Weekend
Кітап – қазына
Сәлем, достар! Бүгінгі қозғайтын тақырыбым кітап жайлы болмақ. Өз басым кітап десе ішкен асын жерге қоятын адам емеспін, алайда кітап әлеміне кірер болсам шығуым қиын.
Әр қазақтың міндетті түрде оқуы қажет кітабы – «Абай жолы» деп айтады деп ойлап отырған шығарсыз, бірақ мен олай айтпаймын. Бүгін мен осы уақытқа дейін оқыған кітаптарымның ішіндегі ең үздік деп есептейтін 5 кітап жайлы айтпақпын. Әр кітаптан түртіп алған дәйексөздермен бөлісемін.
5. "Да Винчи коды". Дэн Браун.
Қазақтығыма сын келері анық, алайда мен Іліяс Есенберлиннің «Көшпенділерін» әлі оқымадым. Сол себепті бір күні университет кітапханасына осы кітапты алу үшін барған едім. Кітапханашы орыстың әйелі екен. Кітап өзге оқырмандардың қолдарында екендігін айтты. Басқа қандай кітап бар екен деп, сөрелерді көзбен шолып жүріп, Да Винчи коды деген кітапқа көзім түсті. Бұл атауды бұрын естігендіктен, орыс тілінде жазылған кітап екендігін білетінмін, сондықтан аутоматтты түрде екпінді соңғы «ы» әрібіне қойып оқыппын. Сөйтсем бол көптік жалғау емес, өзіміздің табыс септігіміз екен:)). Бұл туынды қазақ тіліне аударылғандығы қуантты.
Ал енді тікелей туынды жайлы айтатын болсақ. Аударма жақсы жасалған, алайда орыс тілінен аударылғандықтан кейбір сөйлемдерді орысша қалдырыпты (На вид идола родич. О мина зла). Сонысы ұнамады. Негізі кітапты оқып шығауға кеңес беремін. Бұл кітап арқылы сіздің дінге деген көзқарасыңыз өзгеретіні анық. Бұлай айтқанымның себебін кітаптан білгеніңіз жөн.
4. "Махаббат қызық мол жылдар". Әзілхан Нұршайықов
Сезімдердің ішіндегі ең ұлысы болып саналатын махаббат жайлы қазақ тілінде жазылған керемет туындылардың бірегейі деп ойлаймын. Бұл кітаптың маған ұнауының екі себебі бар. Біріншісі, мен басты кейіпкер Ерболды өзіме ұқсаттым. Сүйгеніне сүйемін деген сөзді айта алмай жүрген бір сорлы:)). Екіншісі, маған автордың, яғни Әзілхан Нұршайықовтың жазу стилі қатты ұнады. Болып жатқан оқиғаны сипаттай алу қабілеті қайран қалдырды. Кітапты оқып біткенше бұл әлемнен кетіп, Меңтай мен Ерболдың жанында жүргендей болдым. Ерболдың Меңтайға деген шынайы махаббатына тамсандым.
ДӘУРЕН ҚАЙДА МАҒАН ОНЫ СҮЙЕТІН?
ТЫМ БОЛМАСА КИІМІНІҢ КИЕТІН,
НЕ СОЛ КӨРПЕ АСТАРЫНЫҢ БІР САБАҚ
ЖІБІ БОЛСАМ ДЕНЕСІНЕ ТИЕТІН.
ЕРБОЛДЫҢ МЕҢТАЙҒА АРНАЛҒАН ҚЫЗЫЛ КӨРПЕ (МЕҢТАЙ ТУРАЛЫ ЛИРИКАЛЫҚ ОЙ) ДЕГЕН ӨЛЕҢІНЕН ҮЗІНДІ.
3. Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзадасы» (фр. Le Petit Prince)
«Кішкентай ханзада» – әлемдегі теңдесі жоқ ертегі деп есептеймін. Бұл кітапты оқыған адамдардың барлығы менімен келіседі деген ойдамын. Кітапты оқыған кез-келген жанның өмірге деген көзқарасы жоқ дегенде 30°-қа болсын бұрылады деп есептеймін. Кітапта махаббат, достық, іңкәрлік сияқты жоғары сезімдерді теңеумен керемет жеткізе білген. Мысалы, өз басым, ертегідегі раушан гүлін қызға теңедім: тура қыздар сияқты өзіне не қажет екендігін білмейді, 24 сағаттық ықыласты талап етеді, өте нәзік:)).
«Кішкентай ханзада» әлемнің 180 тіліне аударылған. Қазақ тіліне ең алғаш 1967 жылы қазақтың белгілі жазушысы Тәкен Әлімқұлов аударған. Бұл кітап берер тәрбиесі мол образдарға толы, үлкен оқырмандардың да көңілінен шығатын керемет туынды деп есептеймін.
