БІЛІМ
Құрметті, қазақша контент жанашыры! Жүсіпбек Аймауытовтың есімін естігенде, ойыңызға бірінші не келеді? Қазақ жазба әдебиетінде төлтума шығармаларымен танымал Жүсіпбек Аймауытовқа қатысты біз білмейтін қандай тың дерек бар? Алашорда өкілі психологияны зерттеуге қалай келген? Қазіргі коучтар оқытып жүрген ақпаратты Жүсіпбек 100 жыл бұрын қай қырынан берді? Қайраткердің мәлім де беймәлім тұстары осы шығарылымда! Ендеше Bugin Media& Entertainment-пен қазақша контентті бірге дамытайық!
Біз бұған дейінгі Алашорда қайраткерлерінің ғылымға қосқан үлесі жайлы жариялаған алғашқы сериямызда ХХ ғасырдың 20 жылдары «Ахмет Байтұрсынұлының дәуірі» орнағанын айтқанбыз. Яғни, Ахмет Байтұрсынұлы Өлкелік Халық Комиссариаты жанындағы Академиялық Орталықтың төрағасы қызметінде жүрген шағында сол дәуірдің оқымысты зиялыларымен ақылдасып, әр салада ғылыми еңбек жазуды қолға алған еді.
Солардың ішінде жазушы Жүсіпбек Аймауытовке психология ғылымы бұйырды. Біреу білер, біреу білмес, Жүсіпбек Аймауытов – қазақ топырағында тұңғыш болып ұлттық психология ғылымының негізін қалаған, төлтума еңбек жазған адам болды. Ол 1926 жылы «Психология» атты 400 беттен тұратын көлемді еңбек жазып баспадан шығарады. Бұл еңбек – қазақ даласында еуропалық жантану ілімінің сілемін әкелген тұңғыш еңбек болып саналады. Бір жағынан ғылыми еңбек, екінші жағынан оқу құралы ретінде қолданылды.
Еңбек негізінен екі кітаптан тұрады: біріншісі – Ташкентте басылған «Психология» кітабы болса, екіншісі – Қызылордада жарық көрген «Жан жүйесі және өнер таңдау» деген 80 беттік кітапша.
Әрине, қазақ жерінде Жүсіпбек Аймауытовқа дейін де психология ғылымымен айналысқан зиялылар болған. Мәселен, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Ғұмар Қараш, Шәкәрім Құдайбердіұлы бұл салада біршама еңбек қалдыра алды. Тіпті, Шәкәрім атамыз психологияны қазақшалап, «Жан сыры» деп атап, оған ерекше мән берген. Ал Жүсіпбек Аймауытов болса, психологияға «Жан жүйесі» деп атау беріп, заманауи психологиялық ілімдерді зерделеген ғылыми еңбек жазды. Дәл осы ғылым кейін «жантану ілімі» деген атауға ие болып, бүгінгі күнге жетті. Тура мағынасында айтқанда психология – адамның ішкі жан дүниесін зерттейтін ғылым.
Ғалымдардың айтуынша, Жүсіпбек Аймауытов «Психология» атты кітапты ешқайдан көшіріп не аударып жазбаған екен. Яғни, жылдар бойы психология ілімін зерттеп зерделеп барып, қазақы дүниетаныммен еуропалық ілімді сіңіріп, жаңаша бет-бейнемен халқына ұсынған. Бұл жағынан Жүсіпбек Аймауытовты зерттеуші ғалым деп тануға болады.
Зерттеуші «Психология нені сөйлейді?» дейтін бірінші тарауында бұл ғылымның екі жарым мың жылдық тарихына тоқталып, біраз мағлұмат береді. Адамның жан дүниесін, мінез-құлқын зерттеуді қалайша ұйымдастыруға болатынын тәптіштеп түсіндіреді. Адам психологиясын зерттеуде матиматиканы, оның варияциялық статистика дейтін саласын қолдануды да түсіндіріп жазып кеткен. Қазіргі психолог ғалымдарының таңқалатыны да – осы.
«Психология» оқу құралында бір қызығы – автордың сурет, кесте, сызба, спимограф, кимограф, камертон, эстезнометр сынды қолданбалы аспаптардың суретін беруге, адамның анатомиялық бөліктерінің де суретін салып беруге көп мән берілген. ХХ ғасыр басындағы кітап басу ісі үшін бұл үлкен жаңалық.
Егер Ахмет Байтұрсынұлы лингвистика, әдебиеттанудағы қазіргі қолданып жүрген терминдердің негізін салып кетсе, Жүсіпбек Аймауытов бүгінгі ғылыми психологияда қолданылып жүрген терминдерінің алғашқы жүйесін жасап кеткен екен. Жан, рух, парасат, мінез-құлық, әдет, рефлекс, жад, еліктеу, жүйке жүйесі, дене құбылысы, соқыр сезім, тегіне тарту, сезім, зерделі қылық, теріс қылық, ынта, мүдде, түйсік, қиял сынды сөздерді термин деңгейіне көтеріп, мағына сыйдырған.
Жоғарыда айтқанымыздай, Жүсіпбек Аймауытов бұл еңбекті ХХ ғасырдың 20 жылдарының ортасында жазған. Бұл кезде психология ғылымы түркітілдес халықтарының бірде-бірінде болмаған. 1940 жылдарға дейін өзбек, әзірбайжан, түркімен, қырғыз және башқұрт тілдеріндің бірде-бірінде ұлттық психологиялық еңбектер жарық көрмеген.
