Bugin

Деструктивті ағымдардың сипаты мен зияны

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

XIX ғасыр қоғамының негізгі сипаттарының бірі - идеологиялық әралуандылық пен пікір плюрализмі. Осының арасында діни наным-сенімдер мен көзқарастар аса маңызды рөл ойнайды. Бұлардың барлығы қоғамға игілік әкеледі деп айту қиын, өкінішке қарай ішінде теріс пиғылды жат ағымдар да жеткілікті.

Жат ағымдардың сыртқы мақсаты адамдарға жақсылық әкелу болып көрінгенімен, шын мәнінде көптеген жұртшылық осы теріс идеялардың себебінен зардап шегуде. Бұның зияны Қазақстанның көпұлтты қоғамына да тиіп жатыр. Аталмыш теріс пиғылды топтарды қазіргі кезде «Деструктивті ағымдар» деп атайды. Деструктивті деген сөз латын тілінен аударғанда «бұзушы», «жоюшы» деген мағыналарды береді. Демек бұлардың негізгі көздегендері ұйысып отырған жұртшылықтың арасын бұзу, қоғам арасына іріткі салу. Деструктивті ағымдар, секталар және радикалды топтар синонимдес ұғымдар. Аты да айтып тұрғандай бұлар өз алдына пайда болмай, көбіне негізгі діндер мен сенімдерден бөлініп шығады. Ислам, христиандық, яһудилік секілді дәстүрлі сенімдерге ұстаған жолдары мен көзқарастары сәйкес келмегендіктен, жеке шығып тәуелсіз жұмыс істейді.

Деструктивті ағымдардың басында әдетте харизматикалық және тілге шешен тұлға тұрады. Осының арқасында көсем өз айналасына діни білімі таяз және үстіртін ойлайтын топ мүшелерін жинайды. Деструктивті ағымдарға көп жағдайда әлеуметтік жағдайы төмен, қоғамнан шеткері қалған адамдар кіреді деуге болады. Қазіргі технологиялар жылдам дамып келе жатқан дәуірде теріс ағымдардың өз тараптарына «құрбан» тарту әдістері де әртүрлі. Деструктивті ағымдар өз идеялогияларын жаю үшін адамдардан бетпе-бет жолығуы не тікелей насихат етуі де шарт емес. Әлеуметтік желілер, оның ішінде инстаграм, фейсбук, телеграм және ютуб секілді кеңістіктерде-ақ тиімді жұмыс істей алады. Қазіргі таңда жат ағымдарға адамдар тартудың ең «олжалы» жолы да осы жүйелер болып отыр.

Деструктивті ағымдар мен радикалды діни топтарды ажыратудың келесідей бірнеше жолдары бар:

1. Жергілікті әдет-ғұрып пен мәдениет секілді құндылықтарға атүсті қарайды. Сондықтан өздерінің ұстанымдарына қайшы келетін әрқандай құндылықтарды оңай жоққа шығарады;

2. Тек өз жолдарының дұрыс екенін алға тартады;

3. Мемлекет бақылауынан тысқары, барынша астыртын жұмыс істеуге тырысады;

4. Белгілі бір мақсаттарға жету үшін заң бұзудың қалыпты жағдай екенін көрсеткісі келеді;

5. Өзге сенім иелері, ұлттармен топтарға толеранттылық танытпайды, керісінше оларға қарсы жеккөрушілік пен ашу-ыза насихаттайды.

Жалпы деструктивті ағымға тартушылар адамның қажеттілігі мен мінезіне байланысты әртүрлі әдіс-тәсілдер қолдануы мүмкін. Мәселен, материалдық қиындыққа тап болғанға қаржылай көмек көрсету, рухани құлазығанға сөзбен жылулық таныту, ақиқатты іздегенге «ақиқат міне осы» деп көрсету т.б. Қазіргі кездегі деструктивті ағымдар арасына «Ислам мемлекеті» ұйымы, әл-Қайыда, радикалды уахабиттер, Кришнаиттер т.с.с. топтарды жатқызуға болады.

Материалды «Нұрлы Бағдар» Қоғамдық Қоры мен Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы бірлесіп дайындады