Bugin

200 мыңға жуық «Яндекс такси» жүргізушілері жұмыссыз қалуы мүмкін – депутат

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бұл туралы Мәжілістегі үкімет сағатында депутат Елнұр Бейсенбаев айтты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Байланыс мәселесі талқыланған отырыста Елнұр Бейсенбаев Яндекс таксиге тіркелген таксишілерден алатын комиссиялық төлем тым көп екенін атап өтті.

«Қазақстанда 200 мыңға жуық азамат Яндекс такси арқылы нәпақасын табады. Меніңше, бұл аса қырағылық пен үкіметтің тікелей назар аударатын басты мәселесі. Біріншіден, Яндекс такси қосымшасының таксишілерден алатын комиссиясы – 18-22 пайыз арасы. Бұл не деген дүниеқорлық? Бәсекелестікті дамыту агенттігі қайда қарап отыр? Бұл – біздің Қазақстанның салығынан да көп комиссия. 200 мыңға жуық қазақстандық соншама ақшаны шетелдік ұйымға кетіріп жатыр. Неге осыны бақылауға алмайды?» - деп мәселе көтерді депутат.

Елнұр Бейсенбаев сонымен қатар Яндекс такси қосымшасында жұмыс істейтін 200 мыңға жуық азамат – үлкен критикалық масса екенін атап өтті. Депутаттың айтуынша, Қазақстанда ондай қосымша жоқ.

«Ресейге әртүрлі санкция салынып жатыр. Мысалы қателеспесем Эстония мен Литва Яндекс таксидің жұмысын тоқтатты. Ертең 200 мың қазақстандық бір күнде жұмыссыз қалу қаупі бар», - дейді ол.

Осылай деген Елнұр Бейсенбаев Яндекс таксидің баламасы бола алатын отандық қосымша шығаруға бола ма деген сұрақты Цифрлық даму министрі Бағдат Мусинге қойды.

Бұл сұраққа алдымен жауап берген Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Болат Самбетов жыл басынан бері агенттікке Яндекс такси қызметіне байланысты көп шағым түскенін айтты.

«Комиссия бойынша да. 16-20 пайыз. Сол сұрақтар бойынша қазір тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіліп жатыр. Екі тергеуді жүргізудеміз. Осы тергеу нәтижесі бойынша жауап бере аламыз», - деді Самбетов.

Ал Яндекс таксиде қанша адам нақты жұмыс істеп жатқанын Бағдат Мусин біліп беретінін айтты.

«Екіншіден, біз оларға ешқандай нормативтік-құқықтық істерді жүргізбейміз. Жалпы Қазақстанда ондай өнім пайда бола ма екен деген сұраққа келер болсақ, бірнеше адам оған талпынды. Бірақ жасай алған жоқ. Ол нарықтық орта. Ол бизнес 100 млн доллармен шектелмейді. Оны жасау үшін инвестициялық қаражат қана емес, толыққанды команда керек. Каспийіміз, Халқымыз (қосымшаларды айтып отыр – авт.) бар – біртіндеп жасап жатырмыз ғой. Олардың бәрі бір күнде қалыптасқан жоқ. Осыған да бет бұрған компаниялар бар. Бірақ оларға айта алмаймын», - деді ол.

Бағдат Мусин Яндекс таксидің комиссиясының жоғары болуын DiDi компаниясының кетуімен байланыстырды.

«DiDi кетіп қалды да, Яндекс такси жалғыз қалды. DiDi келсе, бәсеке болып, ондай бағалар болмас еді. Сондықтан, осы тұрғыда жұмыстар жүргізіліп жатыр. Басқа елдерде де қарадық. Убер де дамыған. Дүние жүзінің 193 мемлекетінде осы үш компания жұмыс істеп жатыр. Басқа жолдар арқылы осы мәселені реттейтін боламыз», - деді Бағдат Мусин.