Bugin

Түркістан: 610 миллион теңгеге салынған мектепте балалар екі ай ғана оқыған

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Түркістан облысындағы Сайрам ауданында биыл 610 миллион теңгеге салынған мектепте оқушылар екі ай ғана оқи алды. Қазір олар мектептің бұрынғы ғимаратында оқуға мәжбүр деп хабарлайды Bugin.kz порталы «31 арнаға» сілтеме жасап.

«Жарық жоқ, жылу жоқ. Балалар жаңа мектепте оқи алмай қалды. Ауданның, ауылдың әкіміне де, барлық жауапты қызметкерлер мен мектеп басшылығына талай айттық. Бірақ мәселе әлі шешілмей келеді», - деді ата-аналардың бірі Нина Марченко.

Айға жуық қаңырап тұрған жаңа мектептің жертөлесіне су толып қалған. Мұғалімдер оның деңгейін күрекпен өлшеп, журналистерге көрсетті. Толассыз жауған жауыннан су деңгейі одан сайын көтеріліп барады екен. Жертөлеге су толып қалғасын ғана емес, онда электр құрылғысы орнатылғасын да қауіпті болып тұр дейді жұрт. Оны мектеп ұжымы қауіпсіздік үшін өшіріп тастаған.

Ата-аналардың айтуынша, қазір онда жылу да жоқ. Кабинеттер қатты суып кеткен соң, оқушылар ескі мектепте оқуға мәжбүр. Бірақ оның өзі құлайын деп тұр.

«Балалар сыймағаннан кейін күз кезінде осында оқытты. Қыс басталып, жаурағаннан кейін қайтып артқа (ескі мектепке – ред.) қайтарды. Мектептер құлайын деп тұр. Мұны сарапшылар да растап, шешім шығарды», - дейді ата-аналардың бірі Досбол Әбдібай. 

Журналистердің сөзіне сүйенсек, құлайын деп тұрған мектептің едені аршылып, тақтайлар сынуға шақ тұр, қабырғалары да қарс айырылған, ұзыннан түскен сызаттарға саусақ сыяды. Ұстаздар мектептің төбесін тек ескі ағаш бөренелер ұстап тұрғанын айтады. Соған қарамастан онда 500-ден астам бала үш ауысымда оқиды. Ата-аналардың айтуынша, сабақтардың кейбірі қашықтан оқуға көшірілген.

Сайрам ауданы адам әлеуетін дамыту бөлімінің басшысы Гүлнар Тәттімбаева балаларды жекеменшік мектепке жіберейік деп ұсыныс айтқан. Алайда ата-аналар бұған үзілді-кесілді қарсы болып отыр. Олар мектеп дереу жөнделсін дейді.

Ал құрылыс басқармасының басшылығы жертөле суын шұғыл сорғызып, қашыртқылар орнататынын айтты.

«Ретке келтіруге болады. Бұл жерде, бастысы, конструкцияда ешқандай ақау жоқ. Сызат түспеген. Мектептің шатырынан су ағып тұрған жоқ», – деді Түркістан облысы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Төлегенов.

Құрылыс сапасына мектепті салған компания бес жыл кепіл боламыз деп айтқан. Енді сол қателерді 10 күнде түзейміз деп уәде берді.