Қоғам
Австрияның Вена қаласында өрімдей қыз ұрланып, 8 жылын құлдықта өткізді. Аталмыш оқиғаны Bugin.kz журналисі зерттеп көрді.
«Мен ер адамға екі метрдей қашықтықта жақындағанымда, ол маған тіке қарады. Қорқынышым жойылып: көгілдір көзі мен ұзын шаш үлгісін 70-ші жылдардағы студенттерге ұқсаттым. Одан әрі оқиға өте тез болды. Сол сәтте мен төмен қарап, әлгі адамның қасына жеткенде, ол кенет белімнен ұстап, көтеріп, мені ашық тұрған есіктен көлікке лақтырып жіберді. Мені ұрлау үшін бір ғана қимыл қажет болды, дәл бір балет қадамы сияқты», - деп Наташа Кампуш өзінің естеліктерінде болған оқиғаны сипаттайды.
Жәбірленуші Кампуш кім?
Наташа Кампуш 1988 жылы 17 ақпанда Венада дүниеге келген. Мұның бәрі Еуропадағы ең мәдениетті саналатын елдердің бірінде болды деу өте қиын. Алайда, 1990 жылдардағы Австрия анау айтқандай қауіпсіз мемлекет болмаған-ды.
Әлем жұртшылығының жағасын ұстатқан оқиға көктемнің алғашқы күндері бастау алған. Дүйсенбі, яғни 2 наурызда Наташа анасының Реннбанвегтегі пәтерінде болды. Таңғы сегізде көшеге шыққан ол бар-жоғы 900 метр жердегі мектепге бару керек болған. Тағдырдың жазғаны сол, кішкентай қыз 600 метрдей ғана жүрген соң, өмірі күрт өзгерді. Ол өзінің естелігінде күдікті көрінген ақ «Мерседес» маркалы шағын автобус пен оның жанында тұрған адамды байқағанын, бірақ инстинктивті қорқынышын жеңіп, жолдың арғы бетіне өтпегенін мойындады.
«Қызыма іздеу саламын!»
Наташаның анасы Брижит Сирни қызы әдеттегі уақытта мектептен оралмағандықтан бірден дабыл қаққан. Қыздың сабаққа келмегенін біліп, полицияға хабарласқан. Бастапқы тергеу барысында куәгер де табылды. Ол Наташаны ақ түсті микроавтобусқа сүйреп бара жатқанын көрген. Бұл нұсқа бойынша ұрлықшы екі адам болған, бірі ұрласа екіншісі сол сәтте көлік жүргізген. Алайда жәбірленушінің өзі кейін қылмыскердің сыбайласы жоқ деп мәлімдеді.
Оқиғадан кейінгі алғашқы күндері полицейлер куәгер айтқан сипаттамаға сәйкес келетін 776 көліктің иелерінен жауап алған. Солардың ішінде нағыз қылмыскер, Венадан жарты сағаттық жерде Страшоф ан-дер-Нордбан деген шағын қалашықта тұратын 35 жастағы Вольфганг Приклопил де бар еді. Дегенмен, техник ешқандай күдік тудырмады: полиция оқиға болған сәтте оның үйде болғаны және микроавтобустың құрылыс материалдарын тасымалдау үшін ғана пайдаланылғаны туралы әңгімесіне иланған.
Гараждағы құпия бөлме
«Мені ұрлаған бейтаныс адам қайтып келіп, өзімен бірге алып келген шамды қабырғадағы розеткаға бұрады. Кенет жарқылдаған жарқын жарық мені соқыр етті, бірақ жеңілдік әкелмеді: енді мен қайда екенімді көрдім. Ағашпен қапталған, кішкентай және бос бөлме, қабырғаға ілгекпен шегеленген жалаңаш эстакадалы кереует. Бұрышта қақпағы жоқ дәретхана, ал қабырғада тот баспайтын болаттан жасалған қос қолжуғыш ілулі тұр», - деп жазды Кампуш.
