Weekend
P.S. қаланың қарбаласы «қылқындырғанда», ауылдың алақанын аңсайсың...
Ұмытсаң шаттық, қуаныш, күлкі, бақытты,
Таста да бәрін, ауылға бұрғын бағытты.
Құртын жеп, сүт іш, шапқылап тайға мін-дағы,
Арқалап маған ала кел қалған сарқытты...
Сағыныш – ес білгелі санамды саялап, көңілдің көрпесін жұлқылай, жүрегімді шымши, мұңымды бүлкілдетіп барып, жанардан жас атқылататын нәзік бір сезім. Түрі көп бұл сағыныштың. Тай-құлындай жарысып, күнмен-түнмен алысып, табиғатпен танысып, ойдөйт, балалар жүр, әнекей, жердің шаңын шығарып, ойнап-күліп қуанып, әкелері күні-түн тепеңдейтін еңбектеп, астықтарды суарып, кекілдері желпілдеп, ұшайын деп елпілдеп, анасына әр бала, мақтанып жүр еркелеп... Иә, дәл осындай еді шынайы көрінісі... Көмбеден шыққан анамның ыстық нанының арасына қара сиырдың қою сүтінің майынан бір тілімін салып, былбыратып тұрып, асап‑асап жіберіп, қараңғыға қойылған суық сүттен сіміріп, асқазанға ел қондырып аласың алдымен. Содан соң қорадағы мөңіреп тұрған екі бұзауды суғару үшін шыбықпен шықпыртып алдымызға салып, тәшкіге флягті «өңгеріп» алып, көшені басымызға көтеріп, тарсылдатып, суға қарай жүгіре жөнелетін, Ауылым‑ай, бүгінгі айтарым саған деген ұлы сағыныш жайлы болмақ.
Алматыдан 250 шаршы шақырым жерде біреу білер, біреу білмес кішігірім бір «жер» бар. Ол қандай «жер» десеңіз, тыңдаңыз. Атыңыздың басын Алматыдан оңтүстік шығысқа қарай бұрып, Көкпек атты жазықты басып өтіп, өркеш-өркеш Аласа атты таудан асып, сала-сала сайлардан өтіп, әлемге әйгілі Шарын шатқалына жете бере кілт тоқтаңыз. Енді санмыңдаған жылдар бойына тынымсыз аққан Ақтоғай, Көртоғай өзендері салған көзді тартар шатқалдан батысқа қарай қырық алты шақырым жердегі қазақ даласының сонау қырғыз елімен шекаралас жеріне иірім-иірім жолдарды жағалай отырып, тік тарта беріңіз. Қош келдіңіз! Бұл көріп тұрғаныңыз Күнгей Алатауының солтүстік етегінде орналасқан Алматы облысы, Райымбек ауданына қарасты елді мекен – менің ауылым! Тоғыз таудан аққан бұлақты мекен - Тоғызбұлағым!
Ауылымда 230 шаңырақ, 1000-нан астам тұрғын, сал Қапездің атымен аталатын орта мектеп, бала-бақша, пошта, учаскелік амбулатория, мешіт, тойхана, жөндеуді қажет ететін клуб, шағын жеке дүкендер бар. Маңғырған малы, кемпір мен шалы, өсімдік талы, бәрі бәрі. Үйлесім тапқан, нұр шуақ шашқан, көктемде, жазда ашық аспан, ал, тұрғындары, мейірімді асқан... Суреттей берсең сөз қалмас...
Кең байтақ қазақ даласының қайсыбір бұрышын мекен еткен әдеттегі ауылдардан еш айырмашылығы жоқ бұл ауылдың да, әрине! Дегенмен, бұл менің ауылым! Айқыш-ұйқыш дұрыс жиналмаған төсектей дөңес-дөңес жоталардың әр төбесінде бір түтін, яғни бір үй десе де болады. Үшінші, төртінші көршіңе бару үшін, бір қотыр көшеден, бір сайдан асуың керек. Жо-жоқ, ауылым шашылған асықтардай емес, тек кең. Бұл менің кіндік қаным тамып, алғаш тіршілік атаулымен, көз ұшындағы көкжиекпен танысып, аяқ «шығып» еңбектеп, томпаңдап, жалаңаяқ шапқылап, жүз сүрініп, мұрнымды, тіземді жерге сүйдіріп, дөңіне өрмелеп, сайын тасалап, бала-бақшасына, мектебіне жүгіріп, қысқасы, балдай тәтті балалық шағым өткен құтты мекенім-Тоғызбұлағым!
