Әлем

Түркия мен Сирия арасындағы «бітпейтін жанжал» қалай пайда болды?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Соңғы кезде әлемде түрлі жағдайлар болып жатыр. Мемлекетаралық жанжалдар мен қарулы қақтығыстар бейбіт халықтың берекетін алуда. Сондай айтулы оқиғаның бірі Түркия мен Сирия арасындағы түйіні шешілмеген дау. Бауырлас болмаса да діні мен ұстанымы ұқсас қос тараптың біріне бірі қарсы оқ жаудыруының сыры неде, мәселе қашан және қалай басталды? Bugin.kz журналисі осы төңіректе аз-кем зерттеп көрді.

Фото: smi24.kz/

Фото: smi24.kz/

Алғашқы қақтығыс

Түркия-Сирия арасындағы қақтығыс 2012 жылдың 3 қазанында басталды. Түркия тарапы шекарадағы оқиғаға жауап ретінде Сирия аумағына оқ жаудырды, артиллериялық снарядтардың құлауынан бес адам қаза тапты. Ал әлемдік қауымдастық бұл оқиғаны айыптап, қақтығысты ушықтырмауға шақырды.

 

Барлық қақтығыс кезінде Сирия билігі Түркия, АҚШ, Катар, Сауд Арабиясы және басқа елдердің үкіметін лаңкестік топтарға (соның ішінде сириялық көтерілісшілерге) қаржылық және әскери қолдау көрсетті деп айыптап, Сирияның ішкі істеріне араласпауды талап етті.

Фото: eleconomista.es

Фото: eleconomista.es

Сриядағы азаматтық соғыс

Ал Сирия ішінде азаматтық соғыс 2011 жылдың 15-ші наурызында басталды. Алғашындай жай наразылықпен басталған шеру сол кездегі президент Башар Асадқа қарсылыққа ұласты. Сыртқы күштердің салдарынан, түрлі арандатушылардың әсерінен ел ішіндегі түйткілді шешу қиынға түскен еді. Бұл бөлек әңгіме. Десе де, ұзаққа созылған қарулы қақтығыс біраз адамның өмірін қиды. 2012 жылы 14 маусымында Сирия армиясының 73 офицері Түркиямен шекаралас Рейханли қаласына келді. Олардың арасында үкімет армиясынан қашқан 7 генерал мен 20 аға офицер болған еді. Олар отбасы мүшелерімен (барлығы 202 адам) Түркияға кіріп, саяси баспана сұраған.

Фото: vpk.name

Фото: vpk.name

Сирия түрік ұшағын атып  түсірді

2012 жылы 22 маусымда Сирия Әуе күштері өзінің аумақтық суларында түріктің F-4 жойғыш ұшағын атып түсірді.

«22 маусымда таңғы сағат 11:40-та белгісіз әуе нысанасы батыстан өте төмен биіктікте және аумақтық суларымыздың үстінде жоғары жылдамдықпен қозғалып, Сирияның әуе кеңістігін бұзды. Сондықтан Сирияның әуе қорғанысы оған зениттік қондырғылардың көмегімен шабуыл жасап, оны жағалаудан бір шақырым жерде атып түсірді. Нәтижесінде нысан Сирияның аумақтық суларына құлады», - деді Сирия қарулы күштерінің өкілі.

 

Сол кездегі Түркия премьер-министрі Режеп Тайып Ердоған министрлер мен қарулы күштердің басшылығымен шұғыл жиыналыс өткізді. Түркия мен Сирия бұрын одақтас болғанымен, араларындағы қарым-қатынас айтарлықтай нашарлады. Түркия сириялық оппозицияны қолдады. Сириядан босқындар ағыны өтетін түрік-сирия шекарасында екі елдің әскерилері арасында бірнеше мәрте қақтығыс болды. Кейін Түрік президенті Абдулла Гүл басқа елдің аумақтық суларына жойғыш ұшақ ұшса, бұл қалыпты құбылыс екенін айтты. Ол да шара қолдануға уәде берді, бірақ нақты қандай әрекет жасайтынын ашып айтпады.

Фото: bigasia.ru

Фото: bigasia.ru

«Сирия Ресейден әскери техника алды»

2012 жылдың 10 қазанында түрік әуе күштері Сирия әуе компаниясының жолаушылар ұшағын Анкара әуежайына қонуға мәжбүр етті. Келесі күні Түркия үкіметі ұшақтың Сирияға Ресейден жеткізілген әскери техниканы тасымалдағанын хабарлады. Сирия Сыртқы істер министрлігі бұл айыптауларды жалған деп атап, тыйым салынған өнімді, егер бар болса, көрсетуді талап етті. Сириялық дипломаттардың айтуынша, ұшақта тасымалданатын барлық жүктер олардың заңды сипатын растайтын құжаттамамен қамтамасыз етілген. Сирия билігі де Түркия үкіметін дұшпандық саясатын жалғастырып жатыр деп айыптады.

 

Наразылықтан туындаған екеуара қырқыс жыл сайын жалғасын тапты. Сыныққа сылтау іздеу жанжал іздеген тараптың басты ұстанымы екені айтпаса да түсінікті.

 

2016 жылдың 31 наурызында Сирия президенті Башар Асад Sputnik агенттігіне берген сұхбатында түрік әскерінің Сирияға кіргенінен хабардар екенін мәлімдеді. Сондай-ақ ол үкімет армиясының агрессияға жауап беруге дайын екенін айтты.

 

Ал 2019 жылдың 9 қазанында Ердоған Түркияның Сириядағы «Бейбітшілік көзі» әскери операциясының басталғанын жариялады.

 

Жуырда Түркия Сирияның солтүстігі мен Ирактың солтүстігінде Күрдістан жұмысшы партиясының (PKK) сириялық қанатына қарсы әуе операциясын бастаған. Бұл ақпаратты Түркияның қорғаныс министрлігіне сілтеме жасаған Anadolu агенттігі таратты. Бірақ бұл жауапсыз қалмады. Ізін суытпай Түркияда тыйым салынған Күрдістан жұмысшы партиясының содырлары Газиантеп провинциясының шекаралас Қарқамыс аймағын атқылады. Содырлар 4 зымыран тастаған. Олардың біреуі мектепке түскен болатын. Жараланғандар да жоқ емес-ті.