Әлем
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Ресей бұған дейін Қырғызстанның, Украинаның, Абхазияның ел басшылығынан қуылған тұлғаларына пана берді. Енді РФ басшысына тақтан тайған жағдайда басқа елдерге бас сауғалауға тура келуі мүмкін. Бұл туралы Politico медиа ұйымына сілтеме жасай отыра, inbusiness.kz сайты мәлімдеді.
Америкалық саяси журналистикаға арналған Politico медиа ұйымы төңкеріс бола қалса, Кремль басшысы Путин қай жерден басына пана таба алатынын бағамдап, барлық нұсқасын жинады. Арасында күлкілі және фантастикалық үлгілері де бар. «Мәскеудің соғыс машинасында ақаулар жиілеп, шашыла бастады. Ендеше президент Путин жандәрмен зыту стратегиясын да қарастыруға мәжбүр болса керек. Ал оны қай жерде құшақ жая қарсы алуы мүмкін» деп сауал тастады медиа ұйым. Сарапшылардың жауабы мынадай:
Гаага
Гаагадағы Халықаралық қылмыстық соттың (ХҚС) бұрынғы судьясы Кристин Ван ден Вингерт Украинада оккупанттар жасаған айуани деректерін зерттеумен айналысып жатыр. Ол - ХҚС-тің қазіргі прокуроры Кәрім Ханның арнайы кеңесшісі. Оның байламынша, Украинадағы әскери қылмысқа айыптылар үстінен халықаралық сот ашу ұзаққа созылуы мүмкін. Бірақ ХҚС командасы қазірден айғақ болатын заттар іздеп тауып, зерделеп, сот процесінің басталу мерзімін жылдамдатуға күш салып жатыр. Сарапшының пікірінше, Ресей әскерінің бір ғана Бучада жасаған қаскөйлігі, сондай-ақ өзге қалаларда азаптап өлгендер мен қолы артында байланған күйде жерленгендердің әшкереленуі - РФ басшыларын өмір бойына қамауға жетуі де мүмкін. Ван ден Вингерттың байламынша, Путиннің қорғаушылары оған ХҚС жарғысына және соған қатысты халықаралық құжаттарға қол қоймаған. Тиісінше, экстрадицияламайтын елдердің біріне тығылуға кеңес беріп, көмектесуі мүмкін. Мұндай жағдайда оны Гаагаға жеткізген қиын болады.
Қытай
Путин Қытай елінің лидері Си Цзиньпинді «жақын досым» деп атады. Ал ҚХР төрағасы ресейлік әріптесін «ең жақсы және жақын досым» деп мақтағаны бар. Ол екеуі Си Цзиньпиннің 66 жасқа толған туған күнін бірге тойлап, балмұздақ думанына қатысқан.
Бұл ретте Си мырза биыл ҚХР-дың тізгінін тағы да ұстады, яғни биліктен әзір кетейін деп тұрған жоқ. Ол тіпті елін өмір-бақи басқаруы мүмкін. Күні кеше Балидегі G20 жиынында АҚШ президенті Джо Байденмен кездескен Си Ресей басшысын айыптаудан бас тартты. Тек Кремльдің Украинада ядролық қаруды қолдануына қарсы екенін жеткізді. Америкалық алпауыт та қос автократтың арасына қара мысық жүгірте алмады.
Олай болса, Путин сол бойы ядролық шоқпарын сілтемей, қашып кетсе, шығыс алпауыт оған қорған болудан кетәрі еместей.
Дегенмен америкалық сарапшы Тристан Фидлердің байламынша, Қытай-Ресей қарым-қатынастары көрші ретінде стратегиялық сипатқа ие, жеке достықтан алшақ. Егер Мәскеудің жаңа қожайыны қашқынды кері қайтаруды талап етсе, Бейжің оны істеуі де мүмкін. Сонымен бірге ҚХР басшысы әскери қылмыскерді жасырып, Батыспен, бірінші кезекте АҚШ-пен сауда-саттығына селкеу түсіргісі келмеуі мүмкін.