Бұл құпия бөлменің ауданы небәрі бес шаршы метрді құрады. Расында да бұл гаражда екі жарым метр тереңдікте орналасқан бункер болатын. Жәбірленушінің айтуынша, «сейфте» бірден үш есікпен жабылған дыбыс өткізбейтін қабық болды, біреуінің салмағы 150 кг. Кіреберіс шкафтың артына жасырылған. Ішінде биіктікте ілінген кереует, оған қарама-қарсы шағын оқу үстелі болатын. Кейіннен кішкентай теледидар пайда болды. Дәл осы қапаста Наташа алдағы сегіз жылын өткізуі керек еді. Бәлкім бақытына орай, ол тек алғашқы жылдары ғана әлгі төрт қабырғаға қамалды.
Полицейлер тығырыққа тірелді
Полицейлер тез арада тығырыққа тірелді. Приклопилдің орнын балалар порнографиясын жасаушылар мен орган саудагерлері туралы нұсқалар пысықталып, жәбірленушінің ата-анасы да күдік тудырды. Осы уақыт ішінде Наташа Страшоф ан-дер Нордбанда болды. Кітапта ол Вольфгангтың оны үнемі ұрып-соғатынын, шашын қырқатынын баяндап, бірақ Кампуш әлі де жыныстық зорлық-зомбылық туралы сұрақтарға жауап беруден бас тартатынын жазды. Уақыт өте Приклопил оны бункерден шығара бастады, қызды тамақ пісіруге және басқа да үй жұмыстарын жасауға мәжбүрледі. Құпия бөлмеге кітаптар апарып берді.
Бостандықтағы «күң»
Уақыт өте келе, қорлаушы Кампушті кәдімге үйге жатқызып, өзі секілді өмір сүруге мүмкіндік берді. Тіпті қызды көршілері мен Вольфгангтың іскер серіктесі де көрген. Бірде қылмыскер оны тіпті жақын маңдағы тау шаңғысы курортына апарған, ал Наташа ол кезде қашып құтылуға мүмкіндік болмағанын айтады. Ол Стокгольм синдромының бір көрінісі еді. Жәбірленуші өзінің агрессорына бейсаналық түрде жанашырлық таныта бастайтын жағдайды үзілді-кесілді жоққа шығарады. Бойжеткеннің айтуынша, ол үйге кіретін барлық жолдар, есік-терезелер миналанғанын айтып, қашпақ болған кезде өзін де, өгелерді де өлтіремін деп сендірген, уәде берген.
Қош келдің, «Азаттық»!
Дегенмен, 2006 жылдың 23 тамызында 18 жастағы Наташа қашып құтыла алды. Бұл күні Приклопил сатуға дайындап жатқан BMW 850 көлігін шаңсорғышпен тазалауды талап еткен. Үй маңындағы аумақта тазалық жұмыстары жүргізілді. Сағат 12:53-те автокөлікті сатып алушы Приклопилге хабарласқан. Телефонмен сөйлесуге кеткен сәтте, жәбірленуші шаңсорғышты қосулы қалдырып, учаскелерді бөліп тұрған қоршаудан секіріп бостандыққа шықты. Сыртқа шығып, 200 метрдей жүгірген ол көршілерінің біріне барып, полиция шақыруды өтінді.
Тоққа түскен Вольфганг
8 жыл ашса алақында, жұмса жұдырығында болған тұтқынның қашып кеткенін көрген Приклопил көлігін оталдырған да үйінен шығып кеткен. Бәлкім қолымен істегенін мойнымен көтеруден қорықты ма, сол күні түнгі 21:00-де ер адамның денесі қалалық электр станциясынан табылған.
«3096 күн»
2010 жылы «Ullstein Verlag» басылымы алғаш рет «3096 күн» кітабын басып шығарды. Алғашқыда 50000 тиражбен шыққан кітап әпсәтте бестселлерге айналды. Еуропадағы сатылымы көп кітаптардың тізіміне енді.
Сондай-ақ, 2010 жылы 17 маусымда неміс продюсері Бернд Эйхингер Кампуш оқиғасын экранға шығаратынын хабарлады. Басты рөлді ойнауға Кейт Уинслетті шақырды. Алайда 2011 жылы Эйхингер қайтыс болып, түсірілімнің басталуы 2012 жылға ауыстырылды. Шерри Хорман директор болды. Антония Кэмпбелл-Хьюз Наташа Кампуш рөлін, Тюре Линдхардт - Вольфганг Приклопилді, Трин Дюрхолм Наташаның анасы Бригитта Сирни - рөліне таңдалды. «3096 күн» кинокартинасының премьерасы 2013 жылы өтті.
Мәулен ЖЕКСЕНБІ