ДЕНСАУЛЫҚ
Жалпы анестезия ауырсынуды және тактильді сезімталдықты азайтады немесе толығымен жояды және пациенттерді операция кезінде азаптан құтқарады деп саналады. Дегенмен сирек жағдайларда анестезия дұрыс қабылданбайтын сәттер болады. Мұндайда науқас ота кезінде кенеттен оянуы мүмкін. Қорқыныштысы, ол скальпельдің әрбір жанасуын сезгенімен, қозғалып, белгі бере алмайды. Адамдар интранаркоздық ояну кезінде нені сезінеді және осы құбылыстың себебі неде? Бұл сұрақтарға Bugin.kz порталы жауап іздеп көрді.
Анестезияға қолданылатын дәрілердің қоспасы көбінесе ауырсынуды басатын анальгетиктерден және адамды ота кезінде дірілдемес үшін сал ететін паралитиктерден тұрады. Кейде анестезия кезінде науқастың санасы өшпейді және ол не болып жатқанын толық біледі, қатты ауырып, бәрін сезіп жатады. Дегенмен паралитиктер хирургия үстеліндегі адамның айқайлауын немесе хирургқа басқаша күйзеліс білдіруін мүмкін емес етеді.
Донна Пеннердің оянып кетуі
Канаданың Альтона қаласының тұрғыны Донна Пеннер 14 жыл бұрын алған психологиялық жарақатынан әлі айыға алмаған. 2008 жылы 45 жасқа толар алдында етеккір кезінде қатты қан кетіп, дәрігерге қаралған. Дәрігер оны эксплуатациялық лапароскопияға жіберді. Хирургиялық операцияда науқастың іш қуысында жарақат немесе ауру белгілері бар-жоғын тексеру үшін ота жасалады. Пеннерді қорқатын ештеңе жоқ деп сендіргендіктен, ол қарапайым процедураны күтеді. Алайда келеңсіздіктер орын алып, хирург скальпельмен кескелі жатқан бірнеше секунд бұрын әйел оянып кетеді.
Анестезиямен бір мезгілде қолданылатын жүйке-бұлшықет блокаторларының әсерінен Пеннердің денесі толығымен салданған. Ол есін білгендіктен, хирург оның ішін кесіп жатқанын сезеді. Дәрігерлер оның денесін тексеріп жатқанда, науқастың жаны қатты қиналады.
«Менің өмірім дәл осы жерде, операция үстелінде аяқталады. Өмірімнің соңғы бірнеше сағатында қандай сұмдықты бастан өткергенімді отбасым мен жақындарым ешқашан білмейді. Өйткені ешкім не болғанын байқамай да қалады деп ойладым»,- дейді канадалық әйел.
Азапты естеліктер оған әлі де тыныш ұйықтауға мүмкіндік бермейді. Өзін тұншығып жатқандай сезінетіндіктен, Пеннер мойнын жабатын киімдер киюді, аксессуар тағуды доғарған.
Медицинадағы серпіліс
Пеннердің медициналық жағдайы сөзсіз сирек кездескенімен, бұл - өмірдегі жалғыз оқиға емес. 2017 жылы Висконсин университетінің анестезиологы Роберт Сандерс 260 адаммен зерттеу жүргізеді. Оның нәтижесі пациенттердің шамамен бес пайызы анестезия салынғанына қарамастан, операция үстелінде есін жинай алатынын көрсетті. Алайда анестезияның әсерінен көптеген пациенттер оянған кезде басынан не өткенін ұмытып кетеді. Қазір науқастарды емдеуде анестезияның қаншалықты жиі қолданылатынын ескерсек, дәрігерлерге мұндай жағдайды зерттеу бұрынғыдан да маңызды болып жатқанын байқаймыз.
Анестезиолог әр науқаспен жұмыс істегенде, көптеген факторларды ескеруі маңызды. Маман науқасты медициналық комаға түсіру үшін бір дәріні, ал науқасты сол күйде ұстау үшін екіншісін қолдана алады. Сонымен қатар дұрыс дозаны анықтау үшін науқастың жасы мен ағза жағдайы, темекі шегетіндігі, қандай дәрі-дәрмектерді қабылдағаны және ауруының себебін білуі керек.
Интранаркоздық ояну тақырыбына арналған әртүрлі мақалалар мен зерттеулер операцияға дайындалып жатқан науқастарға қорқыныш сыйлары сөзсіз. Кейбіреулер тіпті жалпы оның салдарын болдырмау үшін анестезиядан және одан кейінгі емделуден бас тартады. Дегенмен бұлай оянып кету өте сирек кездесетінін есте ұстаған жөн.
Сандерс қарапайым халық арасында сауалнама жүргізуді ұйғарып, әртүрлі пікірлерді естігенде, таң қалғанын жасырмайды. Респонденттердің көп бөлігі егер оянған кезде ауырғаны естен шығып кететін болса, онда соншалықты алаңдаудың қажет жоқ деп ойлайтынын мәлімдеген.
Дәрігерлер бұл құбылысты барынша көп адам білуі керек деп санайды. Медицина журналдарында сипатталған кей жағдайларда пациенттер мұндай құбылыстың бар екенін білмегендіктен, ота кезінде оянып кеткенде, тірі қалмайтынына сенімді болады. Ал көбірек хабардар болса, науқастар мүмкіндігінше өмір үшін күресетін болады.