Экономика

24 жасымда білім бөлімінің орынбасары қызметіне қабылдандым

"Болашақ" стипендиясымен Ұлыбританияның Кембридж университетін бітіріп келген Нұрмұхаммед Досыбаев білім жүйесіне еркіндіктің аса қажет екенін үнемі айтып келеді. Білім сарапшысы ретінде саланы зерттегеннен кейін ол халық¬аралық білім беретін алғашқы жеке мектебін ашады. Әлемнің маңдайалды оқу орындарына қазақ балаларын оқыту, жастардың бойына білім құндылығын дамыту мақсатын көздеген Нұрмұхаммед аймақтарды аралап, қабілетті жастарды білімге тартып жүр. Осы орайда білім эксперті Нұрмұхаммед Маратұлы Досыбаевпен жаһандық білім, шетелде оқудың жолдары бағытында сұхбаттастық

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

- Нұрмұхаммед, өзіңіз батыс білімін, мәдениетін меңгеріп келген азаматсыз, сондықтан сұрақтарды тым ресмилендірмей бастасақ. Оған қалай қарайсыз?

- Әлбетте, кез келген сұрақты қоя беріңіз.

- Білуімізше, шетелде оқу туралы ой "Өрлеу" біліктілікті арттыру орталығында қызмет етіп жүргенде Кембридж университетінің ұстазымен танысқанда басталыпты...

- Мұғалімдерге арналған тренинг өткізуге келген Хэлен Брэдфорд есімді ұстаздың мотивациясы жоғары болуы керек, сол кісіге "Кембриджге оқуға түссем қалай болады?" деп сұрадым. Профессор "әрине, ынтаң болса, тапсырып көр, қа­был­дауға ниеттіміз" деп жылы жауап қайырды. Өзім Шымкенттегі қазақ-түрік лицейін бітірген маманмын. Мені "білім саласына нендей өзгеріс алып келу керек?" деген ой мазалады. Мен өзімді дә­лелдеу үшін, әрі білім беруде салмақты ой айту үшін шетелдік білім тәжірибесін оқу­ым қажет екенін түсініп, Кембриджге құ­жат тапсырдым. Өзіңіз білесіз, Кембридж әлемнің үздік 3 оқу орнына кіреді. Сөйтіп, сыртта оқуға бекініп, білім саласының магистратурасын жақсы аяқтадым. Кейін докторантурасына оқуға шақырту алып едім, бірақ жалғастыра алмадым.

- Не себепті оқи алмадыңыз? Әлде оған қажетті ұпай жинай алмадыңыз ба?

- Жоқ, докторантураны жалғастыру үшін шартты түрде 160 мың долларға жуық қаржы қажет болды. Маған ондай қыруар қаржыны кім берсін?! Әрі-бері іздеп таба алмаған соң, кәсіпкерлер мен түр­лі қоғамдық қорларға хат жаздым. Болмады. Болашақ бағдарламасын бітіріп келген Шымкенттің әкімінен де қаржылай қолдау сұрадым. Әкім мені қабылдап, "керекті сома қысқа уақытта табыла қоймас, қайтесің, онсыз да шетелде білім алып келдің ғой, одан да еліңе қызмет етсейші" деп мені қайрады. Ұсыныс айтқан­нан кейін, 24 жасымда білім бөлімінің орын­басары қызметін атқардым. Осы қызметте жүріп білімдегі проблемалармен бетпе-бет келдім. Мен Кембридж университетінде білім саласын цифрландыру бағытын меңгердім. Айтпағым, зерттей келе бір нәрсеге көңілім толмады. Әсіресе, цифрландыруға қатысты.

- Цифрландыру арқылы өмір сапасын жақсартамыз деп жүр ғой шенеуніктер. Сізді ойландырған нендей мәселе бар?

