Bugin
2023 жылдың ақпанынан бастап қазақстандықтардың өмірінде біршама өзгеріс орын алады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Ең жоғары инфляция және базалық мөлшерлеме
Ұлттық банктің болжамы бойынша, Қазақстандағы инфляцияның шарықтау шегі 2023 жылдың ақпанында болады.
"Ақпан айында біз жылдық инфляцияның шарықтау шегін күтеміз. Наурыздан бастап жылдық инфляцияның төмендеуі күтілуде. Ағымдағы жағдайлар базалық мөлшерлемені ағымдағы деңгейде айтарлықтай ұзақ уақыт ұстап тұруды талап етеді", - деді 13 қаңтарда Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов.
Сонымен қатар 24 ақпанда Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша тағы бір шешім қабылдайды. Еске салайық, қаңтарда базалық мөлшерлеме 2022 жылы алты есеге көтерілгеніне қарамастан, 16,75 пайыз деңгейінде сақталды.
Бұл ретте Ұлттық банк базалық мөлшерлемені кем дегенде алты ай бойы жоғары деңгейде ұстауды, одан кейін сыртқы күйзеліс болмаған жағдайда оны біртіндеп төмендетуді жоспарлап отыр.
Қонаевтың бас жоспары
Ақпан айында жарты жыл бұрын Алматы облысының орталығына айналған Қонаев қаласының жаңа бас жоспары бекітіледі.
Бұған дейін әкімдік қалада бірнеше ірі жобаның жүзеге асатынын хабарлаған болатын. Болашақта оның жеке академиялық қалашығы, заманауи спорт және мәдени нысандары болады.
Ауа райы
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, ақпан айында республика аумағының басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормаға жақын. Қазақстанның оңтүстік-батыс және оңтүстік-шығыс шеткі оңтүстігінде нормадан 1 градусқа жоғары.
Ақпан айындағы жауын-шашын республиканың басым бөлігінде нормаға жақын болады. Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарында жауын-шашын мөлшері нормадан аз болады деп күтілуде.
Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы облыстарында жаңбыр түріндегі жауын-шашын нормадан артық болады деп болжануда. Ылғалдылық мөлшері Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақтөбе облыстарында салыстырмалы түрде жоғары.
Демалыс
Ақпан айында қазақстандықтар бес күндік жұмыс аптасында 8 күн, алты күндік жұмыс аптасында 4 күн демалады. Бұл айда мемлекеттік мерекелер жоқ.