Weekend

Мен қателескен екем

(әңгіме)

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

 ...Менің Бухариннің кейбір оппортуншылдық, махистік қисынына сүйеніп жазып жіберген сөздерімнің қатесін жұрт қоқытып ақтара бастады. Жазғандарым өзіме де иістеніп қалған көрінеді. Бірақ амал бар ма,жазғанды балтамен шауып тастауға болатын емес. Басып қойған соң бадыраяды екен де, тұрады екен. Сәкен айтқандай "жазу итті бекер-ақ жазған екенбіз!" Қазір әрқайсымыздың қолбасадай-қолбасадай қателеріміз соқтасымен суырылып жатыр.

        Жаңада бір келелі жиылыс болып, менің қателерім талқыға түсті. Әлбетте, қатеммен бірге өзім де талқыға түстім-ау. Жұрт мен жазған сөздің бұтын бұт, қолын қол қылып созғылап жатыр. Бұрын мұндай ортаны көрмей, қоя берсін өскен басым жаман қысылып, жан терге түстім. Әсіресе кешегі боқмұрын қаршадай балалар бүгін Маркс, Ленин деп, көмейі суырылып: "пәлені қата, түгені теріс!" ̶ деп талқылағанда, адамға бір түрлі ауыр тиеді екен. Құдай басқа бермесін!

        Қатенің бір жағы менің Бухаринді аударғанымнан болып жатты. Өзіме қашан сөз тисе, қысқа жерінен ғана айтып, өқлағымды тыныштатсам-ау, деп отырмын. Сөзді маған берген соң:         
        ̶ Жолдастар, мен қателестім. Бухариннің қисынын қолданғанда, Маркс қарауынан қарай алмағаным үлкен қате. Қатені енді білдік. Енді қателеспеудің бірден-бір жолы ̶ Ленин жолы. Сондықтан бұдан былай ылғи Ленин кітаптарын ғана аударамын деп сіздерге уәде беремін, ̶ дедім.
        Ленинді айтсам, мәселенің мықты жері ғой. Менің қатеме жерік болып жалаңдаған жұртқа бір тоқтам салдым ғой деп едім, мына жақтан біреу киіп кетті: ̶  Бұл кісі жалғыз Ленинді ғана аударып отырамын деді. Бұл кісі анық большевик болса, Ленинмен бірге басқа көсемдерді де неге аудармайды? Бұл қылығын не деуге болады?

