Travel
Dostyk Travel туристік компаниясының басшысы – Абдисамат Ариповпен сұқбат
Туризм саласында жұмыс істеп жүргеніме биыл 7 жыл. Ал Dostyk travel компаниясының нарыққа енгеніне 5 жыл болды. Осы компанияда жұмыс жасағалы бері ішкі туризм деңгейі біршама көтерілген. Ішкі туризмнің жүз пайыздан жиырма бес пайызы ғана жүзеге асып жатыр десем болады. Ал халықаралық туризм жылдан-жылға дамып жатыр. Себебі, шетелдік компаниялар маркетинг саласын жақсы меңгерген. Сондықтан туристерді елге тарту бойынша олар алдыңғы қатарда. Біздің мемлекетте ішкі туризм мәселесіне қатысты ұйымдастырылатын конференциялар мен іс-шаралар өте аз. Ішкі туризмді дамытатын турфирмаларға ешқандай жеңілдік қарастырылмаған. Бір Алматының өзінде 1500-2000 турфирмалар болса, олардың әрқайсысы көптеген адамға жарнама жасай алады. Алматыдан басқа Астана, Шымкент сынды қаншама жер бар. Солардың ішінде ішкі туризмді дамытқысы келетіндер жетерлік. Дегенмен, мемлекет және жергілікті жердегі әкімшілік тарапынан арнайы жеңілдіктер мен ұсыныстар болмауына байланысты – ішкі туризмге деген қызығушылық жоғалған. Сол себепті, ішкі туризмді дамытуға ешбір компанияның айтарлықтай құлшынысы жоқ. Әкімшілік пен мемлекет тарапынан ішкі туризмді дамытуға арналған іс-шаралар тек сөз бен қағаз жүзінде айтылады, ал шын мәнінде істеліп жатқан әрекет те, нәтиже де жоқ. Шетелге көп шыққаннан кейін «шетел туризімі неге дамып жатыр?» деген сұрақ толғандырады. Себебі шетелде мемлекет тарапынан үлкен қолдау бар. Жергілікті компанияларға арнайы көмек көрсетіледі. Елдегі туристік мекеме мен демалыс аймақтарының өзінде туристік компанияларға жеңілдіктері қарастырылған. Компания туристерді тартатын конфренция не көрме ұйымдастырғысы келсе, артқа тартпай керісінше қолдау көрсетеді. Қазақстанда жеңілдік мүлдем қарастырылмаған. Алсаңыз да, алмасаңыз да осы баға деп қолды бір сілтейді. Ал бұл туркомпанияларды шығынға ұшыратады. Кейін мемлекет тарапынан қолдау болмағандықтан, көбісі жабылып қалады. Сол себепті шкі туризммен айналысатын компаниялар өте аз.
Кез келген турфирма ашуға ниет білдірген адамға айтарым: туризм саласында топ жарып, өзіңнің орныңды табу өте қиын. Себебі, Алматының өзінде 2000-ға жуық агенттік бар. Нарықта бәсекелестер өте көп. Егер жаңа бағыт, ерекше бір әдіс таппасаң, компанияның нарыққа енуі қиынға соғады. Сонымен қатар, агенттік ашу үлкен қаражатты талап етеді. Бұған бірінің жағдайы жетсе, бірінікі жетпейді. Тіпті, үлкен қаражатыңыздың болуы да нарыққа еніп кетуге кепілдік бермейді. Үлкен көлемде қаражат салып, нарықтан орын алуың мүмкін немесе тығырыққа тіреліп, құлдырауың мүмкін. Яғни, елу де елу деп қарастыған жөн. Ал Dostyk Travel-дің мыңдаған компаниядан ерекшелігі – біз халал туризм бағытын қолға алдық. Біз дін өкілдерімен, яғни мұсылман қауыммен жұмыс жасаймыз. Сонымен қатар, қажылық және умраға сапар ұйымдастырамыз. Бізде Аллаға шүкір мұсылмандар көп. Олар да мұсылман шариғатына сай демалуды қалайды. Біз халал туристік бағытты қолға алғандықтан, нарықтан өз орнымызды таба алдық. Басқалардан ерекшелігіміз де – осы. Қаншама турфирмалардың ішінен мұсылмандық бағыттағы сапарды іздейтіндер болса, бізді табады. Бүгінде екі мыңға жуық туристік компаниялар ішінде халал туризм ұйымдастыратын тек Dostyk Travel.