- Балалар бақытты болмаса, реформаны іске асырудың қажеті жоқ. Балалар өз ер­кімен мектепке баруға асығып тұруы қажет. Реформа баланың бақытына бағыт сыйласа ғана нәтижелі. Мен осы саланы жеке басым түбегейлі өзгерте алмайтынымды біліп, жеке мектеп ашуды, елі­міздің кез келген білім проблемасын шеше алатын реформаторлар командасын құ­руды көздедім. Сөйтіп алғаш рет инвесторларды тарта отырып, халықаралық жеке мектептің іргетасын қаладым.

- Нұрмұхаммед Маратұлы, сіз негізін салған Astana Garden School-ға түсу үшін оқу­шылар қандай кезеңдерден өтуі керек?

- Барлық білім жүйесіндегі секілді біздің жеке мектепке оқушылар конкурс­тық негізде қабылданады. Баланың үлгері­міне басымдық беріледі. Алгебра мен геометрия пәндерінен 4 пен 5-тік бағаларды алуы шарт. Тілдік білімін анықтайтын тест те тапсырады. Мұнан кейін жеке әңгімелесуден өтуі тиіс. Біздің Astana Garden School жеке мектебінің мақсаты - қазақстандық оқушыларды әлемнің ең жоғарғы оқу орындарына түсіруге жағдай жасау. Біз баланың қабілетіне қарай оның мамандығының дұрыс таңдауына жол нұсқаймыз. Мұ­нан өзге әлемдік университеттерге тү­суге мүмкіндік беретін халықаралық тестті сәтті тапсыруға көмек береміз. SAT, IELTS, TOEFL сынды халықаралық тесттерден жоғары ұпай жинау, мотивациялық хатты толтыру, жүйелі эссе жазудың жолдарын үйретеміз. Мұның бәрі - шетелдік университеттердің жастардан сұралатын ең бірінші талаптары.

- Жеке мектептің ақысы қалай? Бұл тек бай­лардың  балалары баратын мектебі емес пе?

- Жоқ, көбісі бізде тек байдың балалары оқиды деп ойлайды. Шындығында, бі­лі­міне сенімді жастар, әрі қабілетті, арманын мақсатына айналдыра білетін оқу­шы­лар түсе алады. Әрине, халықаралық бағытты көздейтін мектеп болғандықтан ақы­­лы. Негізгі оқу бағасы 3 миллион теңге. Жатын орны, тамағын қосқанда 4 миллионды құрайды. Балалар мектепте екі жыл оқиды.

- Қарапайым отбасына бұл баға тым жоғары емес пе? Astana Garden School-да сабақ берудің жолдары қандай?

- Негізінде әлемдік стандарттарға сү­йенсек, дәл біздегідей білім беретін жүйе­лер­дің бағасы тым қымбат. Біз елдің оқу­шыларының, әрі нарық талабын ескере отырып әлемдік білім бағасынан 3 есе арзан бағаны қойдық.Мектепте 20 мұғалім жұ­мыс істейді. Сабақ беретін ұстаздардың ба­сым бөлігі "Болашақ" және "Fulbright" бі­лім гранттары негізінде шетелде оқып кел­­ген сапалы мамандар. Кембридж, Окс­форд, Лондон экономика мектебін аяқтаған. Ендігі бірі АҚШ-тың Индиана, Пен­си­­вания университеттерінің тәжірибесін жи­­нап келген. Назарбаев университетінен шық­қан ұстаздар да сабақ береді. Біз баланың бойына ұлттық құндылықтарды сі­ңі­ре отырып қоғамға қызмет ету, кә­сіп­кер­лікке баулу, сэлф-менеджмент, ментор­лар­­мен қызмет атқаруды үйретеміз.

Оқу негізінен бастапқы, қосымша бағыттарды және әлеуметтік, коммуникативтілік қасиеттерді дамыту бағыттарын қамтиды. Баланы мамандығына және тіл үйретуге қосымша қоғамдық істерге бағыттаймыз. Ал, коммуникативтілік қабілеттерді арттыру үшін оқушыларды жыл сайын өтетін Astana Hub презентациясында ой бөлісуге жібереміз. Әлеуметтік қабілеттерді арттыруда баланың экономикалық, кәсіпкерлік сауатының артуына, психологиялық білімінің толуына күш саламыз.

