Экономика
Ала-құла, бір қайнауы кем реформалар білім саласын шырмаудан шығарар емес.
Ала-құла, бір қайнауы кем реформалар білім саласын шырмаудан шығарар емес. Экс-министр Ерлан Сағадиев білімге басшы болғалы бері мұғалімдерді қысқа мерзім ішінде ағылшын тілінде оқытып шығамын деп уәде еткен-ді. Сол үшін де арнайы бағдарлама әзірлеп, мұғалімдерді біліктілік арттыру курстарына сүйреді. Тіл білуге талпынғандардың жалақысына қосымша қаржы бөлді. Жаратылыстану пәндерін жоғары сыныптарға ағылшын тілінде оқыту үшін химия, физика, биология пәндерінің мұғалімдерін тіл үйретуге шақырды. 2016 жылы мұғалімдерді қайта даярлап, ағылшын тілінде сабақ беру ісі басталып кетті. Дегенмен, жаңа министр Күләш Шәмшидинова қысқа мерзімді курстарды тоқтатып тастады. Неге?
Неге дейтіндей себеп бар. Мәселенің мәні тілді үйренуге дайындықтың жоқтығы. Экс-министр бастауыш сыныптарға ағылшын тілін үйретемін деп бағдарлама жасаған еді. Бірақ, қоғамның қарсылығына ұшыраған реформа көптің қолдауына ие болмады. Бала түгілі, мұғалімнің өзі бастауыш сыныпта ағылшын тілін меңгертуге қарсылық танытты. Тіпті Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев мектепке енді келген баланың толық ана тіліндегі сауаты қалыптаспай өзге тілді үйрету қисынсыз деп Twitter парақшасына жазба қалдырды. Үкімет отырысында да Тоқаев Сағадиевке "білім саласын-дағы эксперименттерді доғару керек" деп экс-министрге шүйліккен-ді. Мұны Ерлан Кенжеғалиұлы түсінді ме, оқушыларды қойып, мұғалімдерді тіл оқытуға бағыттады. Соның нәтижесінде елде 9 мыңға жуық педагог тіл оқу курсынан өткен. 2016-2017 жылдары бiлiктiлiктi арттыру курстарымен ағылшын тілінде оқытудың "Clil" әдістемесі таңдалынған. Яғни мұғалімдерді деңгейіне қарай бөліп оқыту іске асты. Өткен жылдан бері тіл курсын оқығандар 9 мыңға жетсе, биыл 3 мың мұғалім қайта оқуға жолдама алатын болған-ды. Бірақ, бас ұстаз Күләш Шәмшадинова ұстаздарды ағылшын тілде оқытудың жүйесін тоқтатып, басқа әдіс ұсынды.
– Әрине, елдің бәрін толғандырып, көп шулатқан мәселе - ол пәндерді ағылшын тілінде оқыту. Осыған байланысты министрлік кадрлардың дайындығына қарай біртіндеп көшуді қарастырып отыр. Келесі жылдан бастап мұғалімдерді айлық курстан өткізетін қаржыны педагогикалық ұйымдарға жұмсайтын боламыз. Яғни, педагог мамандардың университет қабырғасынан тіл меңгеріп шығуына бағыттаймыз. 2016 жылы ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалімдерді дайындауға мемлекеттік тапсырыс берілді. Алғашқы 1200-ге жуық түлек 2020 жылы бітіреді. Сондықтан мұғалімдерді оқыту курстары тоқтатылды,- дейді Күләш Ноғатайқызы.
Күні бүгінге дейін физика, математика, химия, биология пәндерін ағылшын тілінде меңгерген, білімін толықтырған 11 мың мұғалім бар. Бұл ұстаздар әрі қарай пәнді беруді жалғайды, десе де министр қаржыны қайта оқытуға емес, мұғалім болатын мамандарға студент кезден тілді үйреніп шығуға жағдай жасамақ. Ол үшін керекті тапсырыс та берілген. Келер жылы 1200-ге жуық түлек мамандық алады. Министр дипломын енді қолына алған жас мамандардың тілдік сауатына ерекше ден қоятынын мәлімдеген.
Ағылшын тілінде сабақ беру тоқтамайды. Елбасы "Нұр Отанның" кезекті съезінде де басымдықты мұғалімдерге беру керектігін қадап айтты. Әсіресе, жаратылыстану пәндеріндегі терминдерді жоғары сыныптың баласы меңгеріп шығуы қажет, себебі университетте оқыған уақытта тілдік терминдер жастардың алдынан шығады. Бірақ, Президент бір жыл ішінде тілді асықтырып үйретуге қарсы екенін жасырмады. Ал, "3 ай ішінде өзге тілді үйретіп шығару қисынға келмейді" дейді.
Президент айтты деген соң ба, білім сарапшылары да жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап, пікір бере бастады. Бірі "қысқа мерзімді курстардың пайдасын уақыт өте көреміз" десе, енді бірі "үш айлық курс тек оқыды, тек бітіріп шықты деген жағдайға ғана керек" деп пікір қалдырды. Қалай десек те, үш айлық курста тілді үйреніп шығу мүмкін, бірақ жаратылыстану пәндеріндегі білім терминдері үшін қысқа уақыттың аясы тар болатыны белгілі. Жаңа министр реформаларды науқаншылдықпен емес, нәтижелілікпен аяқтауды міндет етіп отыр. Демек, уақыт өте келе тілді оқытудың реформасы сәтті не сәтсіз екенін анықтап бермек.
А.ҚАРАКЕСЕК