Bugin
Екінші сынып оқушысын итеріп жіберген елордалық мұғалімді жұмыстан шығарып жіберді. Оқиға Астанадағы №27 мектеп-лицейінде болған, деп хабарлады Bugin.kz порталы Azattyq Ruhy сайтына сілтеме жасап.
Оқушының әкесі өз шағымында дене шынықтыру мұғалімі сегіз жасар қызын қолымен итеріп, оған айқайлағанын айтқан.
Бейнебақылау камерасының жазбасында мұғалімнің оқушы қызды қолымен итеріп жіберген сәті анық көрінеді.
Астана қаласы білім басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір оқиғаны полиция тексеріп жатыр. Оқушы сот-медициналық сараптамадан өтеді.
Сондай-ақ білім басқармасы №27 мектеп-лицейінде қызметтік тексеріс жүргізгенін хабарлады. Тергеу барысында 2-сынып оқушысына қатысты мұғалім тарапынан педагогикалық этикаға сәйкес келмейтін мінез-құлық фактісі болғаны расталды.
"Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 65-бабының 1-тармағына сәйкес дене шынықтыру мұғаліміне педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестің ұсынымы негізінде қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданды.
Мектептің 2023 жылғы 30 қаңтардағы №19 "жұмыстан босату туралы" бұйрығына сәйкес және Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 49-бабының 5-тармағына сәйкес аталған мұғалім жұмыстан шығарылды.
Этикалық нормалар мен талаптарды сақтамау фактілерін болдырмау мақсатында мектеп ұжымына профилактикалық жұмыс жүргіздік. Басшының тәрбие жөніндегі орынбасарына педагогикалық этиканың негізгі қағидаттарының сақталуын бақылау және мұндай жағдайларға жол бермеу тапсырдық» делінген хабарламада.