БІЛІМ
Билік Қазақстандағы мектептердің құрылысын онлайн бақылауға мүмкіндік беруге уәде берді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
«Жайлы мектептерді» салу кезінде барынша ашықтық сақталуы керек. Еліміздің кез келген азаматы интерактивті карта арқылы мектептердің қай жерде және қашан салынатынын бақылай алады. Ал құрылыс барысын IP - камера арқылы онлайн бақылай алады», - деді білім министрі Асхат Аймағамбетов.
Ұлттық жоба бойынша 2025 жылдың соңына дейін 842 мың оқушыға арналған заманауи, жайлы мектептер ашылады.
Билік мектептерді ауылдық және қалалық деп бөлмеуге уәде беріп отыр, яғни бірыңғай стандарт бойынша салынады.
Жоспар бойынша бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектеп ғимаратының бөлек блоктарында оқиды. Балаларға бейнебақылау, дыбыстық дабыл және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шараларын орнату жоспарланып отыр.
«Ереже бойынша, таңғы сегізден кешке дейін дене шынықтыру сабағы бір мезгілде бірнеше сыныпқа өткізіледі. «Жайлы мектептерде» жобалық қуатына қарай бірден бірнеше спорт залдары қарастырылған», - деді министр.
Ақпаратқа сәйкес, мектептер нысандардың құрылысын бақылайтын дирекцияның келісуімен салынады. Бірақ құрылыс, қаржыландыру, қызмет көрсету, кадрларды іріктеу мәселелерімен әкімдіктер айналысады.