Денсаулық
Біле жүріңіз!
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Адам ағзаларының қайқайсысының өзіндік атқаратын қызметі бар. Ешқайсысы бірбірін алмастыра алмайды. Дей тұрғанмен дана халқымыз «Ұйқы безі» деп ат қойған, өзі кішкене ғана болғанымен бүкіл ағзаның саулығына әсер ететін ішкі ағза туралы сөз қозғамақпыз.
Ұйқы безі (pancreas) қарынның астыңғы жағында орналасады.Ұйқы безінің салмағы –70-80г, ұзындығы – 20см, ол бас (caput) дене (corpus) және құйрық (cauda) бөліктерінен тұрады. Ұйқы безінің бас бөлігі ұлтабардың иініне кіріп тұрады. Оның орта тұсы І бел омыртқаға көлденең келіп, асқазанның арты қабырғасына жанасып жатады, ал құйрық бөлігі сол жақтағы бүйрекке жетеді.
Ұйқы безінің мөлшері
Нәрестенің ұйқы безі өте кішкентай ұзындығы 4-5см, салмағы 2-3г, ал 4-5 айда екі есе, 3 жаста – 20г, ал 10 жаста – 30 грамға жетеді. Ұйқы безінің дамуы балаларда 1 жастан 5-6 жасқа дейін жақсы дамиды. Мұның физикалық көрсеткіштері 11-13 жаста, ал қызметі 15-16 жаста ересектермен теңеседі.
Ұйқы безінің қызметі мен патологиясы
Ұйқы безі ішкі (эндокриндік) әрі сыртқы (экзокриндік) сөл бөлу қызметін атқарады. Сыртқы секрецияық қызметіне ас қорыту ферментін өндіру жатады. Ұйқы безінен пайда болған сөлдің (сілтілі реакция) асқорытуда маңызы өте зор. Сөлдің құрамындағы трипсиноген ферменті ішекте белсенді трипсинге айналады. Трипсин ферменті әсерінен белок қанға оңай сіңімді амин қышқылдарына айналады. Ұйқы безінің сөліндегі липаза ферменті майды глицерин мен май қышқылдарына, ал амилаза ферменті крахмалды дисахаридтерге, мальтаза ферменті дисахаридтерді моносахаридке, яғни глюкозаға айналдырады. Осы сөлдің құрамындағы лактоза ферменті сүттің қанты лактозаны моносахарид галактозаға ыдыратады.
Адамның ұйқы безі тәулігіне 2 литрге жуық сөл шығарады
Ерекше мән беретін тағы бір жайт ұйқы безі бөліп шығаратын – инсулин, глюкагон, липокаин гормондары. Әр гормонның жетіспеушілігі адамда түрлі қатерлі ауруларға апарады. Алғаш жануарлардың ұйқы безін алып тастап зерттеу жасағанда оларға диабет ауруының белгілері пайда болып, қан мен зәрдің құрамында қант мөлшері көбейген. 1920 жылы Канадалық дәрігерлер Бантинг пен Бест ұйқы безінің аралшық клеткаларының таза тұнбасын алып оны алғаш рет диабет ауруымен ауырған адамды емдеуге қолданған. Сол үшін екеуіне Нобель сыйлығы берілді. Тұнбаның белсенді негізгі ұйқы безінің гормонын инсулин деп атаған. Инсулин организмнен тыс жасанды жолмен алынған алғашқы белоктардың бірі екені баршаға аян.
