Bugin

«7-20-25» бағдарламасы жалғасатын болады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

«7-20-25» ипотекалық бағдарламасы жалғасатын болды. Жағымды жаңалықты бүгін Ұлттық банк жариялады. Келер жылы бағдарламаға 100 млрд теңге бөлінбек, деп хабарлайды Bugin.kz порталы inbusiness.kz сайтына сілтеме беріп. 

5 жыл ішінде «7-20-25» халық арасындағы ең танымал әрі сұранысқа ие ипотекалық бағдарламаға айналғаны сөзсіз. Негізгі шарттарда өзеріс жоқ. Баяғыша несие 20 пайыздық бастапқы жарнамен, жылдық 7% мөлшерлемемен беріледі. Ал ипотеканың максималды мерзімі  25 жыл болып қала бермек. Баспананың шекті бағасы да сол қалпында.

Астана, Алматы Ақтау, Атырау мен Шымкент қалалары үшін тұрғын үйдің ең жоғарғы құны 25 млн теңге, Қарағанды, Түркістан қалалары үшін 20 млн теңге, ал  басқа өңірлер үшін 15 млн теңге. Тек бұған дейін бағдарлама бойынша бір адам шамасы келсе бірнеше пәтер рәсімдей алатын. Енді бұл қағида күшін жойды. 

«Жеңілдетілген кредиттеумен азаматтарды көбірек қамту мақсатында бағдарламаны іске асырудың жекелеген талаптары қайта қаралды. Атап айтқанда, әрбір қарыз алушы Бағдарламаға бір рет қана қатыса алады».

«7-20-25» 2018 жылы Назарбаевтың бастамасымен іске қосылған еді. Сол кезде оны жүзеге асыруға 1 трлн теңге бөлінді. Бұл қаржы 2023 жылға дейін таусылады деп болжанған бастапқыда.  Сондықтан,  қазақстандықтар келер жылы бағдарлама жабылып қала ма деп қорықты. Алайда,  ақша әлі толық иггерілмеген. 5 жыл ішінде 852 млрд теңгеге 64 мыңнан астам ипотекалық несие беріліпті.  Яғни, бөлінген 1 трлн теңгенің әлі 150 млрд-ы жатыр.

«Игерілмей қалған ақша еріксіз келесі жылға қалады ғой. Бұл бағдарламаға ақша бөлінді ғой, игерілмеген ақша жалғасын таба береді. Сондықтан 2023-те де 7-20-25 болады деген сөз», деді экономист-журналист Дәулет Мұқаев.

Тек игерілмеген қаражаттан бөлек келесі жылы бағдарламаға қосымша 100 млрд теңге бағытталмақ. Ал Тоқаев «7-20-25»-ті 2029-ға дейін ұзартуды тапсырған болатын. Президент пәрмен берсе, Ұлттық банк оны мұрнынан қан шықса да орындайды. Яғни, алдағы 7 жылда жоба жабылып, ипотека беру тоқтатылады деуге негіз жоқ.

«Ол бір триллион теңге толығымен игерілгенше бағдарлама жалғаса береді. Президенттің сайлауалды бағдарламасы шеңберінде 1 трлн біткеннен кейін де ақша бөлінеді», деді ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов.

Айта кетейік, «7-20-25» бойынша тек жаңадан салынған үйлерден пәтер алуға болады. Ал 2018-ден бері баспана бағасы біршама қымбаттады. Осыны ескеретін болсақ, жыл сайын бөлінетін жаңағы 100 млрд теңге теңіздегі тамшыға тең. Яғни, бағдарлама жалғасын тапқанымен, лимит тез таусылып қаражат баспаналы болғысы келетіндердің бәріне жетпей қалуы мүмкін. Оның үстіне, бағдарламаның жалғасуы баспана бағасын одан бетер шарықтауына әскеп соға ма деген қауіп бар.