Bugin
2012 жылы Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Арқанкерген» бекетінде 15 адамды өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылған Владислав Челах Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдады. Бұл туралы Bugin.kz порталы Azattyq сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Челах хатында ісі бойынша тергеу процесін қайта бастауды және одан «жалғыз куәгер ретінде» пікір алуын сұрайды.
«Құрметті президент, мен біраз жыл өтсе де, сол трагедияның қалай болғаны жайлы айтуға дайынмын, барлық кінәлі өз жазасын алуы керек. Мен көп нәрсе сұрамаймын, жай ғана тыңдап, маған айтуға мүмкіндік беріңіз. Мен тергеушілерге ашық және бейтарап айғақтарды беруге дайынмын. Қайғылы оқиғаның нақты бет-бейнесі әлі ашылмаған», - деп жазады сотталған Владислав Челах президентке жолдауында.
Туыстарының айтуынша, хат президентке электронды түрде жіберілген. Жазбаның мерзімінде қаңтарда қаралуы мүмкін деп көрсетілген.
Челах сонымен бірге бұл хатта «жасамаған қылмыстары үшін» өмір бойына бас бостандығынан айырылғанын айтады. БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетінің шешіміне сәйкес, Қазақстан оның шағымын қарап, Челахқа тиімді құқықтық қорғау құралдарын қамтамасыз етуді ұсынған еді. Осы дүниені де хатта мәлімдеген.
2012 жылғы 28 мамырда Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Арқанкерген» бекетінде 15 адам — 14 әскери қызметші және көршілес аңшылық шаруашылығының аңшысы қаза тапты. Қарағандыдан келген мерзімді сарбаз Владислав Челах кісі өлтіргені үшін кінәлі деп танылады. 2013 жылдың наурыз айынан бастап Челах Қостанай облысының Жітіқарасында өмір бойына сотталғандарға арналған түрмеде отырды.
Челах адвокаттармен сөйлескен БҰҰ комитеті Қазақстан оны әділ сот талқылауының құқығынан айырды деген қорытындыға келді. БҰҰ шешіміне сәйкес, мемлекет Челахқа бұзылған құқықтары үшін өтемақы төлеуге міндетті. Ал Қазақстан қылмыстардың себебі анықталмаған және дәлелденбеген деген пікірді жоққа шығарады.
2019 жылы Жоғарғы Сот Челахқа оның ісін қайта қараудан және өтемақы төлеуден бас тартты. Прокурор Челахтың үкімі заңды және негізделген деп мәлімдеді, соттан үкімді өзгеріссіз қалдыруды сұрады. Сот алқасы Челахтың шағымын қарастыра отырып, БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетінің ұсыныстары сот ісін жүргізудің әділдігіне, сондай-ақ үкімнің заңдылығы мен дұрыстығына күмән келтіре алмайды деген қорытындыға келді. Үкімнің күшін жоюға негіз табылған жоқ.