МӘДЕНИЕТ
Киноны көрермен шартты түрде екіге бөліп көреді. Біреулер қиял-ғажайыптан туындаған киноларды ұнатса, енді біреулер тек шынайы оқиғаға негізделген фильмдер көргенді ұнатады. Шынайы оқиғаға негізделген фильмдердің сценарий идеясын ең мықты драматург – өмірдің өзі жазады. Сондықтан, мұндай фильмдерге сұраныс жоғары. Ендеше, Bugin.kz порталы ұсынатын фантастикалық болып көрінгенімен, шынайы оқиға желісінде түсірілген үздік фильмдер топтамасына назар аударыңыз.
«Арыстан» («Lion»), 2016 жыл
Үндістандық адасып кеткен баланың оқиғасын баяндайтын фильмді көріп отырып, бұл оқиғаның бір кездері орын алғанына сену қиын. Басты рөлдегі Сару адасып, отбасын жоғалтып алған соң оны Австриялық отбасы асырап алады. Тек 25 жылдан кейін асырап алған ата-анасы, жұмысы, сүйіктісі бар Сару гугл карта арқылы бала кезіндегі көшелерді іздестіріп, үйін табады. Саруды «Лашықтан шыққан миллионер» фильмімен танымал Дев Патель ойнайды. Ал асырап алғасын анасының рөлін ойнаған Николь Кидман шын өмірде де 2 баланы қамқорлығына алғандықтан, рөлі аса қиын берілмеген болу керек. «Арыстан» фильмін тамашалай отырып, жаңа технологиялардың күшіне таң қалмау мүмкін емес.
Жасыл миля («The Green Mile») , 1999 жыл
Фильм Стивен Кингтің романы желісімен түсірілген. Кітаптың өзі шынайы оқиғаға негізделіп жазылған. Басты кейіпкер Джон Коффидің оқиғасы 2 жасөспірім қызды өлтірді деп айыпталған Джордж Джуниус Стинни-кішкентайдың өмірінен жазылған. Ешқандай қылмыс жасамаған кінәсіз азаматтың өлім жазасына кесілгенін туралы оқиғаны баяндайтын кинокартинаның режиссері мен сценарий авторы бір адам – Фрэнк Дарабонт.
Соның әсерінен болу керек, фильм сюжеті ауыр болғанымен, бір деммен көріп шығасың. Басты рөлді сомдаған Том Хэнксті фильм режиссері мен Стивен Кинг бірлесіп таңдаған. Киносүйер қауымның айтуынша, фильмнің жалғыз кемшілігі – 3 сағатқа созылуы, яғни хронометраждың шамадан тыс ұзақтығы.
«Жонарқам қажалғанша» («Hacksaw Ridge»), 2016 жыл
Бұл бір қолымен әлемді құтқаратын супер қаһармандар туралы фильм емес. Байопик, яғни биографиялық фильмде басын өлімге тігіп, серіктестерін құтқарудан қорықпаған батыл сарбаз туралы.Режиссер Мел Гибсон 2 сағат 19 минутқа созылған фильмге экран уақытын аямаған. Кейіпкер Досс мырзаның бүкіл өмірін, әсіресе Окинава шайқасын толық бейнелеп көрсетеді. Гибсон басты рөлге Эндрю Гарфилдті алу арқылы сәтті таңдау жасады. Актер мен кейіпкердің сырт пішіндері ұқсас екендігімен қатар, Гарфилд рөлді керемет ойнап шықты. Фильм соңында қолына қару алмай соғысқан сарбаздың оқиғасына еріксіз бас иесің.
«1+1», 2011 жыл
2011 жылы жарыққа шыққан француздық «1+1» фильмі әлі күнге дейін ең кассалы француз фильмі. Шынайы оқиғаға негізделген сюжет түрмеден шыққан азамат пен мүгедек аристократтың арасындағы достық туралы. Күтуші іздеген Филипп адамдарды бөліп-жармайтын көше бұзақысы Дристі бірден ұнатады. Қоларбаға таңылған мүгедектің өміріне қарапайым жігіт түрлі-түсті бояу енгізеді. Фильмде екі тап адамдарының арасындағы айырмашылық комедиялық тұрғысында бейнеленгенімен, көрерменнің көңілінде із қалдырады.
«Имитация ойыны» («The Imitation Game», 2014)
Танымал математик Алан Тьюрингтің биографиясына негізделген фильм екінші дүниежүзілік соғыс пен Аланның немістің шифрланған «энигма» машинасының кодын анықтауы туралы. Алғашында басты рөлге ұсыныс Леонардо Ди Каприоға айтылған. Дегенмен басты кейіпкер Аланның рөлін көпшілікке британдық Шерлок Холмс рөлімен танымал Бенедикт Камбэрбэтч сомдап шықты. Мамандардың айтуынша, Алан Тьюрингтің энигма машинасының кодын бұзуы соғысты екі жылға ертерек бітіруге әсер етіп, миллиондаған адамның өмірін сақтап қалған. Фильм сценаристі Грэм Мур 2015 жылы «үздік адаптацияланған сценарий» номинациясында Оскар алды.
«Жасырын фигуралар» («Hidden figures»), 2016 жыл
Фильм қара нәсілділерді кемсіту, АҚШ пен КСРО арасындағы ғарышты бағындыруға бақталастық, феминизм секілді мәселелерді ашық көрсетеді. Үш қара нәсілді әйелдің басынан өткерген қиыншылықтарын бейнелейтін фильмнің басты рөлдерін Тараджи П. Хенсон, Октавия Спенсер және Жанель Монэ сомдағанмен, көп жағдайда Тараджи П. Хенсоннің кейіпкері Кэтрин Джонсонның оқиғасы баяндалады. Юрий Гагарин ғарышқа ұшырылғаннан кейін, НАСА америкалық ғарышкерді тез арада ғарышқа ұшыруы керек болады. Матетамикаға жүйрік қара нәсілді көмекші әйел Кэтрин Джонсон траекторияны дұрыс есептеуінің арқасында Америка екінші болып ғарышқа адам ұшырған ел атанады. Тарихқа сүйенсек, ғарышкер Джоан Гленн есептеуіш машиналарға сенбей, ұшарына санаулы минуттар қалғанда Кэтринге өтініш айтып, траекторияны есептеткен. Дәл осы оқиға да фильмде әсерлі бейнеленген.
«Титаник», 1997 жыл
Тарихтағы ең көп, яғни 11 оскарды қанжығасына байлаған фильм – 20 ғасырдың ең танымал фильмі. 1997 жылы жылы түсірілген кинокартина 1912 жылы апатқа ұшыраған Титаник кемесінің аударылуын негізге алған. Джеймс Кэмерон режиссерлік еткен бұл фильм тарихтағы ең кассалы фильмдер тізімінде үшінші орынды ұстап тұр. Қызығы, Титаник кемесінің соғылуына 150 миллион доллар кеткен болса, фильмнің түсіріліміне 200 миллион доллар жұмсалған. Екі таптан шыққан Джек пен Розаның махаббат оқиғасы ойдан шығарылған болғанымен, фильмде қосарлы рөлдердегі кейіпкерлер оқиғасы, яғни 150 актердің прототиптері бар дейді Джеймс Кэмерон.