Bugin

Танымал ақын өзін депутат ретінде кандидаттыққа ұсынды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Белгілі ақын Ринат Зайытов ҚР Парламенті мәжілісінің депутатын сайлау бойынша №3 бірмандаттық аумақтық сайлау округінің сайлау комиссиясына құжат тапсырғанын желіге жариялады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

"Бүгін мажоритарлық жүйемен өзімді-өзім ҚР Парламент депутатына кандидаттыққа ұсындым. Мойындаймын. Оңай келген шешім емес. Ең әуелгі сұрақ қай аймақтан бақ сынайтыным болған. Алдымда екі таңдау болды. Біріншісі — Алматы қаласы, екіншісі — Абай облысы. Әрине, бір қараған адамға туған жерім, үш жұртымның ең көп өкілдері тұратын аймақ — Абай облысы тиімді болатын еді. Бірақ, "Ауыл итінің аузы сасық" екенін, бір облысты толық аралауға, әр ауылдан сенімді өкіл, әр участоктен бақылаушы, тағы басқаны ескерсек, оның барлық шығынын өтейтін менде мүмкіндік те, демеуші де жоқ. Оған қоса аймақтарда жергілікті биліктің ықпалы өте үлкен.

Алматы  азаттықтың астанасы әрі рухты қауымның мекені. Ол аз десеңіз, осыдан төрт жыл бұрын биліктің кісенінен жұлып алған да осы Алматыдағы ағайын. Демеушім жоқ демеймін, тілектестерім бар. Қазақ бар! Жаратушыдан кейін сенерім солар. Тәуекел", — деп жазды ақын.

Осылайша, ол депутаттыққа Алматы қаласының атынан түсетінін ресми түрде мәлімдеді.