Жоғарыда айтып өткендей бар-жоқ салмағы 70-80 граммды құрайтын без күніне 2 литр сөл бөліп, ағзада болатын барлық зат алмасу: қан, бауырды тазалау, ас қорыту сынды маңызды процесстерге белсенді қатысады. Осылайша ұйқы безінің қызметі мен маңызы зор екеніне көз жеткіземіз. Халқымыздың танымының мықтылығы ағзаларға ат қоюда да анық көрінгендігін мойындаймыз. Мысалы бүкіл Еуропа медицинасында маңызды ферменттерді бөлетін бұл безге «Pancreas» деген атау қойылған. Яғни, бұл сөзді тікелей аударсақ, «тасбақаның жотасындағы тасы, яғни, сауыты» деген мағынаны береді. Сол сияқты орыс халқын алайық, олардағы атау – «поджелудочная железа». Бағамдасақ, екі жағдайда да олар асқазанның астына қарай орналасқан безге көзге анық байқалған белгілеріне қарай, сыртқы пішініне, түріне қарап қана ат берген. Біздің халқымыздың сұңғыла танымы егер бұл без жұмысын тоқтатса, адам терең ұйқыға, медицина тілінде – комаға кететінін анық білген. Осы бір ауыз сөзбен-ақ бұл бездің ағзадағы маңызы қандай екенін бағамдап, бекітіп берген. Мұндай фактілерді іздене берсек, халықтық медицинада көп кездестіретініміз анық. Тапқанымызды тарқатып, танымымызды тек батыстың жетегіне бұрмай, өз даналықтарымыздан іздеп отыруымыз керек. Бұл діттеп барғанда, ұлт саулығына, ұлт боп сақталуға дейін апаратын үлкен мәселе. Мақаламыздың тақырыбындағы «Ұйқы безінің ұйқыға қатысы бар ма?» деген сұраққа оқырман жауап ала алды деген ойдамын. Яғни ұйқы безі атауындағы ұйқы біздің күнделікті ұйқымыздан да терең медициналық танымнан, білімнен қалыптасқан атау. Егер біздің Ұлы даламызда тарихы сан ғасырға кеткен озық емшілік, дәрігерлік дәстүр болмаса, мұндай атаулар да болмас еді. Сөзімізді ары қарай ұйқы безі бұзылыстарында пайда болатын аурулар туралы жалғастырамыз. Ұйқы безі ауруларының белгілі бір тәуліктік ырғағы болады: түске дейін ауырғандық онша мазаламайды, түстен кейін күшейе түсіп, кешке қарай ең күшті күйіне жетеді. Әртүрлі белгілер бойынша ұйқы безінің басты ауруы – панкреатиттің көптеген жіктемелері жасалды. Аурудың халықаралық жіктемесі төмендегідей:
• жіті панкреатит (АХЖ-10 коды К85);
• Алкогольді тұтынудан туындаған созылмалы панкреатит (АХЖ-10 коды К86.0);
• Басқа созылмалы панкреатиттер (АХЖ-10 коды К86.1).
Жіті панкреатитті көбінесе микробтар қоздырады, бірақ ауру кейде онсыз да басталады. Қабыну күші және аурудың барысы сол қоздырғыш тетігіне байланысты.Ұйқы безінің қабынуы әрқашан шыдатпай, қатты ауырып басталады. Ауыру іштің жоғарғы (ұйқы безінің тұсы) бөлігінде болады. Қатты ауырғандығы сонша, кейде адам дөңбекшіп, есінен де танады. Өңі қашып, қол-аяқтары көгере бастайды. Артериялық қан қысымы төмендейді. Тамыр соғуы нашарлайды. Ауырғаны басылмай, адамның жотасына таралады. Арқасын белбеудей орайды. Ұйқы безі қабынған адамның ұстамасы келгенде құса бастайды. Дене ыстығы қалыптан аспағанымен, адамның халі нашарлайды. Кейде жата да алмай, тек қисайып қана отырады. Ұйқы безінің қабынуына өт жолының қабынуы қосылса, адамның денесі сарғаюы мүмкін. Бірқатар аурулардың тыныс алуы бұзылады, кейбіреулердің ішектері қызметін дұрыс атқара алмайды, үлкен дәреті жүрмей қалады. Ауру ұстамасы ұйқы безі ісінгеннен пайда болса, онда оны дәрі-дәрмекпен емдеуге болады. Ауырған жерге мұз басқан пайдалы. Мұндайда емдәм сақтап, адамға ашығу да керек. Без ісінгенде немесе жараланып, ішіне қан құйылғанда оның кейбір жерлері жидіп өле бастағанда (некроз) ұйқы безі қабынып, қатты ауырады. Іріңді өлеттену басталса, сырқат отаға зәру деген сөз.