Қазақстан туризімін дамытуда мемлекет тарапынан бірнеше бағдарламалар бар. Дегенмен, оны жүзеге асыруға әрекет жоқ. Кезінде Ақтау туристік қалаға айналу керек болған. Бірақ айналған жоқ. Басқа да туристік орындар нәтижесіз қалды. Сондықтан туристік мекемелерге мемлекет тарапынан қолдау қажет. Мысалы, салықтан босату, сонымен қатар басқа мекемелерден қысым болмауы керек. Шетелдік тәжірибеге қарап, осыны айта аламын.
Қазақстанда туристерге көрсететін орындар жеткілікті. Мысалы, Түркістан облысында қазақ елін тарихқа әйгілі ететін туристтік орындар өте көп. Негізі кез келген мемлекет өзінің тарихымен мақтанады. Тарихи орындармен туристерді елге шақыруға болады. Бізде, тарихи орындар болғанымен, бар байлығымызды көрсете алмай отырмыз. Егер мемлекет жағдай жасаса, Астанадағы Экспо сияқты туристік экспо жасаса, «түркі тілдес елдердің экспосы» деген тақырыпта қоятын едік. Бұл мәселе жоспарымда бар.
Қазір демалыс орындары мен үлкен ғимараттардан адамдар шаршаған. Бізге іштен емес, сырттан адам тарту керек. Ал сыртан келетін адамдарға заманауи ғимараттар қызық емес. Оларға атқа отыру, биені сауу, наурыз мейрамын тойлау, тарихи орындарды көрген қызық. Біз тек тарихи орындармен мақтана аламыз. Бұл рас. Себебі, мұны экподан да байқауға болады. Экспода қаншама нәрсе жасалды. Бірақ, дамыған мемлекеттердің адамдарына керемет ой саларлық туристік орын деп айтуға келмейді. Экспоға Қазақстандағы біршама азаматтың қызыққаны болмаса, шетелдіктер үшін қызық болмады. Нарықта туристерді тарта алмады. Мысалы, экспоның салынғанына екі жылдай уақыт болды. Бірақ Астанаға барып, Экспоны көрейікші деген туристерді көрмедім. Тіпті, сырттан келіп жатқан арнайы маршруттар да жоқ. Себебі бұл туристік нарықта пайдасын берген жоқ. Туристерді тек тарихпен ғана таңғалдыра аламыз. Қалған дүниемен таңғалдыру мүмкін емес. Жоқ нәрсені бар қылмай, бар тарихымызды қызықтыратын деңгейге жеткізуіміз керек. Тарихты дамыту нұр үстіне нұр болады.
Бұл сұрақ бойынша компаниямыздың ұсыныс-жобасы бар. Себебі әр турагенттік Қазақстан туризімін көтеруге өз үлесін қосуы керек. Мақсат тек шетелге шығару емес. Қазақстандағы негізгі туристік аймақ Түркістан облысы. Түркістанда туризмді дамыту үшін ұялмай көрсететін жерлеріміз жеткілікті. Тек тарихи орындарға қайта құру жұмыстарын жасау керек. Түркістан тек Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауимен ғана шектеліп қалмауы қажет. Бізде қаншама кесенелер болған. Отырар бар. Сол орындарды қайта жандандыру қажет. Тарихи туристік орындар, әрбір ханға музей, мешіт, медресе, түрлі тарихи ғимараттар салып, тарихымызды көрсете алсақ туристерді тартуға мүмкіндік болады. Отырар қаласын қайтадан құру – мендегі үлкен жобаның бірі. Түркістанды нөлден бастап қайта құрып, қаланың макетін жасау қажет. Дәл тарихи орыннан болмаса да, соның жанынын да салуға болады. Тарихи зерттеулерге қарап, Түркістанның, Отырардың бұрынғы қаласының бейнесін ойлап табу қажет. Бұл қаншама туристерді тартуға мүмкін береді. Адамдарды жаңадан салыпты деген сөз қызықтырмайды. Ең бастысы сол орынның бар екенін көру керек. Туристерді бұзылып кеткен жерге апара берсең, ол қызық емес. Себебі ол жерді елестете алмайды. Ал егер бір немесе он гектар жерге Отырардың тарихи жаңа макетін жасап, құрса, ішкі туризмдегі 20-25 пайызды 75-80 пайызға көтере аламыз. Мен бұған толық сенімдімін.