        ̶  Иә, иә... Не деуге болады? ̶ деп, көпшілік ду ете түсті. Тағы да сөз алуға тура келді:
        ̶  Жолдастар, мен тағы да қателестім. Ол қатемді түзеу үшін кітаптың бәрісін де аудара берем деп сіздерге уәде беремін.
        Мына жақтан біреуі киіп кетті:
        ̶̶   Бұл кісі "Бәрін де аудара беремін" деді. Сонда "бәрі" деген кімдер? Егерде бәрі болғанда бізге зиянды пікірлерді, мәселен контрреволюцияшыл кітаптарды да бұл кісі аудара бермек пе?
        ̶   Иә, иә... Сүйтпек пе? ̶ деп, көпшілік шу ете түсті. Жүрегім және зу ете түсті. Тағы сөз алуға тура келді.
        ̶  Жолдастар, мен тағы қателестім. Енді ол қатемді түзету үшін сендердің көрсеткен кітаптарыңды ғана аударам деп уәде беремін.
        Жиылыстың жуан ортасынан біреу тұра келді:
        ̶  Бұл кісі "Сендердің айтқандарыңды ғана аударам" дейді. Егер олай болатын болса, бұл кісінің өз басы, өз большевиктігі қайда? Кісінің айтқанын ғана қыла беруді не деуге болады?
        ̶  Иә, иә... Мұны не деуге болады? ̶  деп көпшілік шу ете түсті. Жүрегім тағы зу ете түсті. Тағы сөз алуға тура келді:
        ̶  Жолдастар, мен тағы қателескен екем. Бұл қатемді осы отырған көптің алдында мойныма аламын...
        Әй, енді осымен бітірген шығармын деп, маңдай терімді сыпырып, отыра бергенімде, есік жақтан бір қызыл орамалды қыз-комсомол және соқпасын ба?!
        ̶  Бұл кісі қатемді мойныма алдым ғана дейді. Бізше, бұл жеткіліксіз. Қатені мойындап қана қою большевиктік емес. Қатені істеп алып, оны мойындап қана тек отырудың өзін не деуге болады?
        ̶   Иә, иә... мұны не деуге болады? ̶  деп көпшілік гу-гу етті. Жүрегім тағы зу-зу етті. Тағы сөз сұрауыма тура келді.
        ̶   Жолдастар, рас, мен тағы қателескен екем, қатемді мойынға алумен бірге, қатеге қатеге қарсы күресемін деп сіздерге уәде беремін.
        ̶   "Большевикше" дегенді айтпады! ̶ деп, біреу дауыстады. Дүмім жерге орнығып отырып қалған екем, орнымнан шала көтеріле беріп:
        ̶   Әлбетте, большевикше, жолдас, большевикше... ̶  деп, қайта мықшия кеттім. Тақ жанымнан тағы біреу тұра келді:
        ̶   Менімше, әлгі айтқаны жеткіліксіз. Тап тартысы күшейіп, большевиктердің сыналатын жері келгенде, қатеге қатеге қарсы күресемін деп бұл кісінің былқылдатуын не деуге болады? Әңгіме қатені істеп қойып, артынан арпалысып күресіп жатуда емес қой, қатені істемеске большевиктік қырағылық керек. Жолдас Қожағали, шынай большевик болатын болсаң, қателеспеуге большевиктік қырағылығың қайда?
        ̶   Иә, иә... Қырағылық қайда? ̶ деп, көпшілік ду-ду ете түсті. Жүрегі құрғыр тағы зу-зу ете түсті. Тағы тұруға тура келді:
        ̶   Жолдастар, мен тағы қате жіберген екем. Қатеге қарсы большевикше күресемін. Қателеспеуге большевикше қырағы болам, оған уәде берем.
        Қара пұшпағыма шейін сорпа болып терлеп кеттім де, отырған біреуге таман жантая бердім. Жантайған кісім ̶ өзіміздің ел жақтың бір оқушы баласы еді. Соның өзі түрегелді:
        ̶   Бұл ағай тек өз қатесін ғана көріп, өзі ғана қателеспеуге қырағы болып, өз қатесі үшін ғана күресетін көрінеді. Егер айналасында өзінен басқалары қате істеп жатса: "Бадырақ көз, сен тимесең, мен тимеймін" дегендей ағайдың үндемейтін түрі бар. Өзгелердің қатесін ашпаушылық, оларға қарсы күреспеушілік не болады?
        ̶   Иә, иә... Бұл не болады, ̶  деп, көпшілік тағы шулап кетті. Жүрегім бағанадағыдай селкілдеп зулауға шамасы келмей қалды білем. Тек өне бойым ауыр тартып, көзім қарауыта берді. Сүйтсе де сөз сұрауға тура келіп, сүйретіліп тұра келдім:
        ̶ Жолдастар, мен қателескен екем. Қателесумен қабат, қатемді мойныма аламын. Мойныма алумен қабат, қатеге қарсы күресемін. Әлбетте, большевикше күресемін. Қатені істемеумен қабат, қателеспеуге большевикше қырағы боламын. Өзімнің қателеспеуіммен қабат, өзгелердің қатесіне қарсы күресемін. Өзгелердің қатесіне қарсы күресумен қабат, өзгелердің қателеспеуіне большевиктік қырағылық істеймін,... көпшілікке қарап бажырая қалыппын. Сірә, отыруды да ұмытып кетсем керек. Мәжіліс бастығы:
        ̶  Енді екінші мәселеге көшеміз, ̶  дегенде:
        ̶  Уһ! ̶  деппін де, отыра кетіппін.

Ілияс Жансүгіров

1933-жыл