Жіті панкреатитте адам өліп кетуі мүмкін бе?
Өкінішке қарай, ұйқы безі қалыпты кезде тек адам ағзасына қажет ферменттер мен гормондар бөлсе, қызметі бұзылғанда адам ағзасын улайтын сөлдер мен қышқылдар бөледі. Осыдан ағза өзінен-өзі уланады. Ұйқы безі бөлген улы сөл қан арқылы бүкіл ағзаға тарайды да, аз ғана уақыттың ішінде таралған у басқа ағзаларға әсер ете бастайды. Жіті панкреатиттің асқынған түрінде жылдам ем шаралары жасалмаса, науқас бірден қайтыс болып кетеді.
Созылмалы панкреатит.
Жіті панкреатит көп жағдайда созылмалы панкреатитке ұласып жатады.
Аурудың басты белгілеріне тәбеттің төмендеуі мен жойылуы, ауа кекіру, ас қорытудың бұзылу белгілері, сілекей ағу, жүрек айну, құсу, метеоризм және панкреатогендік іш өту жатады. Құсу жеңілдік тудырмайды. Ең басты белгісі – іштің ауыруы. Аурудың бұл түрі диетада өзгерістер болғанда немесе психикалы эмоциональдық күйзелістерден кейін бой көрсетеді. Созылмалы панкреатиттің әр түрінің соңғы сатысында ұйқы безінің сыртқы және ішкі секреторлық жетіспеушілігі мен механикалық сарғыштықтың белгілері болады. Жүдеу, полифекалия, қызба, анемия байқалады.
Жаншып, күйдіріп, тесіп ауыру байқалады, ауырғандық науқас шалқасынан жатқанда күшейе түседі, алға еңкейіп отырғанда азаяды. Ауырғандық жиі тойып тамақ ішкеннен кейін, өткір, майлы тамақтан кейін, ішімдіктен кейін пайда болады, антисекреторлық препараттар, панкреатин (креон) қабылдағаннан кейін тоқтайды немесе азаяды.
Созылмалы ұйқы безінің асқынуларынан:
1. Ұйқы безінің абсцесі.
2. Ұйқы безінің кистасы.
3. Ұйқы безінің кальцификаттары.
4. Қант диабетінің дамуы.
5. Талақ венасының тромбозы.
6. Механикалық сарғыштық.
7. Холангит.
8. «Панкреатогендік» асцит.
9. Ішектің тұзақ аралық абсцессі сияқты қауіпті аурулар пайда болады.
Ұйқы безінен болатын кома
Панкреатит кезінде ересек адамдарда тіпті 3 жастан асқан сәбилерде кома орын алады. Науқастың қан айналымы, пульс, қан қысымы, жүрек соғуы баяу болса да сақталады бірақ ми қызметі ұйқы безінен бөлінген улы ферменттердің әсерінен бұзылғандықтан адам ояна алмай қалады. Комада жату ұзақтығы адамның ауру дәрежесіне, адамның биологиялық ерекшелігіне байланысты.
Кома – (грек. koma – терең ұйқы) орталық жүйке жүйесінің терең тежелуімен, естің тұрақты жоғалуымен, сыртқы тітіркендіргіштерге рефлекстің болмауымен және организмнің аса маңызды қызметтерінің реттелуі бұзылысымен сипатталатын жағдай.