ӨЗІҢ ҚОЛҒА ҮЙРЕТКЕНІҢНІҢ ҚАЙ-ҚАЙСЫСЫН БОЛМАСЫН, СЕН ОЛАР ҮШІН ӘРҚАШАН ЖАУАПТЫ БОЛАСЫҢ.
2. Батпырауық ұшырушы (ағыл. The Kite Runner). Халед Хоссейни.
Кітаптың шын атауы – The Kite Runner. Орыстар «Бегущий за ветром» деп аударыпты, негізгі аудармасы – «Батпырауық ұшырушы». Алғаш рет Халед Хоссейнимен осы кітап арқылы таныстым. Кітапты 1,5 күнде бітірдім. Баяндалатын оқиғаның қызықтығы соншалық, кітапты бас алмай оқыдым. Кіршіксіз нағыз достық, адалдық және әкелік махаббат. Міне осы бір ұлы ұғымдарды бір кітаптың ішіне сыйдыра білген автордың алдында басымды игім келеді.
Бұл кітап маған таңсық дүниелердің бірі – әкелік махаббаттың қандай болатындығын үйретті. Бір тарапты болса да нағыз достықтың, адалдықтың және ең бастысы қайырымдылықтың не екіндігін үйретті. Сондықтан бұл кітаптың атауын мен қазақ тіліне «Қайырымдылар» деп аударар едім.
БҰЛ ДҮНИЕДЕ ЖАЛҒЫЗ ҒАНА КҮНӘ БАР. ҰРЛЫҚ. ОЛ – БАРЛЫҚ КҮНӘЛАРДЫҢ НЕГІЗІ БОЛЫП ТАБЫЛАДЫ. ҚЫЛМЫСКЕР АДАМДЫ ӨМІР СҮРУ ҚҰҚЫҒЫНАН, ӘЙЕЛДІ ЖАРЫНАН, АЛ БАЛАЛАРДЫ ӘКЕСІНЕН АЙЫРАДЫ. ӨТІРІКШІ ӨЗГЕЛЕРДІҢ ШЫНДЫҚТЫ БІЛУ ҚҰҚЫҒЫНАН, АЛ АЛАЯҚ БОЛСА ӘДІЛЕТТІЛІККЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗУ МҮМКІНДІГІНЕН АЙЫРАДЫ.
АУДАРҒАН: МҰХАМЕДЖАН АМАНГЕЛДІ
1. Шантарам. Грегори Дэвид Робертс.
Шантарам мен оқыған кітаптардың ішіндегі теңдесі жоқ қайталанбас роман. Бұлай ойлайтын тек мен емес шығар. Шантарам - алғашқы сөздерінен баурап алып, соңғы тараудың соңғы сөзіне дейін оқып бітпей жібермейтін нағыз өнер туындысы. Автор шынайы махаббаттың, адал достықтың, құмарлықтың қандай болатындығын керемет сипаттай алған. Мен бұл кітаптан алған әсерімді жәй сөзбен жеткізе алмаймын. Менің қандай әсерде болғанымды білу үшін Шантарамды оқу қажет сияқты. Басқа жол жоқ. Кітап өте ауқымды болғанымен жеңіл оқылады. Детализация өте жоғары болғандықтан, кітап әлеміне кіріп кету қиыншылық туғызбайды. Бұл кітаптан мен көптеген өнегелі қанатты сөздерді кезіктірдім. Солардың ішіндегі ең таңдаулысы мынау:
МАХАБАТ ОТЫН ӨШІРУ МҮМКІН ЕМЕС. ОНЫ ТІПТІ ӨШПЕНДІЛІКПЕН ДЕ СӨНДІРЕ АЛМАЙСЫҢ. ІШТЕГІ ҒАШЫҚТЫҚТЫ, НƏЗІКТІКТІ ТІПТІ ҚҰШТАРЛЫҚТЫ БУЫНДЫРЫП ӨЛТІРУГЕ, НЕ ЖАЙ ҒАНА ҚОРҒАСЫНДАЙ АЛПАУЫТ ӨКІНІШКЕ АЙНАЛДЫРА АЛАСЫҢ, АЛАЙДА МАХАББАТТЫҢ ӨЗІН ЕШҚАШАН ӨЛТІРЕ АЛМАЙСЫҢ. МАХАББАТ - БҰЛ ӨЗІҢДІКІНЕН ӨЗГЕ ШЫНДЫҚТЫ ҚҰЛШЫНЫСПЕН ІЗДЕУ. ОСЫ БІР ҚҰБЫЛЫСТЫ ӨЗІҢДІ АРБАМАЙ, ТОЛЫҚТАЙ СЕЗІНГЕН СƏТТЕ ОЛ СЕНІҢ ЖҮРЕГІҢДЕ МƏҢГІЛІККЕ ҚАЛЫП ҚОЯДЫ.