлетіп, тұлғаларды еске алып, дәстүр сабақтастығын жаңғыртып жатқан арнаның қыз-келіншектерге арналған жарнаманы ашық түрде беруіне не себеп болды?

Жарнама арқылы пайда табатын жекеменшік арналардың жағдайында бұл қалыпты болуы мүмкін. Тіпті қалыпты деген күннің өзінде, мемлекет ел ішіндегі экранға да жауап беру керек. Себебі елдің тұтқасын ұстайтын азаматтар өсіп келеді. Ал Ұлттық арнаның арзан жолмен оңай ақша табуға бастайтын, ашық түрде «ұят дейтін» жарнамаларды жариялауы кімді болмасын толғандырары анық.

Қай әке, қай ана қашанғы баласының көзін алақанымен тосып әлек болады. Алақанын баласының көзіне басқан әкенің өзіне де қазір бір алақан керек болып тұр. Айтпаса сөздің атасы өледі. Ұлттық деңгейдегі Ұлттық арнаның бұл мәселені қайта қарап, дұрыс шешім жасайтындарына сеніммен қараймыз.