Саясат

125 млн долларлық қала атауы немесе бұл қаражатқа не істеуге болады?

Астана атауының өзгеруі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

«Альпари» аналитикалық-ақпараттық орталығының басшысы Александр Разуваев Астана атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертуге шамамен 125 млн доллар қаражат кетеді дейді. Бұл жайында РИА НОВОСТИ сайты мәлім етті. Сарапшының пайымдауынша 80 млн доллар қала тұрғындарының құжаттарын жаңалауда, 25 млн доллар бағыт көрсетуші, нұсқаулық тақтайшаларды жасауда, ал 5 млн доллар қала картасын жаңартуға кетеді. Сонымен қатар 15 млн доллар Конституцияға өзгеріс енгізу барысында жұмсалуы мүмкін. Әрине, өзге де ірілі-ұсақты шығындар тағы бар.

125 млн доллар өте үлкен қаражат. Еліміздегі әлеуметтік мәселелер қордаланып тұрған сәтте, бұл қаражатты халықтың тұрмысын жақсарту мақсатында қолдануға болар еді.

Мысалы «Алматы Жастары» атты тұрғын үй бағдарламасы екі мәрте ұйымдастырылып, әр жолы оған 1 млрд теңге қаражат бөлінді. Ол ақшаға 10 млн теңгелік 100 пәтер алуға болады. Бағдарламаның негізгі шартында да 10 млн деп көрсетілген болатын. Ал 125 млн долларға 10 млн теңгелік 4625 пәтер алуға болады. Бұл дегеніміз бір ықшам ауданның пәтерлер саны. Әр отбасыда орта есеппен ата-анасы және екі баласы бар деп есепке алсақ, онда 4625 пәтерді 18500 адам мекендейді деген сөз. Осынша жанға шынайы күлкі, жылы үй мен ертеңгі күнге деген сенім, отанға деген махаббат сыйлай алатын едік.


2019 жылдың 6 наурызында Қазақстан Қытайдан 2 млрд юаньға немесе 300 млн долларға несие алатыны белгілі болды. Қытайдан алынған қаражат ЕАЭО-ның Қазақстан аумағындағы кедендік шекарасында орналасқан өткізу пункттерін модернизациялау мен техникалық қамтуға жұмсалмақ. Жылдық өсімі 2 пайызды құрайтын бұл несиені алғанша, біз 125 млн долларға аталмыш мәселені өзіміз реттеуге болатын еді.


Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев президенттік қызметін атқарып тұрған сәтте, 5 қазанда Қазақстан халқына кезекті жолдау барысында үш ауысымдық мектептердің әлі бар екендігін айтып, бұл мәселені шешу үшін 2019-2021 жылдар аралығында 50 млрд теңге бөлуін тапсырған еді. 50 млрд теңге дегеніміз – 132 млн доллар. Яғни биылдың өзінде, үш ауысымдық мектептер мәселесін біржолата шешіп, 2021-ге қаратпай қазақ балаларын жаңа да жарық мектеппен қамтамасыз етуге болар еді.

Жастар жылында атқарылатын іс-шараларға 24,6 млрд теңге қаражат бөлінді. Бұл – 63 млн доллар деген сөз. Ал 125 млн долларға екі есе көп шара мен шынайы жастарды қолдау жобаларын іске асыруға болады.

Жалпы 125 млн долларға көптеген әлеуметтік нысандар салуға болады. Балабақшалар салып, бүлдіршіндерге шаттық сыйлауға, ауруханалар салып, тұрғындарға денсаулық сыйлауға, шалғай ауылдарға жол салып, үміт сыйлауға болады. Өйткені аз ақша емес.

Қала атауын өзгертуге бәлки бұл қаржыдан аз, бәлки көп кетер. Өйткені бұл бір ғана сарапшының есептеуі. Мемлекет әлі нақты көлемін көрсетпеді. Бірақ мәселе онда емес, мәселе дәп қазір бізге осы керек пе? Міне, үлкен сұрақ осы!