Негізінен мал шаруашылығымен, соның ішінде, жылқы, сиыр, қой өсірумен айналысатын ауыл тұрғындары жаз шыға Екіаша жайлауына, Кеңсу өзеніне және сонау қырғыз елінің Жасыбай көліне дейін жайлауға аттанады. Қыс түсе Торайғыр қыстауын мекен етеді.
Ауылымды бауырына жасырынған Күнгей Алатауында қабан, бұғы, елік, түлкі, қасқыр, сілеусін бар. Қырқыншы жылдары қарақұйрық, аю болған. Алайда, белгілі-белгісіз себептермен олар мекендерін ауыстырған деседі. Сонымен қатар, тауда түрген шыршасы, шетен, долана, үшқат, сарыағаш, қайың, неше түрлі тал-теректер өседі. Және онда Меркі атты өзен ағады. Ол Кеңсу, Қарқара өзендерімен қосылып, Шарынға құяды. Жаздың соңғы екі айы тауда самсап тұрып таңқурай пісетін, тауға шығып, онда ағып жатқан балықсыз өзен Меркіге шомыла, бір сергіп қайтатын кезең. Таңқурайды теріп, ауыл арасына, көрші ауылдарға сатумен айналысатын ауылымның ойын балалары күздік кейбір жамауларын жамауға тиін-тебен тауып, ата-аналарының бір жағына шығысады. Ол да болса кішкентайынан еңбек етуге үйреткен өмір сабақтарының бірі болса керек. Он бір, он екі жаста болғанымда, ең алғаш таңқурай теруге шығып жүрген шақта, мойыма ілінген банканы енді толтыра бергенде, банкаммен, таңқурайыммен қоса таудан домаладым. Қолымды сырып, қалақай шақса да, ол үшін емес, төгілген таңқурай үшін жылағаным әлі есімде.
Тете әпкем анама көмектесіп, үйдің ішінде жүретін. Ал, мен әкеммен, ініммен бірге қораны тазалап, шөп салып, мал суару дегендей жұмыстармен айналысатынмын. Есімде қалғаны, айыр ұстай алатын еркек атаулының бәрі шөпке кететін жазда. Ымырт кіре, мал бададан тарар уақытта үшінші бұлақ жақта жүретін биені әкелу алтыншыда оқитын маған жүктелген. Әдетімше, тұсамысын жүген етіп алып, биеге жайдақ мініп, үйге келе жаттым. Қарасам, әкемдер келіпті. Бие күндегідей төбесі ашық, жан - жағы қоршалған тұрағына балпаңдап жүре берді. Дәл есігінің жоғарғы жағына биік етіп көлденең шанжа қойылған. Ол есімде еді. Бірақ мақтануды ойлаған мен оны ұмыттым. Әкеме мақтанып: «папа, қараңызшы!», дегенімше болмады, ішіме тиген қатты соққыдан көзіме жұлдыздар көрінді. Сөйтсем, әдетінше, бием тұрағына кіріпті де, мен есіктегі шанжаға беліммен асылып қалыппын. Осы секілді қызықтарға толы ауылымның бір қара тасын өзге елдің мың асыл тасына айырбастамаспын!
Қазіргі кезде ауылымды бұрынғыдан да қатты сағынудың тағы бір себебі бар. Ол – ауылым қойнауына тыққан, менің асыл Анама деген сағыныш...
Ақша бұлттарың көк аспаныңнан көшкенде...
Жазық далаңа көкмайса шөбің өскенде...
Арпа, бидайыңкүз келе тонын шешкенде...
Жылы нөсерің жеріңе нұрын төккенде...
Малшы-қоншылар ақ қарды белден кешкенде...
Тірлік қылмаған қалмайды-ау, сірә, еш пенде...
Тыпыңдап сол бір бітпейтін күйбең кеште де...
Тоғызбұлағым менің, кетпейсің ойдан, естен де...
Жыраққа сені аз уақыт тастап кетсем де...
Арманға, тілек, мақсатқа қанша жетсем де,
Әлемді шарлап, түрлі елді басып өтсем де...
Ұмыттырмайтын естеліктерім көп сенде...
Тоғызбұлағым, естеліктерім көп сенде...
P.S. қаланың қарбаласы «қылқындырғанда», ауылдың алақанын аңсайсың...