МӘДЕНИЕТ

Рүстем Жұмадін, режиссер: «0 теңгемен сериал түсірдік»

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазан айында «Bugin Entertainment» компаниясы мен «Bolme» шығармашылық бірлестігі бастапқы жарнасыз сериал түсірді. «Мектеп мақтаныштары» деп аталатын туындының режиссері Рүстем Жұмадін түсірілім кезіндегі қиындықтар мен сериал түсіру идеясы туралы айтып берді.

0 теңгемен сериал түсіру идеясы қалай келді?

Өзім қызмет атқаратын «Bugin Entertainment» компаниясы «Bugin Holding» директоры Айбек Қуатбайға сериал түсіру идеясын ұсынғанбыз. Ұстаз туралы ойда жүрген сериал болатын. Алайда ол қаражатты көп талап ететіндіктен, тағы басқа сценарий ойластырып көруді шештік. Менің көптеген фильмдерге сценарий жазып жүрген сценарист Шыңғыс Ермахан деген досым бар. Содан мектепке байланысты жазылған синопсистерді сұрадым. 1-2 күннен соң ол маған онға жуық сценарийлерді көрсетті. Бірақ ол өзі продюсер ретінде түсіргісі келген, бұрыннан ойында жүрген сценарийді ұсынды. Алайда оның осы сценарийі бойынша сериал түсіруге ұсыныс тастап жүрген продакшндер бар екен. Сонымен ойлана келе Шыңғыстың осы сценарийімен сериал түсіретін болып шештік. Мен үшін бұл үлкен мүмкіндік болды. Алайда бізді бюджет мәселесі қинады. Кейіннен қолда бар техникамен түсірілімді бастауға шешім қабылдадық.

Түсірілім процесі қалай жүрді?

Шыңғыстың «Бөлме» атты сценаристерден құралған бірлестігі бар. Олар кастинг ұйымдастырып, локация мен актерлерге жауапты болды. Біз, «Bugin Entertainment» командасы, түсірілімге, техникаға, монтажға жауап береміз деп келістік. Бірақ бізге қосалқы техникаларды алу және оны түсірілім алаңына жеткізу үшін 60-70 мың теңгедей қаражат қажет болды. Қажетті қаражатты холдингтегі директорлардан 10 000 теңгеден краудфандинг жасау арқылы таптық. Ал түсірілім командасы мен актерлерді, өзге де қызметкерлерді тамақтандыру продюсер Шыңғыстың мойнында болды.

Бір жарым күнде 1-серияны толық түсіріп бітірдік. Кейін оны монтаждап, холдинг қызметкерлеріне көрсеттік. Холдинг директоры сериал презентациясынан кейін түсірілімді тоқтатпау керегін айтты. 2-серияны бастау үшін 1,5 миллион теңге қаражат керек болды. Негізінде бұл - сериал түсіру үшін жеткіліксіз сомма. Сериалға түскен актерлер тәжірибелі болғандықтан, олардың еңбекақысы да аз емес. 1-серияда дыбыс режиссерінің міндетін өзіміз атқардық. Бірақ мұның қате екенін түсіндік. Барлығы кәсіби деңгейде болу үшін қаражат жеткілікті болу керек еді. Әр серияға бөлінген 750 000 теңгені үнемдеп, 3 күнде 2 серияны түсіріп бітірдік. Есептеп қарасақ, біз 3 серияны 5 күн ішінде түсіріппіз. Ал еліміздегі өзге киноиндустриялар 1 серияны түсіруге 3-4 күн арнауы мүмкін.

«Мектеп мақтаныштары»

«Мектеп мақтаныштары»

Түсірілім барысында қандай қиындықтар болды?

Негізі сериал түсіргенде бір локация бірнеше серияда кездесетін болса, онда сол жердегі түсірілімнің өзіне 1 күн арнайды. Ал біз олай істеген жоқпыз. 1-серияны әр локацияда жүріп түсірдік. Кейін қарасақ, 1-серияда болған локация 2, 3-серияда да кездеседі екен. Ары-бері жүріп, біраз қиналып қалдық. Оның үстіне ақша аз болған соң, өзімізді біраз нәрседен шектеуге тура келді.

Сериалды әрі қарай жалғастыру ойда бар ма?

Егер 3 серияны қосқандағы қаралым саны 900 000 болса, ары қарайғы түсірілімге бюджет бөлінеді. Бұл холдинг директоры Айбек Қуатбаймен болған келісім еді.  Аталған межеге жету үшін мықты стратегия, маркетингтік жоспар болу керек. Мәселен Голливудта фильм 300 миллион долларға түсірілсе, оның 150 миллион доллары маркетингке кетеді. Одан бөлек, елімізде блогерлер түсіп жатқан веб-сериалдар миллион қаралым жинап жатыр. Оның себебі әр блогердің жеке әлеуметтік желідегі парақшасында кемінде 1 миллион оқырман бар. Бұл нәрсе сериалдың қаралымын арттыруға әсер етеді. Фильмнің сценарийі, түсірілімі қаншалықты мықты болса да, маркетингтік стратегия дұрыс құрылмаса, оның қаралым жинауы да қиын болады. 

«Мектеп мақтаныштары»

«Мектеп мақтаныштары»

«Bugin Entertainment» компаниясы туралы айтып берсеңіз

Bugin Entertainment – сериал, деректі фильм, подкаст, курс түсірумен айналысатын компания. 2021 жылы құрылған компанияның өз студиясы бар. Қазақ тілді контентті дамыту мақсатында қолдан келгенше аянып қалмаймыз. Болашаққа қойған жоспарларымыз өте көп.

