Өнім
Лидерлік – өте күрделі феномен, академиялық ортаның талқылауына салыстырмалы түрде кеш түскенімен, терең зерттелген және зерттеліп келе жатқан тақырып
Лидерлік теориясының тарихы мен өзгерісін мұқият зерттейтін болсақ, мұның өте күрделі түсінік екеніне көз жеткіземіз. Дегенмен, біздің қоғамда лидердің сипатына қатысты көзқарас көбінесе біржақты, әсіресе тұлғалық қасиеттер тұрғысынан ғана бағаланып жүргенін байқаймыз. Ал көшбасшылық тақырыбын терең зерттеген, зерттеп жүрген ғалымдар лидерлік Жаратушы тарту еткен тұлғалық қасиеттерден ғана тұрмайтынын, ол кәдімгі жанды процесс әрі кәсіби-өмірлік қабілеттер мен тәжірибелердің, әртүрлі тәуелсіз факторлардың біртұтас көрінісі екенін үнемі алға тартады.
Осы тұжырымның негізінде біз әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, филология факультетінің 1 курс магистранттары Жубаназарова Назираш Сулейменовнаның «Басқару психологиясы» пәнінде ашық әңгіме-талқы жүргіздік. Біздің қоғамда көшбасшының тұлғасына деген дәстүрлі көзқарас бар. Көшбасшылықты көп жағдайда Тәңірден берілетін сый ретінде ғана қарастырып жататынымыз сондықтан болса керек. Бірақ мұндай көзқарас лидерлік түсінігінің аясын тым тарылтып, адамды белгілі бір мақсатқа талпындыратын талап, еңбек, ақыл, қайрат функцияларының маңызын көмескі ете түседі. Сол себепті ғалымдар көшбасшылықты санаулы топқа бұйырған несібе деп емес, нақты қабілеттерді меңгерумен өлшенетін үздіксіз қозғалыстағы құбылыс деп қарастырады. Сондықтан лидерлікті үйренуге де, дамытуға да, шыңдауға да болады деген ғылыми тұжырым берік бекіген. Лидерлік – өте күрделі феномен, академиялық ортаның талқылауына салыстырмалы түрде кеш түскенімен, терең зерттелген және зерттеліп келе жатқан тақырып.
Ал енді басты тақырып қоғамда көшбасшыны тек қана харизмамен өлшеу тенденциясына оралсақ. Ғалымдар харизма түсінігінің лидер үшін маңызды екенін назарда ұстағанымен, осы қасиеттің көшбасшыға қажетті ең негізгі өлшемдердің қатарына жатпайтынын үнемі алға тартады. Себебі ғылым тұлғаның нәтижелі әрі тиімді лидер болуына харизманың қандай ықпалы барын әлі күнге дейін дәлелдей алмай келеді. Лидерлік теориясында харизмалық көшбасшылардың ортақ қасиеттерін сомдауға бағытталған талпыныстар көп болғанын және олардың сәтсіз аяқталғанын жоғарыда айттық. Бірақ харизма ұғымын түсіну үшін келесідей жүйеленген көзқарастарға зер салып көрелік. Харизмалық лидерлік теориясын жасақтауға маңызды үлес қосқан ғалым Роберт Хаус харизма лидердің үстемдікке деген ұмтылысынан, өз ой-пікірінің дұрыстығына деген нық сенімінен, өзгелерге ықпал етуге деген ниетінен, өзіне деген жоғары сенімділігінен көрінеді дейді. Ал Нортхаус атты ғалым харизма бес негізгі тұлғалық қасиеттің жиынтығы екенін айта келіп, ол қасиеттерге интеллект, өзіне деген сенімділік, тәуекелшілдік, әділдік және байланыс жасауға бейімділік ұғымдарын жатқызады. Мәселе тұлғаның сенімділік, тәуекелшілдік қасиеттері арқылы бекемделетін харизма ұғымының лидер үшін маңызын айқындауда.
Лидерлік тақырыбы зерттеле түскен сайын көшбасшыны харизма, тұлғалық қасиеттер тұрғысынан ғана бағалау нағыз лидердің тұтас сипатын айқындауға жеткіліксіз екені белгілі бола бастады. Себебі ел тізгінін ұстаушы – тек қана әдемі сөйлей білетін, үлкен уәделер беретін, күрделі мәселелерге қатысты моментальды шешімдер шығаратын тұлға емес, ол – өзінің білімі мен кәсіби тәжірибелері арқылы қоғамның мәселелерін терең түсінетін әрі проблеманы шешуге бағытталған тиімді стратегия құра алатын, өзгелерді тыңдай білетін, көпшілікті ортақ мақсатқа жұмылдыра отырып, халық үшін тиімді нәтижелерге қол жеткізе алатын қайраткер.Аталған модель лидердің тиімді, нәтижелі болу факторларын маңызды деп есептейді және көшбасшылық қабілеттер білім мен тәжірибенің негізінде толысып, дамып отырады деген тұжырымды алға шығарады.
Әлеуметтік бағалау, сараптау қабілетіне келер болсақ, көшбасшы әрдайым қоғам қандай маңызды мәселелермен бетпе-бет келіп отырғанын түсініп, қоғам мүшелерінің мәселеге, өзгеріске қалай жауап қайтарғанынан хабардар болып, сол арқылы әрдайым халықтың пульсін сезініп отыруы керек. Мәселеге қатысты түрлі пікір-ұсыныстарды, болжамды шешімдерді зерделеудің мәселенің тиімді шешілуіне ықпалы зор. Ал мәселені шешу қабілетінің өзіне тоқталсақ, жаңа, өте күрделі мәселемен бетпе-бет келіп, оң шешім шығара білу – көшбасшының күнделікті әрі ең маңызды міндеттерінің бірі. Бұл қабілет лидердің өзекті мәселені айқындай білуіне, туындаған мәселені жаңа заман тұрғысынан қарап, түсінуіне және оны шешуге бағытталған нақты жоспарының болуына тәуелді. Келесі, білім компоненті лидердің нақты әрі маңызды мәселені анықтап, оған қандай шешім ұсынғанынан көрінсе керек. Білімді лидер – адамдарды, мәселені, құрылымдарды, шешімдерді және күрделі жүйені түсінетін, олардың байланысын жақсы сезіне білетін тұлға, сол күрделі жүйеде оң өзгерістерге бастайтын лайықты стратегия құра алатын қайраткер. Білім – лидердің өткен жағдайларды, тәжірибелерді есепке ала отырып, болашақтағы мәселелерге де төтеп бере алатын конструктивті шешім ұсынуының кепілі болмақ.
Сол себепті де «Басқару психологиясы» пәнінің бізге берер пайдасы орасан зор деп білеміз. Қазіргі жас буынның санасының саулығының негізі осындай психологиялық пәндердің көптеп оқытылуынан басталады.
Жубаназарова Н.С.,
психология ғылымдарының кандидаты, профессор;
Сайлинова К.К.,
Жалпы және қолданбалы психология кафедрасының аға оқытушысы;
Кәмен Ақторғын,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
филология факультетінің 1 курс магистранты