Bugin

17 рет ұрып, көзін шығарып жіберген: Марқұмның туыстары әділдік іздеуде

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Алматыда алпыстан асқан ер адамды аяусыз соққының астына алып, өлтіріп кеткен. Жалдамалы жұмысшы болып істеген Советхан Сейітов сол күні кешке ақша табу үшін үйінен шыққан. Марқұмның туыстары қанды қылмысқа қатысы бар адамдардың барлығы жазалануын талап етіп отыр. Өйткені 17 рет ұрып, көзін шығарып жіберген адамдар бостандықта жүрмеуі тиіс деп санайды. Ал азаматты айуандықпен өлтірді деген іс бойынша тек бір ғана адам ұсталған, деп хабарлайды Bugin.kz порталы 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

Алты баланың әкесін 24 қазанда айуандықпен өлтіріп кеткен. Қызы Жанна Құрманованың сөзінше, әкесі екінші топтағы мүгедек інісіне қарайлау үшін тұрақты жұмысқа орналаспаған. Алайда жан бағудың жолында көшеге шығып жалдамалы ретінде әртүрлі шаруаларды істеп келген. Бірақ сол күні кешке үйінен таныстары шақырып, ақша табу үшін кеткен әкесі кісі қолынан қаза тапты деп отыр.

«Әкеңіз қарсылық көрсетті дейді. Мен оны ары қарай ұра бердім деді. 17 рет басынан ұрып, көзін шығарып жіберген. Онымен қоймай қашып бара жатқан жерінен алып кетіп өлтіру дегеніміз айуандық қой. Әкемнің қолында 60 теңгесі қалған», – деді марқұмның қызы Жанна Құрманова. 

Жақындары бейнебақылау камерасынан өзге адамдардың ұрмаса да, бірге тұрғанын көрген. Осылайша қанды қылмысқа бірнеше адамның қатысы болуы мүмкін деп топшылап отыр. 

«Полицейлердің өздері видеода айтып отырғандай бұл жүргізуші емес дегендей. Қасында тағы бір адам бар. Өйткені видеода мен үш адамды көрдім. Ол бір адам өзіне алып тұр. Бізде көше бойында камера көп қой. Толығымен неге көрсетпейді», – деп қосты ол.

Қанды қылмысқа байланысты соттың алғашқы тыңдалымы өткен. Жәбірленуші тарап кінәлілер әділ жазасын алса дейді. Қазір қорғаушылары кезекті сот процессіне дайындалып жатыр. Қасақана жасалған қылмыс деген марқұмның туыстары үкімнің оң шешіммен аяқталатынына сенеді.