Bugin

Бас прокуратура Челахтың туыстарына жауап берді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

«Арқан-Керген» шекара заставасында 15 әріптесін өлтіргені үшін өмір бойына сотталған Владислав Челахтың туыстары бас прокуратурадан жауап алды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.

Олардың айтуынша, жоғары қадағалаушы орган «қылмыстық іс қозғауды талап еткен». Челах нағыз өлтірушілердің аты-жөнін айтып, заставада не болғанын айта ма, ол әлі белгісіз.

Айта кетейік, Челах президентке жолдаған үндеуінде тергеу кезінде «қажетті айғақ алу» үшін оны азаптап, психотроптық дәрі-дәрмек қолданғанын айтқан.

2012 жылдың 28 мамырында қазақ-қытай шекарасында орналасқан «Арқан-Керген» шекара бекетінде қайғылы оқиға болды. Мамырдың аяғында «Арқанкергендегі» шекарашылармен байланыс кенет үзілген. Содан кейін ол жерге жасақ жіберілген. 30 мамырда  «Арқанкергенге» жіберілген жасақ шекара бекетінің жанып кеткенін хабарлады.

Бір күннен кейін ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты шекара қызметі өртеніп кеткен ғимараттан 12 адамның сүйегі, ал келесі күні тағы екі шекарашының мүрдесі табылғанын мәлімдеді. Сондай-ақ бір қорықшының мәйіті табылған.

4 маусымда шекара бекетінен 24 шақырымда орналасқан қыстаулардың бірінде шекарашы Владислав Челах ұсталды. Ол кезде қарағандылық жігіт 19 жаста болған.

Ең алғаш ұсталған кезде Челах қылмысын мойындаған, бірақ кейін сотта барлығын жоққа шығарды. Ол өзіне қысым жасалғанын, кінәні мойындауға мәжбүр болғанын, ешкімді өлтірмегенін мәлімдеді.

Бұл іс бойынша сот үкімі 2012 жылы 11 желтоқсанда шықты. Сот Челахты 15 адамды өлтірді деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айырды.

Челах 2013 жылдың наурызынан бастап Қостанай облысы Жітіқара ауданындағы өмір бойына бас бостандығынан айырылған азаматтарға арналған «Қара бүркіт» деп аталатын мекемеде жазасын өтеп жатыр.