Сондықтан Қытай нұсқасында америкалық сарапшылар достық көрсеткіші бойынша 2 балл (ең жоғарғысы - 5 балл), өмір сапасы көрсеткішінде 4 балл, ал экстрадициялау мүмкіндігіне 2 балл берді.
Сирия
Мәскеу Сирия президенті Башар аль-Асадтың билігін күйреуден құтқарып қалды. 2015 жылдан бері елді тек лаңкестерден ғана босатып қоймай, азат өмір сүргісі келген түркітілдес халықтардың қарсылығын да аяусыз басып-жаншыды. Ендеше Асад пен Путин - айырылмас дос.
Интернетте егер Ресей Украинадағы соғыста жеңілсе, Путин мен жанындағылардың қоныс аударуына Сириядағы Алеппо қаласы табысталады екен деген қауесет тарады. Бұл қалада ресейлік заңды, заңсыз фирмалар көп деседі.
Бірақ Сирияға жету үшін Путин мінген ұшаққа Түркияның, яғни НАТО мүшесінің аспанын кесіп өтуге рұқсат алуға тура келеді. Ал Америка түріктерге ықпал ете алатынын ескерсек, бұл бағыт қорғансыз, қауіптілеу саналады. Оның үстіне Мәскеу Сириядағы РФ әскерінің және вагнерлік содырлардың біраз бөлігін қару-жарақ, әскери техникаларымен бірге Украинаға алып кетті. Салдарынан, әуе қорғанысынан қорғайтын кешендер жетіспей, сириялық әскери базаларға Израиль биыл қаншама рет шабуылдады. Қоймалар мен қару, дрон жасайтын кәсіпорындарды талқандады. Егер бұлай жалғаса берсе, Украинадағы соғыстың біткенімен қатар, Сирия билігі де құлауы ғажап емес екен.
Германияның халықаралық құқық эксперті Герд Ханкельдің тұжырымдауынша, тұрақтылығынан айырылған бұл ел Путиннің өмір бойғы қауіпсіз тірлігін қамтамасыз ете алмайды. Оның пікірінше, «Сирия қаржылық элитаны қызықтырмайтын, кедейленген, халықтардың үлкен түрмесіне ұқсайды». Ресейлік элита Путинге ілесіп, Сирияға қоныс аударуға көнбеуі де мүмкін.
Қорыта айтқанда, Сирия билігінің Путинге достық көрсеткіші 5 балл болғанымен, өмір сапасы бір ұпайдан аспапты.
Иран
Иран - аталмыш соғыста қару жеткізіп, Ресейді демеп отырған бірден-бір ел (бұдан бөлек, Беларусь, КХДР бар). Кезінде ядролық мәміле арқасында Иран Батыспен жақсы қарым-қатынас орнатқан. Ал бүгінде ол қатынас құрдымға кетті. Тегеранның жоғалтатыны жоқ, Батысты кіжіндіру үшін Путинге қорған бола алады. Батыс енгізген ауыр санкциялар Мәскеу мен Тегеранды бір-біріне тығыз жақындата түсті.
Әрине, Иранда арақ ішуге тыйым салынған, бірақ америкалық саяси сарапшы Вильгельмина Преуссеннің пікірінше, Иран билігі Путинге бұл талапты қоймауы мүмкін.
Бірақ қауіп басқада: Иранда бұқаралық наразылық өршімесе, басылмай тұр. Наразылықты қолдаған қоғамдық лидерлер өлім жазасына кесіле бастады. Бұл халықты одан ары ашындырып отыр. Демек, ол режимнің де тағдыры бұлыңғыр. Алдағы жылдары қара жамылған Иранның бет-бейнесі қалай өзгеретіні белгісіз. Кремль қожайыны XIX ғасырдағы орыс дипломаты және ақын Александр Грибоедовтың кебін құшқысы келмесе керек: оны Тегеранда кәуап сатушы атып тастап, басын кесіп тастағаны белгілі.
