Weekend

Әмина Өмірзақова: қазақ киносы мен театрының анасы болғанға дейін

Ұлғайған кейуаналарды ғана емес, жасөспірімдер мен бойжеткендердің талайының жан-дүниесін бейнелеген суреткер жайлы бірер сөз

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бәрімізге мәлім бүгінгі күні 100 жылдығы тойланып отырған актрисаның актерлік портреті көз алдымызда театр мен кино әлемінде көбінде ана бейнесінде жатталып қалғаны жасырын емес. Оның шеберлігімен жүз елуге тарта сомдалған рольдерді жік-жігімен жіктер болсақ, өмірінің әр кезеңінде тудырған сахналық бейнелері бір-бірінен оза шабады. Актриса шығармашылығында әлі де зерттелмеген, қопарылмаған тау астындағы жанартаудай бейнелері жетерлік. Олай болса Әмина Өмірзақованың роль кескіндеудегі өнерпаздық шеберлігін шама шарқымызша талдап көрелік.

Әмина Өмірзақова кейіпкерлерінің ішкі-тысқы бояуларынан тап басып тани алды ма, жоқ па, оған көз жеткізу үшін сол тынымсыз аққан өзендей ілби, ілгерілей, ентелей аққан жыл аралықтарына жүгінеріміз сөзсіз. 

Жасөспірімдерден бастап, орта жасар немесе ұлғайған кейуаналардың талайының жан-дүниесін жағалап көрді. «Нәзік лиризм, айқын комедиялық бояу, соның ішінде гротескалық, фарстық күлкі түрлері, тартыс-таласқа құрылар драмалық күрес сәттері, ауыр қайғы, көңілсіз мұң белгілері оның өзіндік орындаушылық стилін құрады. Әмина Өмірзақова қолтаңбасы қашанда өзіндік әрімен, өзгеше нақышымен құнды. Әрине, барлық рөлдер сәтімен шыға бермеуі даусыз. Әйтсе де актриса Әминаның ішкі зауығы қайсыбір кейіпкерлерін болмасын, алуан түске аунатып, адам жанының көп қырлы, құпиялы сәттерін нәзік көрсетуге жақын тұрады. Ол жұмысқа құлай берілуді мұрат тұтқан суреткер», - деп жазады сын сардары Әшірбек Сығай. 

Әлі кәсіби маман атағын алмай тұрып, оқу бітірер кезінде Фридрих Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат» пьеасындағы Луизаның рөлі Әмина Өмірзақованың киелі сахна өнеріндегі тұсауын кесті. 

1938-1940 жылдары Ж.Шанин атындағы Шымкент облыстық драма театрында қазақтың Джульеттасы – Баян (Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш-Баян Сұлуында»), Смеральдина (К.Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметшісінде»), Мөржан (М.Әуезовтың «Түнгі сарынында»), Шауали (М.Ақынжановтың «Ыбырай Алтынсаринінде») бейнелері шеберлігі шыңына жетіп, әлі пісе қоймаған актрисаның театрдағы алғашқы қадамына жол ашты. Жанарынан жалын атқан жас, балауса Өмірзақова осы рөлдерімен-ақ екі жыл қызмет еткен театрының тарихына алтын әріппен жазылмақ.