Мысалы, Өзбекстанда Хиуа деген тарихи қала бар. Мұнда он гектардай жерді алып жатқан «Ичан қала» түгелімен сақталып қалған. Өзбекстанның осы қаласына Италия, Испания, Германия, Жапония, Корея елдерінен келетін туристер өте көп. Бұл шет жақтағы қала болғанымен, дүниежүзінен қаншама тікелей рейстер келіп жатады. Бізде Қожа Ахмет Яссауи кесенелердің ішіндегі ең биігі деп айтады. Шетелден мұндайға келмейді. Қазақстанға туристік орынды көру үшін Жапония, Корея, Италия елдерінен бір ұшақ толып келді дегенді естімейміз. Тек бірең сараңы ғана келіп-кетіп жатады. Бірақ ол көзге көрінбейді. Ауқымды түрде келу үшін үкімет тарапынан қолдау болып, қаланы қайта соқса, бұл 80-90%-ға туристердің санын көбейтеді. Отырарда ең үлкен кітапхана болған, сонымен қатар атақты ғадлымдармен танымалмыз. Қазақтың бренді Әль-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи. Басқа нәрсемен бренд бола алмаймыз. Егер Отырар қаласын қайта құрса, тіпті ол жерде тарихи кинолар да түсіруге болады. Мысалы, Алматының сырт жағында көшпенділер киносын түсірген жердің макеті бар. Негізінде ол жерде тарихи орын болмаған. Дегенмен тарихи стильде салынғаннан кейін, сол орынға экскурсия ұйымдастырылады. Ал макетті дәл болған жеріне барып, салсаң оған кез келген адам қызығады.
Неге Стамбулға, Меккеге, Медине, Еуропаға туристер ағылып барады? Себебі ол жерде тарихи мекемелер сақталып қалған.Бұл кез келген адамға қызық.Қандай да бір елді-мекеннің тарихы болмаса, адамға ол қызық емес.
Неге Астанаға ешкім қызықпайды? Себебі ол жерде тарих жоқ. Ал Алматы мен Шымкентке көп адам барады. Себебі бұл жерлерде тарих қалған. Мысалы, Қарағанды, Жезқазған, Павлодар, Семей қалалары көпшілік үшін қызық емес. Өйткені бұл жерлерде айтарлықтай тарих қалмаған. Қан төгіліп, соғыс болып, үш жүздің басы қосылған деген түсінік жоқ. Сондықтан тарих кез келген мемлекеттің туризмін дамытады. Сол арқылы басқа сала дамиды. Мысалы, тарихи орынды көргеннен кейін демалыс орнына кетіп қалуы мүмкін. Түркістан облысында түрлі емдік шипажайлар бар. Шардара ауданындағы жағажай демалуға қолайлы. Ал осылайша жағажайдағы туризмді дамытуға болады. Сосын жылдың алты ай маусымы ыстық болады. Басқа қалаларда мұндай ыстықты көрмейсің. Мысалы, біздегі Алакөл өте керемет болғанымен, маусымы тек бір-екі айға созылады. Ал сіз бұл аралықта салған ақшаңызды өндіріп ала алмайсыз. Ал шетелдерде 5-6 ай маусым болады. Ал 5-6 айда кез келген ақша құйған мекеме шығарып ала алады. Мысалы Оңтүстікке жаз ерте келеді. Сәуір айынан бастап, қыркүйектен қазанның соңына дейін ыстық болады. Бұл жерде жеті ай маусым істеуге болады. Сонымен бірге, тау, ат туризмін дамытуға мүмкіндік көп. Сосын