- Енді мынадай сауал туындайды. Сіздің мектепті аяқтаған оқушы қандай қабілеттерді бойына жинап шығады? Жеке мектепке сұраныс бар ма?

- Ең алдымен, армандай білетін жас біздің мектептің түлегі атана алады. Арманын мақсатына айналдыра алатын қасиеті, үнемі дамып отыруға күш-жігері жет­кі­лікті, алысқа қарай алатын қабілеті бар аза­мат Astana Garden School-дың сапалы біліміне қол жеткізеді. Ол оқушы алуан­түрлілікті қабылдай отыра, еркін диалогқа өте алатын, бір ойға, бір пікірге тоқтайтын тұлға болып қалыптасады. Шынайы ықы­ласпен айналасы және қоғамды дамытуға қызмет ету ұмтылысы үстінде табылады. Бұл - біздің балалардың бойынан көргіміз келетін басты құндылықтар. Қазірде сұраныс Алматы, Астана қалаларынан жеткі­лікті. Себебі олардың ақпарат алуға деген қол­же­тімділігі де жоғары. Осы себепті біз биыл аймақ жастарын тартуды көздедік. Ауыл баласының көзін ашуымыз қажет. Олардың да потенциалы мен ынтасы жоғары деп санаймын.

- Аймақтарды аралаймыз дедіңіз. Жақында Қызылордаға келген сәтте облыс әкімінің қабылдауында болып, келісімге келіпсіз. Ай­мақ басшысы Қырымбек   Көшербаев қызылордалық оқушылардың Astana Garden School-ға тегін оқу­ға мүм­кіндік беріп отыр екен...

- Иә, халық­ара­лық форумнан кейін біз әкімнің жеке қабылдауында болдық. Бұрын­ғы Білім және ғы­лым министрі болған Қырымбек Елеуұлы біздің бас­­тамамызды қол­­дап, конкурс­тан сәтті өте білген өңір оқушыларына грант бөлуді дұрыс деп тапты. Бұл әри­­­не, өте қуа­ныш­ты жаңалық деп ойлаймын. Алла қаласа, емтихан жақын аралықта ұйымдастырылады. Әрине, сөз басында айтып кеткенімдей, барлық оқушылар емтихан арқылы қабылданады.

- Нұрмұхаммед, мектептің ашылғанына бір жыл толды. Білім алуға ынтасы өте жоғары, тілдік білімі де керемет, бірақ әлеуметтік жағдайы сіз айтқан оқу қаржысын көтере алмайтын дарынды жастарға тегін грант қарала ма?

- Әрине, гранттар бөліп келеміз. Қабілетті, бірақ жағдайы жетпейтін оқушылар да біздің мектептің тәлімін алуы керек. Биыл біз екі жылға 3 грант бөліп отырмыз. Егер ақы төлеп оқитын оқушылардың қа­тары толса, біз грант санын да ұлғайта береміз. Мәселен, 1000 оқушы оқытсақ 30 грант бөле алар едік, 10 мың оқушы оқытсақ, 300 мың грант бөлуге болушы еді. Оның бәрі мүмкіндігіне қарай ғой. Біздің түпкі мақсатымыз қазақ жастарына әлем­дік білім стандарттарын қолжетімді ету.

- Сіздің мектепте тәлім мен білімді қатар алып жатқан оқушылардың көбісі қай бағыттарға баруды қалап отыр?

- Нақты мына сала, бағыт деп айту қиын. Алуан түрлі. Гуманитарлық, техникалық бағытты, ғылым бағытыда қатар дамуда. Бізде Мишлен жұлдызына сай ресторатор болғысы келетін оқушылар бар. Ол келешекте Швейцарияның беделді университетінің түлегі атанып, әйгілі азаматтар баратын ресторанның аспазшы болғысы келеді. Мұндай арман-мақсаты айқын балаларға керекті бағытты сілтеп, жол нұсқаймыз. Сондықтан бізге келген әрбір баланың икеміне қарай мамандық иесі ретінде таңдау жасауына аса мән береміз.

