Bugin
Бұл сұраққа бүгін Орталық коммуникациялар алаңында Қорғаныс министрінің басшылығы жауап берді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
ОКҚ алаңында Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов бұл сұрақтың өздеріне жиі қойылатынын атап өтті. Сауалды ол баспасөз мәслихатына қатысып отырған полковник Дүйсімовке бағыттады.
«Бұл – бірінші кезекте қоғамды мазалап отырған мәселе. Әсіресе, әскерге шақырылған жастардың ата-анасы көбірек уайымдайды. Бұқаралық ақпарат құралдарында да бұл оқиғалар жиі жазылады. Қазіргі заңнамаға сәйкес, әскери басқарманың жергілікті органдары әскерге шақырылғандарды тіркеп, оларға хабар береді. Ал оларды табу – және жеткізу Ішкі істер министрлігінің тиісті органдарының міндеті. Республикада жүргізіліп жатқан іс-шаралардың бәрі де, мәселен, жастарды үйінің маңайынан немесе сауда нүктелерінің жанынан алып кету – ол хабарламаны алғанымен, әскери қызметтен жалтарып жүрген жастарға қолданылатын іс-шаралар. Бірақ мұндай санаттағы жастар өте аз», - дейді полковник Дүйсімов.
Оның айтуынша, кейбір жастар бір жерде тіркелгенімен, екінші жерде тұрады. Тиісінше, оларды табу қиын.
«Біз оларға әскерге шақыру жөнінде хабарлама береміз. Егер біз хабар бере алмасақ, ішкі істер органдары жоспарлы түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Әскери басқарма бөлімдеріне бірге алып келеді. Сол жерде бәрі анықталады. Егер заңға сәйкес, ол жігіт әскери борышын өтеуге міндетті болса, онда оған құқықтары мен міндеттері түсіндіріледі. Егер оның мерзімінен кейін әскери қызметтен өту құқығы болса немесе әскерден босатылса, онда ол үйіне қайтарылады. Алайда біздегі кейбір жастар іздеуде жүргенін білмейді», - деді ол.
Полковник Дүйсімовтың айтуынша, әскери комиссариатқа кірген жастарға телефонды пайдалануға рұқсат берілмейді. Ал облыстық жиын бекеттерінде жастарға ата-анасына қоңырау шалуға рұқсат беріледі.