Иран нұсқасында достық көрсеткіші – 4-ке, өмір сапасы – 2-ге тең.
Солтүстік Корея
Ресейдің қазіргі бейнесі осы елге ұқсай бастады. Солтүстік Кореяның лидерінің де ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс. Оған қарсы ешкім ештеңе дей алмайды, аяғына жығылады. Жыла десе, зар еңірейді, мақта десе, аяғын жерге тигізбейді. Бұл кремльдегілердің арманы болса керек.
АҚШ таяуда Солтүстік Кореяның Ресейге қару жеткізе бастағанын хабарлады: бұл елге ол қаруды кезінде Кеңес одағы тапсырған. Кәрістердің көшбасшысы жас: билікті өз қолында берік ұстап отыр, елде оны тақтан тайдыратын күш жоқ. Сондықтан осы елді паналаса, 70 жасар В.Путин ғұмырының соңына дейін тыныш тіршілік ете алмақ. Солтүстіккореялық тұрғындар аштық пен қайыршылық қыспағында қалғанымен, оның басшыларының ішкені алдында, ішпегені артында. Бүгінде Ким әулетінің бай өмір салты, итбалықтарға, өзге аңдарға саятшылық құрғаны, әлемдегі ең мықты қорғалған суперяхталармен серуендегені аңызға айналды. Қадірменді қонақ ретінде РФ лидерін де осындай рахат өмір күтуі мүмкін.
Америкалық сарапшылар Владимир Владимирович Пхеньянның пропагандалық киноларының басты әртісіне айнала алатынын алға тартады. Әлемнен оқшауланған бұл елде ақ нәсілділер экзотика саналады. Тиісті үлгі-тәжірибе де бар: америкалық солдат Джеймс Джозеф Дреснок дезертир ретінде 1962 жылы Солтүстік Кореяға қашып, сонда қаптаған пропагандалық фильмдерге түсті, басты кейіпкерге айналды. Сол сияқты Путин Батыс әлемімен соғысын кәріс киноәлемінде жалғастыра алуы мүмкін. Мысалы, Politico ұсынуынша, оған жасанды мұрт тағып, Сталин бейнесін сомдауына болады.
Бірақ бұл мемлекетте барлық ережені бір кісі – Ким Чен Ын белгілейді. Тұтас елді бір қамшымен жатқызып, өргізетін де сол. Ким құзырлы құрылымдар арқылы өз халқының киім киісін, шаш қойысын, сөз саптауын, тіпті тамақ ішуін (күніне 2 рет қана ас ішуге рұқсат) қатаң бақылайды. Сарапшылардың тұжырымдауынша, ол өз қатаң ережесін ақ нәсілдінің бұзуына жол бермейді. Сол себепті Путинге оның айтқанымен жүруге тура келмек. Ал бұл - түрмеге түсумен тең, одан еуропалық Гаагадағы жайлы қамақта жатқан жеңіл болса керек.
Біріккен Араб Әмірліктері
БАӘ, әсіресе, Дубай санкциядан қашқан көптеген ресейлік олигархқа пана болды. Онда бірқатар шетелдік лидер де бас сауғалаған. Мысалы былтыр тәліптерден табанын жалтыратқан Ауғанстанның экс-президенті Ашраф Гани сондағы бесжұлдызды қонақүйде тұрған екен. Жемқорлыққа қатысты деп қудаланған Испанияның бұрынғы королі Хуан Карлос та осы елде 2 жыл патшадай өмір сүрді.
Кремльдің қазіргі қожайыны бас қатырмай, ресейлік ауқаттылар салған соқпақпен салып ұра жөнеле алады.