әуе көлігінің де ұшып келуіне ыңғайлы. Ауыл шаруашылығы да жақсы дамыған. Жылдың кез келген уақытыда ұшақтар ұшып-қона алады. Мысалы, Алматы, Астана ұшақ рейстеріне ыңғайсыз. Себебі қысы қатты. Мысалы ұшып келе жатқан турист жерге қона алмай қалса, қиын ғой. Алматыда да мұндай жағдайлар орын алып тұрады. Бірақ Шымкенттен мұндай дүиені естімедім. Өте сирек кездеседі. Сол себепті Түркістанның туризмін дамыту керек. Басқа да аймақтар бар, бірақ ол жерлер жыл он екі айға ыңғайсыз. Негізгі үлкен жоба осы Экспо-Отырар немесе Экспо-Түркістан. Егер мемлкет қолдаса, бес жылға жоспарлап, жасау қажет.
Өзім саяхатқа бала кезден қатты қызықтым. Ел көрсем, жер көрсем деген арманым болды. Сондықтан мектепте география пәніне қатты көңіл бөліп, туризм саласын таңдадым. Сол кезде Қазақстанның туризмін дамытсам деген ой болды. Қазақ Ұлттық Университетіне түсіп, туризм мамандығын бітірдік. Сол сала бойынша жұмыс жасап келе жатырмын. Жоғары оқу орнын 2014 жылы бітіре салысымен, компания аштым. Екі жылдай басқа компаниялардан тәжірибе жинадым. Осылайша компания ашамын деген ой келді. Компания ашқаннан кейін кедергілер көп болды. Себебі, бизнес, туризм саласында көп тәжірибеміз болмағандықтан, алғашқы жылы үлкен қиындықтар кездесті. Әр компанияның кризистік, яғни тоқырау кезеңі болады. 2016 жылы деволивация, теңгенің құлдырау кезеңі болды. 2016 жылы компаниямыз ашыла салып, жарты жылдан соң осы жағдайға тап болдық. Ал осы кезде неше жыл тәжірибесі бар мықты компаниялар да үлкен шығынға ұшырады. Ал біз ол жағын ойлмадық. Кез келген адам жұмысты арманмен бастайды, арманмен ақшасын салады. Менікі де дәл солай басталды, бірақ осындай үлкен сынаққа кезіктім. Осы кезеңде 60 мың доллар шығынға ұшырадық. Ал кәсібін енді бастап жатқан 22 жастағы жас маман үшін бұл өте ауыр сынақ болды. Ал одан шығу оңай болмады. Дегенмен бұл сынақтардың барлығы уақытша. Қиындықтарды еңсеріп шықтық.
Жылына 1500-2000 адамға танымдық сапар ұйымдастырамыз. Умра мен қажылыққа ұйымдастырылатын турпакеттер өте арзан. Бұл туралы Dostyk Travel сайтынан және инстаграм парақшасынан көруге болады. Өте қымбат туристік сапар ұйымдастырмаймыз, қымбат баға да қоймаймыз. Сол себепті бұл қарапайым халық үшін қолжетімді деп ойлаймын. Қолжетімді бағаны біз жасай алдық, жасап та жатырмыз. Мысалы, басқа компаниямен салыстыратын болсақ, біздің қойған бағамыз әлдеқайда арзан.
Ең бастысы жаңа айтып өткен тарихи орындарды қайта қалпына келтіруіміз қажет. Сол кезде ғана Еуропадағы мемлекеттерден қалыс қалмаймыз. Қазақстанға да шетелден туристер ағылып келетін болады. Ал егер туризмге салғырт қарауды тоқтатпасақ, 10 жылдан кейін де осы деңгейде тұруымыз әбден мүмкін.