Технология
Сидзуоки университетінің ғалымдары жер мен ғарышты байланыстыратын лифті жасамақшы. Құрылғы тіпті дайын да. Ендi жақын күндері тәжiрибеге жiберiлмек. Бұл пайдалы жүктердi көкке жiбере отырып, үлкен жаңалық ашатын мүмкiндiк болмақшы. Аталмыш тәжірибе ғарышта алғаш рет қолданылғалы отыр. Іске кiрiспестен бұрын ғалымдарға бірқатар инженерлік сауалдар мен ғылыми сұрақтарға жауап табу керек.
Оның шеңберінде Н-2В зымыран-тасығышының көмегімен көкке көтерілетін ультракомпакт кубсат жерсерігі (өлшемі 10х10 см) қолданылмақ. Олар бір-бірімен 10 метр болатын болат темір арқылы біріктіріледі. Сондай-ақ, лифтінің рөлін атқаратын бұрандамаға отырғызылады. Осылайша, жапондықтар «ғарыштық лифт» теориясын шындыққа айналдырмак.
Оны жерсеріктерге орнатылған камера арқылы бақылап отыруға болады. Алайда, мамандардың айтуынша, жапондықтар бұл салада үлкен сәттілікке жетсе де, жобаны толығымен аяқталды деп айтуға әлі ерте.
Бұл идея жайлы алғаш рет XIX ғасырда ресейлік ғалым Константин Циолковский айтып кеткен. Жүз жылдан соң аталмыш тақырыпты британдық жазушы Артур Кларк көтерді. Кейінгі оқулықтарда құрылғының сағатына 200 км жылдамдықпен адамдар мен жүктерді таситындығы айтылған. Лифтінін кабелінің ұзындығы 96 000 км болмақ. Ал оның іске асуы үшін ел қазынасынан 10 триллион йен керек. Ғалымдардың болжауынша, 1 кг жүкті көкке көтеру бiрнеше ондаған мын иен тұруы мүмкін.
Зерттеу тобының мүшесі Йоджи Исикава: «Ғарыштық Лифт теориясын шындыққа айналдыру әбден мүмкін. Осындай қондырғының арқасында талай адамдардың ғарышқа саяхатын ұйымдастыруға болады».
Эксперттердің сөзінше, ең қиыны лифті қозғалатын кабельдің құрылысы. Ол ғарыштық сәулеленуден қорғануы тиіс. Осы мақсатта көміртекті нанотрубкалар колданылмақ. Сондай-ақ, Жердегі электр энергиясын жерге тасымалдау жағын да ойлау керек. Сонымен қатар, ғарыштық қоқыстар мен микрометеориттермен соқтығыспаудың да бір амалын табу ғалымдарды ойландырып отыр.