ДЕНСАУЛЫҚ

Қатерлі ісік (рак) ауруының алғашқы белгілері және алдын алу жолдары

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

"Аты жаман ауру" деп аталатын қатерлі ісік жүрек-қан тамыр ауруларынан кейінгі әлемдегі өлім себептерінің екінші негізгі себебі болып табылатын ауру. Қатерлі ісік ерте I-II сатысында анықталса, науқастың дерттен айығып кету мүмкіндігі жоғары. Дегенмен көптеген отандастарымыз, өкінішке қарай, ауру әбден асқынған кезде, ісіктің III және IV сатысында бір-ақ қаралады. Сондықтан bugin.kz порталы аурудың алғашқы белгілері мен алдын алу жолдарын ұсынады.

Қатерлі ісіктің қайдан пайда болатынын нақты айту қиын. Рактың пайда болғаны, өкінішке орай, адамға бірден білінбейді. Тек ісік өскен кезде, жан-жағындағы үлкен жүйке талшықтарын, тамырларын немесе асқазан, тік ішек, т.б. секілді ағза мүшелерінің саңылауын жапқан кезде ғана байқалады.

14,2% -ы қатерлі ісіктердің бірі қатерлі меланомамен байланысты.

Меланома көбінесе қарапайым қалдардың астында жасырынып жатады, бірақ жаңа пайда болған ісік қалыпты тіннен ерекшеленеді және оны теріге қарап табуға болады. Сондықтан, егер денеңізді үнемі тексеріп, қалды және күдікті пигментті дақтарды зерттеп білсеңіз, тері қатерлі ісігін ерте кезеңде байқауға мүмкіндік бар. Себебі, ауруды бастапқы кезеңінде анықтаса емдеу тиімдірек болмақ.

Өңештің қатерлі ісігі: жұтынған кезде тамағы ауырады.

Асқазан ісігі: бірден салмақ тастайды, үнемі іші ауырып, лоқсиды.

Ми ісігі: басы жиі ауырады, аяқ-қолы ұйып, өзін нашар сезінеді. Ісік өскен сайын көзінің көру қабілеті нашарлайды, аяқ-қолы тырысып қалады.

Өкпе ісігі: дауыстың қарлығуы, созылмалы құрғақ жөтел, ентігу, қызуы көтеріледі, үнемі шаршап жүреді.

Рактың тағы бір алғашқы белгісі –  теріде немесе кеуде тұсында үлкен без пайда болып, жараға айналуы. Сондай-ақ онкологиялық ауру белгілерінің бірі – тамақтану мен өмір салты өзгермеген жағдайда салмақ тастау болып табылады.

Қатерлі ісіктің пайда болу ошақтарының бірі - созылмалы аурулар. Сондықтан созылмалы ауруларды уақытылы емдеткен дұрыс. 

Адам үнемі күйзелісте жүрсе, иммунитеті төмендейді. Ал иммунды жүйе бұзылса, соңы әртүрлі ауруға әкеп соғады. Оның ішінде рак та бар"

Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымдары сарапшыларының бағалауы бойынша дұрыс тамақтану, белсенді өмір салты және де темекі шегуден бас тарту арқылы онкологиялық аурулардың 40%-ның алдын алуға болатын көрінеді.

Есте сақтаңыз: Өзіңе диагноз қоймау керек! Ашық деректердегі симптомдардың тізімін оқып білуге болады. Бірақ, мұндай іздеуден кейін қандай да бір дертке шалдықтым деп қорытынды жасауға болмайды. Біздің міндетіміз тек ескерту белгілерін байқау. Ал диагнозды мамандар тексерулер мен сынақ талдамаларын жүргізгеннен кейін өздері қояды.