МӘДЕНИЕТ
Биыл алпауыт «Титаник» кемесінің мәңгілікке су астына кеткеніне 110 жыл. Сондай-ақ, кеменің тарихын күллі әлемге паш еткен 11 «Оскар» алып, тарихтағы ең үздік әрі кассалы фильмдердің бірі атанған «Титаник» фильмінің жарыққа шыққанына 25 жыл. Осыған орай, Bugin.kz көпшілік біле бермейтін «Титаник» фильмі жайлы қызықты мәліметтерді ұсынады.
Фильмде қолданылған кілемдерді нағыз Титаник үшін жасаған өндірушілер дайындап берген. Түсірілім алаңындағы декордың көпшілігі мүмкіндігінше шынайы түрде жасалған. Өйткені режиссер Кэмерон фильмнің әр бөлшегінің тарихи дәлдігіне үлкен мән берді. Сондай-ақ режиссер шынайы түсқағаздарды, шынайы хрусталь шамдарды пайдалануды, қорғасын терезелерді орнатуды және декорацияға қолданылатын барлық заттарға, тіпті шыныаяқтардың өзіне White Star Line логотипін басып шығаруды талап етті. Сондай-ақ, ол нағыз Титаникке кілем жасаған BMK-Stoddard компаниясын фильмге кілем жасауға көндірген. Өндірушілер бастапқы кілемнің үлгілерін сақтап, оны баспалдақтың төменгі жағындағы негізгі салонға, дәліздерге және люкс бөлмелеріне арнап әзірлеген.
«Титаник» фильмі «Титаник» кемесінің өзінен де қымбатқа түскен. Титаниктің құрылысына 4 миллион фунт стерлинг жұмсалған, бұл бүгінгі ақшамен 100 миллион фунт, ал Джеймс Кэмерон фильмінің құны 125 миллион фунт стерлинг болған.
Кемеге су алғаш кіретін көріністі түсіру үшін 40 галлон суды пайдалану жоспарланған. Алайда, кейін белгілі болғандай, бұл жеткіліксіз болып, Кэмерон су көлемін 3 есеге арттыруды сұрайды. Бұл ретте қосымша салмаққа төтеп бере алмаған декорацияның бір бөлігін қайта өңдеуге тура келген.
Басты кейіпкерлердің махаббат желісі негізінен дарынды сценаристтің еңбегінің жемісі болғанымен, экранда көріп жүрген кейіпкерлердің көпшілігінің суға кеткен кемеде шынайы прототиптері болған. Кинокартина үшін басты кейіпкерлер ғана емес, көптеген эпизодтағы кейіпкерлердің де оқиғалары мұқият өңделген. Фильм режиссері Джеймс Кэмерон 150 актерге өздерінің прототиптерінің тарихын айтып берген.
Мәселен, аристократ ханым Молли Браун (Кэти Бейтс) мен өз кемесін тастап кетуден бас тартқан өз заманының әйгілі филантропы капитан Смиттің оқиғалары шынайы. Батып бара жатқан кеменің палубасында ойнайтын квартет, сонымен қатар жақсы киімін киіп, өліммен бетпе-бет келуді шешкен Бенджамин Гуггенхаймнің оқиғалары да расымен «Титаник» апатқа ұшырап жатқанда орын алған.
Фильмде көрініс тапқан қарт ерлі-зайыптылардың ажалды күтіп, өз бөлмесінде құшақтасып жатқан оқиғасы да шындық. Бұл жұп нағыз Титаниктің жолаушылары Исидор мен Ида Штраус болатын. Олар 40 жыл бойы некеде болған және куәгерлердің айтуынша, олардың жасы үлкен болуына байланысты құтқару қайығына отыруға рұқсат етілген. Бірақ Исидор барлық әйелдер мен балалар кемеден шықпай тұрып, құтқару қайығына отырудан бас тартқан. Оның әйелі де күйеуімен бірге қалуды таңдаған. Куәгерлер соңғы рет байқағанда олар палубада қол ұстасып отырған.