Әйтсе де, сарапшы Г.Ханкельдің түсіндіруінше, БАӘ Путиннің қауіпсіздігін толыққанды қамтамасыз ету үшін қуатты қорған қызметін атқара алмайды. Бұл елге батыс арнайы қызметтері еркін кіре береді. Әмірліктер де Батыстың инвестицияларына зәру. Онымен қақтығысқаннан, сыйласқанды жөн көреді.
Ангела Меркель үйінің бір бос бөлмесі
Германияның экс-Канцлері Берлин-Миттедегі кең сарайдай боз үйінде (яғни қарапайым) тұрып жатыр. Ол Путинді үнемі «друг Володиа» деп ерекше мейіріммен атайтын.
Жалпы Шығыс Германия Ресейдегі патша билігінен, кейін большевиктерден қашқан қаншама орыстың биік лауазымды тұлғаларына, соның ішінде патшаның отбасы мүшелеріне, кеңеске оппозиция өкілдеріне пана болды. Ленин де Германиядан қолдау тауып, кері оралған соң, революция жасағаны мәлім. Путиннен қашқан оппозиционерлер де Германияға тығылды. Берлин орыс диаспорасы үшін біраз ғасырдан бері жайлы мекенге айналды. Америкалық сарапшылардың ұсынуынша, егер Путин Ангела Меркельге қоңырау шалып, көмек сұраса, ол оның меселін қайтара қоймас. Екеуі еш тілмәшсыз неміс тілінде шүйіркелесіп, ұзақ кештерді таңға ұластыра алар еді.
Өкінішке қарай, Германия НАТО мүшесі және таяуда Украинадағы ресейлік әскерилердің адамзатқа қарсы ауыр қылмыстарына тергеуін бастады. Берлин әмбебап юрисдикция тетігін пайдаланып, РФ әскери қылмыскерлерін германиялық заң аясында соттауға ниетті. Оның үстіне алтын сарайларға жаман үйренген адам Меркельдің шағын ғана үйін місе тұтпауы да мүмкін.
Масктың Марстағы колониясы
Кейінгі кезде Илон Маск Кремль пропагандасының сойылын соғып, шашбауын көтере бастады. Ол бірнеше миллиондық фолловерлеріне Украинаның ешқашан жеңбейтіні жайлы айтты. Керісінше, оны күштеп, Мәскеумен бітімге келуге иліктіру керегі туралы сөз таратты. РФ экс-президенті Д.Медведев осы еңбегі үшін оған «кезектен тыс әскери шен беруге» уәде етті.
АҚШ сарапшыларының байламынша, SpaceX негізін қалаушы Маск Марс планетасында құрғалы жатқан колониясына тұңғыш адам ретінде Путинді аттандыра алар еді. Марсқа Гаагадағы Халықаралық қылмыстық соттың құзыры жүрмейді.
Бірақ бұл нұсқаның олқылығы бар: Марстағы пана дайын емес. Оның үстіне Маск ештеңені де тегін бермейді, әрі SpaceX зымырандарының қызметі қымбат. Мысалы Илон Маск таяуда 20 миллион доллар қарыз болып қалды деп, Украинадағы 1,5 мыңнан аса Старлинк құрылғыларын өшіріп тастап, ЗСУ-ды интернетсіз қалдырды. Соған тәуелді дрондар лағып кеткен. Сондықтан егер РФ басшысы Марстан пана сатып алғысы келсе, қомақты «тірі» қаражатты өзімен бірге ала кеткені ләзім. Себебі Ресей басшылығының шетелдік есепшоттары бұғаттаулы тұр. Ал тек Халықаралық ғарыш станциясына жедел жету үшін Маск 55 миллион доллар алуы мүмкін.
Әрине, америкалық медиа ұйымның сараптамасынан әжуаның лебі еседі. Бірақ соғыс деген әзіл емес. Егер Ресей Украинадағы қанды қырғынын дереу тоқтатып, барлық әскерін оның аумағынан шығарып әкетсе, бітімге бас иген басшы ретінде Владимир Путинді Батыс елдері де жақтай бастауы бек мүмкін.