Әлем
Өзбекстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Фармацевтикалық желіні дамыту агенттігінің бұрынғы басшысы қамауға алынғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Фармацевтикалық желіні дамыту агенттігі мен оған қарасты Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы сараптау және стандарттау мемлекеттік орталығымен жүргізген зерттеу нәтижелеріне сәйкес, көптеген қаржылық қателер және кемшіліктер орын алғаны анықталды. Бюджет қаражатын жұмсау кезінде белгіленген талаптарды өрескел бұзу фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеуді Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі тергеу басқармасы жүргізіп жатыр.
Сондай-ақ «ДОК-1 МАКС» пен «АМБРОНОЛ» шәрбатының жанама әсерінен «жедел бүйрек жеткіліксіздігі» диагнозымен балалардың өліміне қатысты қылмыстық істі тергеу аясында бірқатар лауазымды тұлға қамауға алынды.
Атап айтқанда, жиналған айғақтардың негізінде Фармацевтикалық желіні дамыту агенттігінің және оның жанындағы Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы сараптау және стандарттау мемлекеттік орталығының директоры К.С. және оның жасалған қылмыстарға қатысы бар бірнеше сыбайласы күдікті ретінде ұсталып, оларға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Алғашқы тергеу барысында Өзбекстанға сапасыз дәрі-дәрмектің әкелінуі мен тұтынылуына жол берген жауапты тұлғалардың ауқымын анықтауға, олардың әрекетіне құқықтық баға беруге бағытталған кешенді тергеу және жедел іс-шаралар мен тиісті сараптамалар жүргізілуде, - деп хабарлады агенттік.
Фармацевтикалық желіні дамыту агенттігінің басшысы өткен жылдың соңында жұмыстан босатылған болатын.
Еске салайық, Өзбекстанда өткен жылдың қыркүйек-желтоқсан айларында 19 баланың өлімі тіркелген еді. Оған үнділік Marion Biotech компаниясы шығарған ДОК-1 Maкс препаратын қабылдау себеп болған. 7 қаңтарда жоғарыда аталған сиропты ішкен тағы бір баланаың қайтыс болғаны анықталды. Ел президенті Фармацевтика агенттігінің басшысын жұмысынан босатты. Елде қылмыстық қозғалды. Ал Қазақстан билігінің мәліметінше, бұл дәрі елімізде тіркелмеген және сатылымда жоқ.
Кейін Өзбекстанда медициналық мақсатта қолданылатын тағы бір препарат - «Амбронолдың» талапқа сай келмейтінін мәлімдеді.