Қоғам

«ТікТок-тан көрген»: Оқушы қыз өзіне қол салды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

ТікТок әлеуметтік желісінде қауіпті ойын ойнаған 13 жастағы қыз өзіне-өзі қол салды. Желіде елдің зәресін ұшыратын аудиожазба тарады. Автор өзін суицид жасап қайтыс болған жеткіншектің әкесімін деп таныстырады.

Ата-аналарға ескерту жасап, балаларының ұялы телефонын тексеруге шақырған, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Астана телеарнасына сілтеме беріп.

13 жастағы қыз үйдегі баспалдақта асылып, қайтыс болған. Жеткіншектің әкесі оған ТікТок-тағы ойын кінәлі дейді. Айтуынша, платформада жаңа ойын пайда болған. Оның өз шарттары бар. Алдымен бала тамырын кессе, кейін асылып өледі.

«Балаларыңыздың телефонын тексеріңіздер. Мен әрі қарай қалай өмір сүрерімді, не істерімді білмеймін. Барлығы телефонның кесірінен», - дейді қайтыс болған қыздың әкесі.

Марқұмның әкесі қызымнан айырылған күні Таразда тағы екі оқушы өз-өзіне қол жұмсаған дейді. Алайда олар ұялы телефондағы ойынды өшіріп үлгерген. Хабарламаның рас-өтірігін анықтау үшін Жамбыл облыстық полиция департаментіне хабарластық. Құзырлылар бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты.

«Жамбыл облысының полиция департаменті аталған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлайды. Ағымдағы жылдың басынан бері облыс аумағында кәмелетке толмағандар арасында суицид деректері тіркелмеген», - деді облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.

Елімізде жеткіншектер арасында интернеттен жапа шеккендер саны 10 есе өскен. Былтыр 100-ден астам жеткіншек кибербуллингтің құрбаны болды.

- 3-сынып оқитын қызым бар, қарап отырамын. Бірақ ондай ойын ойнамайды. Үнемі бақылауда ұстап отырамыз. Ата-аналар азаннан кешке дейін жұмыста ғой. Қолы босамайды, бала қараусыз қалады.

- Ата-аналарды да кінәлауға болмайды. Қызығушылықтарын ояту үшін балаларды үйірме секілді қызықты нәрсеге қатыстыру керек шығар.

- Отырып сөйлесу керек, айту керек. Балам, мынаны былай болмайды, байқап жүр, телефоннан әртүрлі нәрсе шығады.

Ғаламтордағы қауіп-қатермен күресте ата-ананың рөлі маңызды екенін психологтар да айтады. Сондықтан балаларына интернеттегі қауіп туралы айтып, мінезіндегі кез келген өзгерісті бақылауда ұстау керек дейді.

«Кейде ата-аналар баласының бойынан жағымсыз өзгерісті байқаса, бірден ұрсып, кінәлап шығады. Олай жасауға болмайды. Егер ол қауіпті екенін білсе, оны қауіпті, зиянды нәрсе деп бірден айтпау керек . Себебі ол шошып кетіп, ата-анасына қандай ойын ойнап жатқанын айтпауы мүмкін. Мысалы, жаман топқа келсе, олар «ата-анаға, ешкімге айтпа» деп айтады ғой. Сондықтан әр ата-ана 18 жасқа дейінгі балаларды қадағалау керек», - деді психолог Жанар Аманғалиева.

Ал қоғам белсендісінің айтуынша, гаджеттерді шектеу мәселенің шешімі емес. Сондықтан ата-ана бірден емес, біртіндеп баласының назарын дұрыс дүниеге бұру керек деп санайды.

«Балаға дос болу керек және баланың жақындарын, достарын тани білу керек. Мына интернет достарына дейін білу керек. Өйткені, заман талабына сай біз балаларға интернетке кірме деп айта алмаймыз», - дейді Ата-аналар бірлестігінің төраға кеңесшісі Гүлнар Омарова.

Интернетті уыста ұстап, күмәнді сайтты бірден бұғаттау мүмкін емес. Сондықтан баланы сақтап қалу тек ата-ананың қолында дейді мамандар.