ДАМУ

"Бір мезетте 6 жын кірген": Атышулы кино туралы не белгілі?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Киноиндустрияда сюжет шынайы оқиғаға негізделсе, көрермен көңілінен ерекше орын алатынын жақсы білеміз. Әсіресе, жантүршігерлік жағдайды бейнелейтін фильмдер тез танылады. Соның бірі 2005 жылы шыққан "Эмили Роуздың алты жыны" атты туынды. 

Фильмде Эмили атты бойжеткен озат оқып, қалаға оқуға түседі. Арудың сабақ үлгерімі, тұратын жері бәрі жақсы. Десек те, ол қуанышы ұзаққа созылмай, өмірінде түсініксіз құбылыстар пайда бола бастайды. Күндердің күнінде жатақханада жалғыз өзі жатқан қызға белгісіз күш шабуылдайды. Көзіне ештеңе көрінбесе де арпалысқан түскен бойжеткеннің өмірі қиындай түседі. 

Түннен шығып, күндіз сабаққа барғанда да айналасындағы адамдардың көзқарасы мүлдем ерек болып көрінеді. Негізінен қалыпты жағдай болса да, қызға әр көрініс қорқышынқа, үрейге толы еді. Түн ортасы, сағат тілі 3:00–ді көрсеткенде әлгі белгісіз тіршілік иесі қайтадан қызға шабуылдайды. Ақыры есінен адасуға шақ қалған қызды ата–анасына табыстайды.

Дәрігерлерден дәрмен болмағасын, сол маңдағы шіркеудің шырақшысы Мор әкейдің көмегіне жүгінеді. Сюжет бойынша, Мор әкей ақ халаттылар айтқан гамбутрол атты препаратты қабылдамауға кеңес берген. Себебі, одан еш көмек болмады. Сол себепті қыз қайтыс болды деп, шырақшыны соттайды.

Осы іске Эрин Брунер есімді адвокат бар білімін салады. Соңында Мор әкей бостандыққа шығады. Әкейдің жазығы – қызға кірген жынды шығаруы еді. Қанша күн нәр татпай, қиналған ару "жын шығару" рәсімінде жан тапсырады.

"Шындықты жеткізу үшін де өтірік қосу керек" деген жақсы сөз бар. Кино саласында бұл қалыпты жағдай десе де болады. Ал шын мәнінде оқиға қалай болды?

Эмили Роуздың шын өмірдегі есімі Анна Элизабет (Аннелиза) Михель. Ол 1952 жылы Баварияның Лайбфинг ауылында дүниеге келген. Әке– шешесі католик дінін берік ұстанған Йозеф пен Анна балаларын да қатаң қадағалаған.

Аннелиза кішіпейіл және жиі ауыратын бала болып, өсе келе байсалды, сабырлы және мейірімді қызға айналды. Ата-анасымен және үш сіңлісімен ол аптасына бірнеше рет шіркеуге барып, дұға ететін.

16 жасында Аннелизадан эпилепсия анықталды. Кейінірек өкпенің қабынуы басталып, туберкулезбен ауырған кезде, тыныс алу органдарын емдеу үшін санаторийде алты ай жатуға мәжбүр болды. Анна ем алудан оралғанда, мектеп бағдарламасынан екінші жыл қалған еді. Нәтижесінде достарынан айырылды.

Ал қатал ата-анасы оған бұрынғы жігітімен кездесуге тыйым салды және қатарластарымен сөйлесуге рұқсат бермеді. Оған биге баруға немесе жастармен танысуға рұқсат етілмеді. Аннелиза күн сайын өзін жалғыз сезініп, қысымға ұшырады.

Алғашқы белгі
1973 жылы университетке түсуге бар ынтасымен дайындалып жатқанда, ол бірінші рет шкафты әлдекімнің тоқылдатқанын және бөлме қабырғаларынан сыбырлаған дауыс естіді. 

Діннен бас тарту
Сол жылдың қысында бойжеткен вюрцбургке университетте оқуға көшкен кезде, ұзаққа созылған депрессиясын жеңуге тырысып, психикалық клиникаға барды. 

Қыз кенеттен діни заттардан қатты бас тартқан кезде, дінге берік ересектерде күдік пайда болды: қыз қатты ауырады немесе қараңғы күштерге әуестенген.

Жын шығару рәсімі
1975 жылдың жазында діни қызметкер Эрнст Альт алғаш рет оған жын шығару рәсімін өткізді, бірақ Аннелиза маманның дауысын естігенде адам сенгісіз қылық танытқан.

Ару өзін әлсіз сезінген соң ата-анасының үйіне оралып, оқуын тастайды. Виола оған тағы бір рет Психикалық клиникаға баруға кеңес бергенде, ол ата-анасының ықпалымен бұл ұсыныстан бас тартады.

Эрнст Альт шіркеу үйірмелерінде танымал діни қызметкер Арнольд Ренцтен көмек сұрайды және 1976 жылдың маусым айының соңына дейін олар жас қызға 67 жын шығару рәсімін өткізеді. 

Аннелиза айқайлайды, ашуланады, өз дауысымен сөйлемейді, ит секілді үреді, өзін жеуге тырысады. Осыған қарап, дін қызметкерлері қызға бір сәтте алты бірдей жын кірген деп топшылаған.

Зұлым күштерден "тазару" үшін қыз тамақтанудан мүлдем бас тартады, бірнеше сағат бойы жерде жатып, басын еденге ұрады. Ол күн сайын түрлі қимылдар жасап, өзін азаптайды. Ата-анасы қызын төсекке байлап, оның қолдары мен аяқтары Исаның жараларының іздерін сезінуін қалайды.

1976 жылы 1 шілдеде, жын шығарудың соңғы рәсімі күні, Аннелиза Мишель шаршау мен әлсіздіктен қайтыс болды. Ол қайтыс болған кезде салмағы небәрі 31 келі еді. Денесі өкпенің ауыр қабынуынан және көптеген көгеруден зардап шекті. Оның жасы 24-ке де толмады.

Қыздың ата-анасы мен екі діни қызметкер де "медициналық көмектен бас тартып, нәтижесінде абайсызда кісі өлтірді" деп айыпталды. Тарихқа "Ашаффенбург процесі" ретінде енген сот процесіне бүкіл әлем қызығушылық тудырды. Ал сотта айыпталушылар обсессия мен жындардың шынымен бар екеніне сенімді болды.

Ал сот жындардың бар екеніне сенбейді. Ол тек фильмде ғана болуы мүмкін жайт.

Аннелиза қайтыс болғаннан кейін католик шіркеуі жын шығару тәртібін қайта қарады және егер жәбірленуші медициналық көмектен бас тартса, рәсімді тоқтату керек деген түзетулер енгізді.

2005 жылы "Эмили Роуздың алты жыны" фильмі кинотеатрға шыққан кезде, Аннелизаның анасынан журналистер 1976 жылы болып жатқан оқиғалар туралы сұрады. Әйел ештеңеге өкінбейтінін айтты.