Жүсіпбек Аймауытов 1931 жылы репрессия ұшырағандықтан, «Психология» еңбегі көпке дейін белгісіз боп қалды. Осы жерде айта кетерлігі, Жүсіпбек Аймауытов – ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының ішінде ең бірінші боп атылған тұлға. Осының кесірінен зерттеушінің қомақты еңбегі көлеңкеде қалып кетті. Орыс ғалымдары кейінгі жылдарға дейін қазақ тілінде осындай көлемді, ғылыми жағынан негізделген, күрделі психология ғылымын жаңа деңгейге жеткізген еңбектің барына бір жағынан күмән келтіріп келген, екінші жағынан таңқалған көрінеді.
Бұл жайлы педагогика ғылымдарының және психология ғылымдарының докторы, профессор Құбығұл Жарықбаев былай дейді:
«1989 жылы Мәскеуде психологтардың Бүкілодақтық соңғы VII съезі болды. «Қазақстандағы психология ғылымының жағдайы туралы» баяндама жасадым. Сонда Ж.Аймауытовтың психологиядан бірнеше кітап жазғанын айтқанымда, ғалымдар таңданумен болды. Мен оларға әл-Фарабидің, Ж.Аймауытов пен М.Жұмабаевтың психологиялық көзқарастарын айтқанымда құрылтайға қатысқан ғалымдар тіпті сене қоймай, «Апыр-ай, сендерде психология секілді күрделі ғылым осындай деңгейге жетті ме?» деп күдіктенгендер де аз болмады» деп жазады ғалым естелігінде.
Сондықтан Жүсіпбек Аймауытовтың психологиялық еңбектері оқырманға әлі толық жетпей жатыр. Мұнда автор ғылыми психологияда кең тараған анкета, байқау әдістері арқылы кеңес өкіметтің алғашқы жартысында қыр қазақтарының ұлты, әлеуметтік ерекшеліктерін ескере отырып, олардың мамандык таңдау жолындағы талпыныстарын тәжірибе арқылы анықтағысы келген. Зерттеудің басты мақсаты – Қазан төңкерісінен кейінгі жаңа заман жағдайында жастарға мамандықты дұрыс таңдай білуге жәрдемдесу. Кітап мысалдарынан сол кезде қазақ жастарын кеңсе, заң, сот, т.б. осы секілді әккімгерлік қызметтер сондай-ақ мұғалімдік, журналистік, сауда, медицина, т.б. мамандықтар ерекше қызықтырғанын аңғарамыз.
Мамандық таңдауда Жүсіпбек Аймауытовтың айтқаны мына бір ойына мән беріңізші. «Мамандық жай күнелтудің жолы ғана емес, үлкен өнерді шеберлік ететін таңдау. Жұрттың бәрі комиссар болса, осынша кызметтерді істеуші кім болмақ? Әлеумет тұрмысы оңдалу үшін онымен бірге әр адамның түрмысы түзелу үшін әр адам қолыңнан келерлік, пайда берерлік іс істеу керек. Әр адам қабілетінде, ыңғайына қарай өз орнында қызмет етпесе әлеуметке пайда орнына зиян келтіреді. Екінші, әр адам өз жолымен жүре алмай бөтен жолға түссе, оның бар таланты (озаттығы) жарыққа шыға алмай жерге көміледі. Ондай адам өмірге разы да болмайды» дейді кеңес береді. Дәл осы кеңесті қазір бәрі айтып жүр. Кез келген мотиватор мен инфобизнесменнің аузынан естуге болады. Ал соны Жүсіпбек атамыз өткен ғасырда-ақ жазып кеткен.
Жүсіпбек Аймауытовты психологияны игергені сонша – қазақ әдебиетіне, соның ішінде проза жанрына психологиялық иірімдер әкелген алғашқы жазушы болды. «Ақбілек» романында жазушы психологиялық постмодернизмді, психологиялық параллеизм мен психологиялық образдарды шебер пайдалана білді. Әдебиеттанушылар бұл романды қазақтың алғашқы психологиялық романы дейді. Шығарманың басты кейіпкері Ақбілектің ішкі психологиялық арпалысы, қайғы-мұңы мен үрей-қорқынышын психологиялық суреттеу арқылы тамаша жеткізе білді. Профессор, әдебиеттанушы ғалым Серік Қирабаев: «Жазушы Жүсіпбек Ақбілектің тағдыр жолын шығармаға айналдыра отырып, үлкен психологиялық образ дәрежесіне көтерді»,- деп түйінді пікір айтады.
Бір сөзбен айтқанда, Жүсіпбек Аймауытов – қазақ ғылымына өлшеусіз үлес қосқан қайраткер. Алғашқы жантану-психология ғылымдарының негізін қалап, ұлттық психологияны түркі халықтары мен тіпті славян халықтарынан бұрын қалыптастырып, үлкен ілім қалдырып кеткен жан. Ал енді ойлап көріңізші, егер Жүсіпбек Аймауытов 42 жасында репрессия ұшырап атылып кетпегенде, қазақ психология ғылымының қалай дамыр еді?..