1948 жылы Ғ.Мүсірепов театрына келіп, сахна мен түсірілім алаңында актерлік қабілетінің әбден ысылған шағында да бірқатар рольдерді кемеліне жеткізе орындай білді. Ефимчик (Б.Горбатовтың «Әкелер жастығында»), Нахтигаль (Н.Хикметтің «Әпендісінде»), Алтынай (Ш.Айтматовтың «Алғашқы мұғалімінде»), Кенжегүл (Қ.Мұхамеджановтың «Өзіме де сол керегінде»), Джулия (Шекспирдің «Вероналық екі бозбаласында»), Гүлжамал (Т.Ахтановтың «Күшік күйеуінде»), Мәриям (С.Шәймерденов «Дөкей келе жатырында»), Шүйкетай (С.Жүнісовтың «Қызым, саған айтамында»), Гүлбаһрам (Ә.Тәжібаевтың «Монологтарында») және өзге де рольдерімен қазақ театр сахнасынан талантты актрисаның қайталанбас ойын өрнегімен ойып тұрып орын алды. Ә.Өмірзақова шығармашылық жолының осы кезеңінде комедиялық, өміршең кейіпкерлерге жан бітірді. Күйлі әрекеттерді титтей де бәсеңдетпей, біріне-бірін жалғастыра, кейіпкер жанын ұшқындата отырып, оқиға желісін аяғынадейін алып шығу – өнерді жан-тәнімен сүйетін хас шебердің ісі. Иә, бұл бейнелер сахнагердің он жыл бұрын сомдаған қаһармандарынан өзгеше еді. Солардың бірін театртанушы, ғалым З.Исламбаева былай суреттейді: Қ.Мұхамеджановтың «Өзіме де сол керек» комедиясындағы аңқау, жұмсақ мінезді, қабақ шытуды білмейтін Кенжегүл әрекеті күлкіге құрылған. Сонымен бірге, С.Жүнісовтың «Қызым саған айтам» пьесасындағңы жағымсыз кейіпкер Шүйкетау арқылы Ә.Өмірзақова өнерінің өзге қырын танытып өтеді. Түрлі характердегі, түрлі жастағы, түрлі кезеңдегі кейіпкерлер характерін ашу жолында актриса тек шынайылықты табиғилықты ғана көздеді. 

1957 жылы Д.Фурмановтың «Бүліншілігінде» Камал, М.Ақынжановтың «Ыбырай Алтынсаринында» Шауали бейнелерін көркем шығарған актриса еңбегі Мәскеу қаласында Балалар театрлары байқауының лауреаты деген атақпен марапатталып өтті. Үлкен өнер жарысында бағы жанған қос қойылым қатарынан І және ІІ дәрежелі құрмет дипломдарына ие болғаны театр тарихынан мәлім.

Кейінгі жылдары актриса шеберлігінен туған Рабиға (Ш.Хұсайыновтың «Рабиғасында»), Қалиса (С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатында»), Сағадат (Ш.Құсайыновтың «Біздің Ғаниінде»), Қанзипа (Ш.Құсайыновтың «Күншуақтасында», ана (Ә.Таразидің «Ол менің тағдырымында»), кейуана (О.Бодықовтың «Отырар ертең қирайдысында»), Қалампыр (Ш.Уалихановтың «Тағдырында»), Раиса Александровна (И.Савин мен Ж.Тәшеновтің «Іске сәт, қыздарында», Глумова Островскийдің «Адам аласы ішінде»), Ділдә (М.Ақынжанов пен С.Назарбек «Құнанбай келіні Ділдәнің зары») рөлдері біздің Әмина Өмірзақова десе көз алдымызға келетін шағында жасалған. Мейірлі жүзінен нұр тамған дара болмысты өнер иесінің жұртшылық жүрегіне жарқын жол тауып, орын алғанының себебі де – біз әлі күнге аңыз ғып келе жатқан бейнелерінің жемісі болса керек. Оның үнінде, жүзінде сезімталдық сипаттары ұшқындап, көпшілікті иландырарлық табиғи шындық белгілері атойлап жатты. Сөз сөйлеу мәнері мен ширақ қозғалысы, көңілді күлкісі мен нұр шашқан жүзі, өз кейіпкері жан-дүниесімен біте қайнасып жатқан еді. Осы үшінде актрисаның саналы ғұмырының бір бөлігін иемденген қазақ театр өнері Әмина Өмірзақованың актерлік сұлбасын көркем қаланған бітімімен, ажарлы бояуымен биік тұғырында сақтары хақ.