Bugin

Атырауда медбикелер наразылыққа шықты: «Үш ай жалақы алмаған»

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Атырауда жұқпалы аурулар ауруханасының 40-қа жуық санитары үш айдан бері жалақысын ала алмай жүр. Осы себепті олар аурухана ғимаратының алдына жиналды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.

Қызметкерлердің айтуынша, соңғы үш айда оларға сақтандыру мен зейнетақыға бөлінетін қаражат төленбеген. Соның кесірінен олардың көпшілігі мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына қатыса алмай қалған.

«Менің қызым - 1-топтағы мүгедек. «Отбасы банкінде» баспана кезегінде тұрмын. Жақында «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша конкурс болып, зейнетақы жарнасы төленбегендіктен, өтпей қалдым. Ал жалақымыз - небәрі 100 мың теңге», - дейді №2 облыстық аурухананың қызметкері Айжан Сағындықова.

«Жұмысымыз ауыр, науқастар таңға дейін түсіп жатады. Бұл тақырыпты қозғағанымыз үшін бізге қысым жасайды. Біздің адал еңбегімізбен тапқан жалақымызды төлесін. Бізді қорлап, кемсітеді, ал бұл жұмысты біз өзіміз таңдадық. Сонда біз не, адам емеспіз бе?!», - дейді медбике Қарлығаш Сақтағанова.

Аурухана басшылығы қысым болмағанын алға тартқанымен, төлемдердің кешігуі болғанын мойындап отыр. Өйткені мекеменің белгілі бір компанияға 90 миллион теңге қарызы бар болып шықты.

«Біз ешбір қызметкерімізді қудалаған немесе қысым көрсеткен емеспіз. Барлық қызметкерлер бізде қаржылық қиындықтар бар екенін біледі. Бізге түсетін қаражат тек жалақыға ғана жетеді, өкінішке орай, зейнетақы мен басқа да төлемдерге жетпейді», - №2 облыстық аурухананың директоры қызметін атқарушы Надия Ерғалиева.

Өз кезегінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Қайсар Әбдалиев арнайы комиссия құрылып, есеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері мен Надя Ерғалиева бұл мәселе жыл соңына дейін шешіледі деп уәде берді.

Басылымның мәліметінше, жұқпалы аурулар ауруханасына жыл сайын қазынадан 1 миллиард 100 миллион теңге бөлінеді. Бірақ бұл қаражат жеткіліксіз. Мекеме басшылығы мұндай шектен шығудың алдын алу үшін бюджетті қайта қарап, оны екі миллиард теңгеге жеткізу керектігін айтады.