БІЛІМ

Қазақ әдебиетін комикс арқылы оқытып жүрген жас маман

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жас мамандар білім беру үдерісінде балалармен қалай тіл табысады? Олар сабақ барысында қандай жаңа технологияларды қолданады? ХХІ ғасыр мұғалімі өз имиджін қалай қалыптастырады? Бұл сұрақтарға жас педагог Назым Сапарова жауап берді.

- Ұшқыш қателігі жерге құлайды, дәрігер қателігі жер астына кетеді, ұстаз қателігі жер басып жүреді. Біз жердің бетіндеміз. Жол ұзақ, жүк ауыр. Ұстазға жүктелетін үлкен жауапкершіліктің кішкентай ғана ең ауыр жүгін қалай алып жүрсіз?

- Өзімді әлі «ұстазбын» деп есептемеймін. Өйткені менің мұғалімдік еңбек жолым енді ғана басталды. Сондықтан бірден өзімді «ұстаз» деп атауға ауызым бармайды. Бірақ сабақ берумен ғана шектелетін педагог емес, оқушылардың шамшырағын жағатын, арманына қанат бітіретін жанашыры болғым келеді. «Менің атым – Қожа» фильміндегі Рахманов ағай мен Майқанованың арасында болатын мынадай диалог бар. Рахманов ағай «Мен Сұлтанның шырағын жаға алмадым» деген кезде Майқанова «Сіз Қожаның шырағын жақтыңыз ба?» деп мысқылдайды. Меніңше, фильмнің осы эпизодында ұстаздықтың ұлы миссиясы айтылған. Әрине, оқушы жүрегінен ойып алар ұмытылмас ұстаз болу – әр мұғалімнің арманы. Бірақ оның жүгін арқалап өту – үлкен жауапкершілікті талап етеді. 

- ХХІ ғасыр мұғалімі өз имиджін қалай қалыптастырады?

- Мұғалім десек, көз алдымызға шашын түйіп алып, үлкен көзілдірік тағып, тықылдаған топылайынан оқушылар қорқатын образ көз алдымызға келеді. Оған қоса, мұғалім – робот. Сыныбынан шықпай, тек қағаздарымен айналысады. Оның қызығушылықтары, мектептен тыс өмірі бар екенін ескере бермейміз. Бірақ бұл бейнені бұзуға болады. Әлемді өзгерту үшін алдымен өзімізден бастау керек. Меніңше, ХХІ ғасыр мұғалімі алдымен мамандығын саналы түрде таңдауы керек. Тек университет тарапынан берілетін базалық біліммен ғана емес, біліктілікті үздіксіз арттырып отыруды ұмытпағаны жөн. Ең бастысы балаларды жақсы көру. Бала жүрегі деген таза ғой. Бәрін сезеді, бәрін біледі. Сондықтан оқушылармен бір толқында болған дұрыс. Өйткені дәстүрлі жүйедегі сабақ беру немесе балаларды ұрыспен бағындыру мүлдем мүмкін емес. Сабаққа кіргенімде оқушыларыма «Бері жақында да, ыңғайлан» десем, бір оқушым «Назым мұғалім, ninety one тыңдайсыз ба?» деп таңғалды. Оқушылармен бір толқында болу үшін мен де олардың қызығушылықтарымен санасуға тырысам. Сабақтарымды да солай икемдеп жоспарлаймын. Z ұрпақ деген ең креатив, өте ақылды екеніне көзім жетіп келеді.

- Ұлы педагог К.Ушинскийдің сөзінше: «Мұғалім үздіксіз ізденіп, жетіліп отырғанда ғана  мұғалім, ізденуі тоқтағанда мұғалімдігі де жойылады». Өзіңіз үлгі тұтар, көш бастап жүрген мұғалімдер арасында тұлғаға айнала алған жандар бар ма?

