Hi-Tech
Ғарыш әлемі
Іс-шара оқушылардың Байқоңыр ғарыш станциясында ғарыш зымыранының ұшуын өз көздерімен тамашалауынан бастау алып, үздік идеяларын қорғаумен жалғасты. Басқосуға ғарышкерлер Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетов арнайы шақырылды. Сонымен бірге NASA-ның ғылыми зерттеушіcі Ұлыбританиядан келген Правин Пратапан мен SpaceX ғарыш сарапшысы Майкл Лутомски талантты жастардың тың жобаларымен танысты.
Республикалық шара болғандықтан, Сыр елінде Назарбаев зияткерлік мектебінің аймақтардағы оқушылары жиналды. Ақтөбедегі зияткерлік мектептің оқушылары көрермендерді "NIS Station" ғарыш станциясына шақырып, "NIS Space Explorers" әуе кемесін қондыру арқылы ғылыми жобалар байқауының басталғандығын хабарлады.
Келешек ғалым болатын жастардың жобалары әралуан. Әуеғарыш инженерия саласының ең өзекті мәселелерін қозғайтын 80-нен аса ғылыми жобалар таныстырылды. Олардың ішінде - аспан денелері мен ғарыш аппараттарының 3D моделі, орбита станция жобалары, әмбебап борт құрылғылары, көпфункционалды зымырандар, ғарыш ассисстентінің прототипі және лазер энергиясы мен толықтырылған шынайылық сынды инновациялық технологияларды қолдану сынды бағыттары бар.
Жыл сайын өтетін Наурыз кездесулерінің тақырыптық ауқымы кең. Назарбаев зияткерлік мектептері ДББҰ басқарма басшысының міндетін атқарушы Светлана Испусинова қазақ жастарының ғылыми жобаларын
- Биылғы тақырыптың ғарыш саласына арналуы бекер емес. Себебі бүгінгі таңда ғарыш тақырыбын зерттеу әлемдік деңгейде өте маңызды. Сол үшін біз NASA, SpaceX сынды әлемдік ғарышпен айналысатын ғалымдарды шақырдық. Бұдан бөлек, Еуропадағы ғарышкерлерді даярлайтын орталықтың ғылыми қызметкерлері келді. Балалар қолдағы бар құрылғылардың көмегімен зымырандар дайындады. Олар жобаларды негізгі фундаменталды ғылымдардың бірігуі арқылы ізденді. Негізі жобаларға халықаралық ІТ университеттері 8 грант ұсынып отыр. Бас жүлде алған оқушылар тегін оқуға мүмкіндік алады,-дейді Светлана Испусинова.
Сырттан келген сарапшылар зияткерлік мектептің оқушыларының жобаларына қызығып отыр. Илон Маск басқаратын SpaceX компаниясында ғарыш сарапшысы ретінде қызмет ететін Майкл Лутомски ғылыми ізденіске ден қойған жастар бірден SpaceX-ке емес NASA компаниясының тәжірибесін көруі керек дейді. Себебі ғарыш саласының бүге-шүгесіне дейін, ғылыми ашылулар сонда оқытылады. Ал, SpaceX таза коммерциялық бағыттағы практикалық жұмыстарды атқарады деп жауап қайырды.
- Мен 20 жыл NASA-да және 6 жыл АҚШ-тың SpaceX ғарыш жүйелерінің қауіпсіздігі мен сенімділігі жөніндегі директоры болып қызмет атқардым, алайда пилотты кораблінің ұшырымын алғаш рет көріп отырмын. Мен Қазақстан оқушыларының ғылыми ізденістерін жоғары бағалаймын. Талаптары, идеялары жақсы,-дейді Майкл Лутомски.
NASA халықаралық компаниясынан келген Правин Пратапан ғылыми жобалардың нәтижелілігін көру үшін кемінде 10-20 жыл уақыт кетіп қалады дейді.
Астанадағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Альнур Акчурин "Агрогель - ғарышта өсімдік өсіру жолы" тақырыбындағы ғылыми жобасын ұсынып қазылар алқасын таңқалдырды. Ол егінге қолайсыз кез келген топырақты қарашірікке айналдыру қабілеті бар агрогель сұйықтығын ұсынды. Альнурдың айтуынша, бұл сұйықтық арқылы өсімдік өспейтін планеталарда егін шығаруға болады. Альнур аталған жобамен екі жарым жылдан бері айналысып жүр. Қазіргі таңда ол "Ядролы технологиялар паркінің" серіктестігімен қызықты эксперименттер жүргізіп жатыр.
Жас ғалымдардың IX Наурыз кездесулері барысында зымыран құрастыру мен зерттеуге арналған құрылғылар - телескоп, VR-көзілдірік пен планер, парашюттерді дайындау бойынша шеберлік сағаттарымен аяқталды.
Абай ТАҒЫБЕРГЕН