- Әңгімені жоғары оқу орындарына бұрсақ. Қазақ жастары сапалы маман болып қалыптасуы үшін қай елдің білім жүйесіне таңдау жасағаны тиімді деп ойлайсыз?

- Шетелге білім алғысы келетін жас білім көпірін дұрыс таңдауы керек. Білім көпірі дегеніміз не? Ол таңдаған бағытыңның дұрыс болуы, алған біліміңнің сапалы болуы. Әрине, әркімге әрқалай. Әрі мамандығына қарай таңдау жасайды. Мәселен, ауыл шаруашылығының ішін­де орман кәсібімен айналысуды қалайтын жас Норвегияны таңдай алады. Кей­бір елдер бар барлық салада да мықты. Соның бастауында АҚШ тұр дей аламын. Білім, медицина, мемлекеттік басқару, экономика салалары Құрама Штатта жақсы дамыған. Кейбір азаматтар елдің географиясы, ауа-райы, халқы, менталитетіне қарайды. Мұндайлар Корея, Сингапур, Гонконг, Қытай елдеріне аттан­ғандары тиімді. Жалпы шектеу жоқ.

- "Қазір әлемдік білім тенденциясында диплом емес, қабілет керек" деген стреотип бар. 4 жыл оқудың соңында жүріп, ақыр соңында жұмыс таппайтындардың көп екені өзіңізге де белгілі ғой...

- Оқу процесі қалай ұйымдастырылады, соған байланысты қабілеттер де дамиды. Егер оқу орны тек қана сабақ барысында ғана білімге көңіл бөлетін болса, сонымен шектелсе, жас маманға тек білімді ғана меңгертіп шығарады. Егер ол адаммен қарым-қатынас, түрлі іс-шаралар, академиялық ивенттер бағытын дамытуды көздесе, оның өзге де қабілеттері ашыла түседі. Мұның бәрі концепция деп аталады. Негізі диплом құнсызданды дегенмен келіспеймін. Әлемнің мықты университеттері Оксфорд, Гарвард, Кембридждің дипломы неге құнсызданбайды? Себебі олар тұнық білімді береді. Олар сонысымен де жоғары, әрі бағалы.

Кембридж университетінде "алтын үштік" білім беру жүйесін қолданады. Яғ­ни, бірінші студентке білім береді, екін­ші, ғылыми, зерттеу жұмысымен айналысуға мүмкіндік сыйлайды, үшіншісі инновация, студенттің жүргізген ғылыми зерттеуін жүзеге асырып, нарыққа шығарады, пайдаға асырады. Бұл үш тетік бізге де керек.

- Ал, жоғары оқу орындарына академиялық еркіндік беру дегенге қалай қарайсыз?

- Бізде мемлекеттік университеттердің шешім қабылдауда автономия деңгейі төмен болып келді. Ал, Еуропаның университеттерінде жоғары. Мысалы, университет бір бағдарламаны мамандық ретінде оқытқысы келсе, оқыта алады. Бізде бір мамандықты оқыту үшін білім министрлігінен лицензия алу қа­жет. Ал, лицензияны алу үшін белгілі бір шарттарға сәйкес келу керек.

Нарықта тез өзгерістер болып жатыр. Тиісінше әрбір университет концепциясын жиі жаңартып отыруы шарт. Ер­кін­дік деген осы. Бұған дейін елімізде академиялық бостандық берілмей келді. Тиісінше бір ғана министрлік концеп­ция­ны бекітіп отырды. Яғни, бір жүйеге сәйкес стандарт бірдей болды. Ал, 2018 жылы енді әрбір жеке университетке академиялық бостандық беріліп, білім сапасын көтерудің түрлі жолдарын өздері із­деп, өзі қаржыландыру жүргізе береді. Бұның келешекте пайдасы зор болатыны дәлелденген.

- Ашық, әрі салмақты әңгімеңізге ал­ғыс білдіремін.

Сұхбаттасқан

Абай ТАҒЫБЕРГЕН