Ұйқы безі обыры
Ұйқы безі басының обыры жиі кездеседі. Бастапқы белгілері – бел аймағының ауыруы мен жүдеу. Сарғыштық біртіндеп пайда болады, терінің қышуы бой көрсетеді. Несеп қара қоңыр түске боялады, нәжіс – түссіз күйге көшеді. Ұйқы безі басының жергілікті ұлғаюы, оның шеттерінің тегіс болмауы, айқын шегінің болмауы анықталады. Диаметрі 3 см аз емес ісікті байқалады.
Компьютерлік томография ұйқы безінің денесі мен құйрығының обырын жақсы табады, ұйқы безі басының обырын табу қиындау болып келеді. Ең жоғары сезімталды әдістер ЭРПХГ мен биопсия болып табылады. Бұл ауруға диагноз қойылып болған соң, адамдардың үш пайызы ғана бес жылдай өмір сүре алады екен. Оның себебі ісік тез арада жалпы өт өзегіне, ұлтабарға, қарынның антральды бөлігіне және денесіне, күрделі қан тамырларына шабады, бауырға, өкпеге, бүйрекке, сүйекке жайылады.
Жуырда Ұлыбритания және Испания ғалымдары аурудың алдын алатын арнайы тест құрылғысын ойлап тапқандарын жариялады. Құрылғы зәр арқылы аурудың енді пайда болған бірінші сатысынан бастап дер кезінде емделуге мүмкіндік береді. Яғни, өз уақытында ем қабылдап, аурудың алдын алуға көмектеседі. Негізінен бұл кесел көбіне ауру асқынып 3-4- сатысында ғана анықталады. Егер ауру 1-2- сатысында анықталса, науқастардың 60 пайызы айығып кетуге мүмкіндік болады екен. Ұйқы безінің қатерлі ісігі кейінгі жылдары жиілеп, 100 мың адамның 2,9- да кездесіп отыр. Шылым шегушілерде науқас 2,5 рет жиі байқалады.
Емі
Ұйқы безі ауруларының қай түрінде болмасын ең алдымен ауру сезімін тоқтатып алу керек. Бұдан кейін ұйқы безінің секрециясын тежеп, ұйқы безі ферменттерінің активтілігін басып барып басқа ем-шараларына кірісуге болады.
Хирургиялық ем терапевтік шаралармен тоқтатуға болмайтын ауру түрлерінде ота жасалады.
Диета
Ауру барысында 1-3 күн аштық жариялайды және тәулігіне 1-1,5 литр сілтілі минералдық сулар («Сарыағаш», «Жас-Ай»), итмұрын қайнатпасы (1-2 стакан), сұйық шай беріледі. Диетадағы белок көлемін ет, балық, сүзбе және сыр арқылы көбейту керек. Өткір тағамдар, майлы тағамдар, сорпалар берілмейді, ас тұзын беруді шегереді. Капуста, алма, апельсин бермейді. Ұйқы безінің секреторлық қызметін азайту үшін май беруді азайтады. Тамақты аз порциямен, тәуліктің бір мезгілінде, жиі қабылдау керек (тәулігіне 5-6 рет).
Диспансерлеу
Ұйқы безінің созылмалы ауруына шалдыққан адамдарды диспансерлік есепке алу керек.
Тексеріп қарау жиілігі: аурудың жеңіл дәрежесінде жылына 2 рет, орташа ауыртпалықты дәрежеде 3 рет, аурудың ауыр дәрежесінде – жылына 4-6 рет.
Еңбекке уақытша жарамсыздық
Жеңіл қайталауларда 10-14 күн, орта ауыртпалықты түрінің қайталауында – 18-30 күн (стационарда 3 аптаға жуық), ауыр даму барысының қайталауында – 6-8 аптаға созылады. Мүгедектік. Панкреатиттің ауыр түрімен ауыратын, ауыр сыртқы және ішкі секреторлық жетіспеушілігі бар науқастар ІІ топ мүгедегі болып есептеледі. Санаторийлы-курорттық емге аурудың қайталауы жоқ кезде жібереді.
Жас-Ай журналы