- Менің нағашы атам қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, ал анам орыс сыныптарына қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Мен де анамның ізін басып балаларды қазақ тілі мен әдебиетіне қызықтырып жүрмін. Менің өмірімде маман болу мен ана болу миссиясын орындап жүрген ең үздік адам анам. Кез келген сәтте қолдайтын, көмектесетін, менің кішкентай жетістіктеріме қуанатын анам. Тек мектепте сабақ берумен шектелмей, өмір бойы сабақ беріп келеді. Ал ҚазҰУ-дың табалдырығын аттаған сәттен бастап Алма Қыраубаева есімді оқытушының есімін естіп жүрдім. Шәкірттері Алма апайды ауызынан суы құрып мақтайды. Мен де Алма апайдың ұстаздық ұлағатына қызыға бастадым. Содан филология факультеті мақтайтын Алма Қыраубаеваның «Жаным садаға» кітабын іздеп, былтыр 4-курсымның соңғы оқу семестірінде қолыма түсті. Меніңше, ең керек уақытта «Жаным садағаны» оқыдым. Мұғалімдік миссиямның қаншалықты маңызды екенін осы кітап ұғындырды. Күнде Алма апайдың кітабын парақтап қайталап оқимын. Филфакта Алма апайдай оқытушылар өте көп. Мен оларды көрмесем де, шәкірттерінен дәріс тыңдадым. Соған қуанамын әрі олардай болуға ұмтыламын. 

- Смартфонға байланған дәуірде балалардың сабақ оқымауы ата-анасы мен ұстазын алаңдатары сөзсіз. Әсіресе жас жеткіншектердің смартфонға тәуелділігі оның ой санасымен қоса денсаулығына да зиянын тигізеді. Бұл жағынан өзіңізге үстемдік берер қандай шараларды қолданып жатырсыз?

- Мектепте «мұғалім» болған күннен бастап оқушылардың қолынан кітап емес, смартфон түспейтінін байқадым. Телефоннан пайдалы дүние көрсе жақсы ғой. Керісінше, миға қисынсыз ойындар ойнап жүреді. Содан үзілісте оқушыларды сапқа тұрғызып кітапханаға алып барып, кітап оқытамын. Демалыс күніне оқуға шығармалар беремін. Содан «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында оқушыларға кітап оқытқызуды қолға алдым. Бастауыш, орта және жоғары буынға шығармалар таңдап, оны оқытқыздым. Оқушылар оқыған шығармасын тест, эссе және комикс түрінде тапсырды. Сайын Мұратбековтың «Жусан иісі» повесі бойынша оқушыларымның комикс жұмыстарын көргенде өзім де қатты қуанып кеттім. Осылайша, олар құр мазмұндаудан гөрі шығармашылық жұмыспен айналысты. Комикс бойынша жұмыстарға орын емес, номинациялар ұсынып, демеуші арқылы кітаптарды сатып алып марапаттадым. Келесі кітап «Жабайы алма», бұған сахналық қойылым дайындайды.

Назым Сапарова

Назым Сапарова

- «Қазақ әдебиетін комикс арқылы оқыту» идеясы қалай пайда болды? Оның тиімділігі қандай?

- Идея бұрыннан болды. Мен комикстерді жақсы көремін. Өкінішке орай, қазақ тіліндегі комикстер өте аз. Сондықтан қазақ әдебиетіндегі көркем туындыларды насихаттайтын қазақ тіліндегі комикстердің болғанын қаладым. Сол арқылы оқушыларымның кітап оқуға деген құштарлығын арттырғым келді. Меніңше, әр сабақ – бір шығармашылық үрдіс. Кітапты тек мазмұндаумен, оқумен шектелмей, шығармашылық қырын, дағдыларын дамыту арқылы қазақ әдебиетіне деген қызығушылығын оятуға тырыстым. Ол тапсырма балаларға өте қызықты болады. «Келесі комиксті қашан жасаймыз?» деп асыға күтіп жүр. Бұл әдістің тиімділігі – баланың ойлауын, шығармашылық дағдысын, сурет салу қабілетін, қабылдауын, сондай-ақ кітаптағы кейіпкерді елестету арқылы оның қиялы дамиды.

- Назым Сапарова үшін «идеал мұғалімнің» бейнесін үш сөзбен сипаттап берсеңіз!

- «Идеал мұғалім»: мейірімді, білімді, шығармашыл...

- Сұхбатыңызға рақмет!