Режиссердің негізгі міндеті қандай?

Режиссер сценарий бойынша кадрлар қойып, бейнемен, переходтармен жұмыс істейді. Яғни, сценарийге жан бітіреді. Одан бөлек, актерлермен тығыз жұмыс істейді. Олардың камерамен жұмыс істеуі, жасанды сөйлемеуін қадағалау режиссердің міндетіне кіреді.  Массовкамен жұмысты жүйелеу де тікелей режиссерге байланысты. Мықты режиссерлер бір планмен емес, бірнеше планмен жұмыс істейді. Камераның орналасуы, жарықтың түсуі барлығы режиссердің жіті бақылауында болады. Академиядағы ұстазым: «Киноны бір әлем десек, режиссер – сол әлемнің Құдайы» деп айтатын.

Елімізде режиссер мамандығына деген сұраныс қандай?

Режиссура – өте нәзік сала. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта режиссердің мәні жоғалған секілді. Актер де режиссер, әнші де режиссер, вайнер де режиссер. Осыған қарап ішің ашиды. Көпке топырақ шашпаймын. Оқымай-ақ, жоғары деңгейде жұмыс істейтін режиссерлер де жоқ емес. Өйткені оларда ниет бар, үнемі ізденіс үстінде жүреді.  Киноны көп көріп, көп кітап оқу керек. Бізде көбінесе режиссерді продюсер ақша жағынан қысады. Өйткені қаражатты бөлетін – продюсер. Режиссер басқа нәрсені қалап тұруы мүмкін, бірақ продюсер оған шектеу қояды. Себебі көп ақша жұмсағысы келмейді.

Қазақстандық режиссерлердің арасында бәсеке бар ма?

Өткен жолы кинотеатрға барғанда, 6 отандық фильмнің көрсетіліп жатқанын көріп, қуандым. 2008-2009 жылдары айына, жылына 1 ғана қазақстандық фильм көрсетілетін. Қазір кинотеатрларда да, youtube-та да бәсекелестік жоғары деп ойлаймын. Аудитория таңдау жасай алады. Көбі қазақстандық режиссерлер неге фильм түсірмейді деп шағымданады. Ал режиссура – ең қиын мамандықтың бірі. Өйткені сенің мойныңа миллиондаған қаржыны іліп қояды. Дұрыс жұмсалмаса, сәтті шықпаса, сенің кінәң дейді. Түсірілім алаңындағы жұмыстар, монтаж жұмыстары да оңайға соқпайды. Өкінішке қарай, мұны көбі біле бермейді.

Режиссер болу үшін қандай қабілет керек?

8-сыныптан бастап кинодағы кадрларды қайталап, телефонға 1-2 минуттық видео түсіретінмін. Осы кезде кадр ауыстырып, монтаж жасауды үйрендім. Осылайша, ақырындап түсінік пайда бола бастады. Өзімде компьютер болмай, досымның үйіне барып жүргенде, досымның анасы: «Т.Жүргеновте режиссер мамандығын оқытады. Сен соған түс», - деп кеңес берді. Бірінші жылы тапсырып түсе алмай, екінші жылы бір-ақ қабылдандым. 1-курста группаластарымның бәрі көп режиссерлерді айтып отырғанда, мен біреуін де білмейтінмін. Содан сабақтан кейін күнде үйге келіп, жазып алған тізімім бойынша фильм көретінмін. Осылайша, менде талғам қалыптасты. Біртүстегі, дыбыссыз фильмдерді қиналып отырып көретінмін. Уақыт өте келе, қазір соның пайдасын көріп жатырмын. Айтпағым, ең бастысы, адамда қызығушылық болу керек. Қызығушылықтың арқасында қажетті қабілеттер дамиды, адам шыңдалады.

Режиссер болғысы келетін оқырмандарымызға қандай кеңес бересіз?

Ең бастысы режиссерде талғам болу керек. Кадр, локация, сөз, тіпті актер бәрі сай келе ме, соны түсіну керек. Білім бола тұра, талғам болмаса, онда ештеңе шықпайды. Ал талғамды қалыптастыру үшін киноны көп көру керек, көп ізденіп, адамдарды зерттеу керек. Академияда оқып жүргенімізде, көшеде кетіп бара жатқан адамдардан кейіпкер жасайтынбыз. Вуди Аллен деген режиссер бар. Кинолары өте мықты. Сол мейрамханада, тағы басқа жерде отырып куә болған өзге адамдардың оқиғаларын қағаз майлықтарға жазып жинаған екен. 1 жылдан соң бәрін құрастырып, фильм шығарады.

Режиссура деген – зерттеу. Қияли болуың керек. Онсыз болмайды. Өйткені режиссер басқаша ойлау керек. Сондай-ақ оған керек басты қасиеттің бірі – коммуникация. Ол түсірілімдегі оператор, суретші, актер, барлығына киносының қалай көрінетінін, жұмыс процесін, олардан не талап ететінін түсіндіріп бере алуы керек. Жанжалдасудың керегі жоқ. Қазақстандағы нарық өте кішкентай. Бүгін сөзге келген адаммен ертең бір түсірілім алаңында кездесуіңіз әбден мүмкін. Сондықтан қайта ашар есікті қатты жаппа дер едім. Сондай-ақ мен үнемі отандық фильмдерді үзбей тамашалап тұрамын. Өйткені біздің негізгі жұмыс істейтін нарығымыз осы. Сондай-ақ 1500 теңге болсын солардың бюджетіне түсіп, дамыса екен деймін.

Әңгімеңізге рақмет!