Bugin

Сайлау: Журналист және ел сенімі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

2023 жылғы 19 наурыз  - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы. Қоғамның тынымсыз тіршілігінен бойыңызды аулақ салған жан болсаңыз да, тіптен әлеуметтік желіге деген қызығушылығыңыз болмаса да, бүкіл қоғам сайлау деген дүрмектің жетегінде жүргендей әсерде қаласыз.

Осыған орай алаш тұлғаларының сабақтас ойлары есіңізге еріксіз оралады. Мәселен, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан 1905 жыл туралы «Бүкіл дала саясат аясына тартылып тұр» деп жазса, Міржақып Дулатұлы бұл туралы: «біздің қазақ жұрты да басқалардың дүбіріне елеңдеп, солардың ісіне еліктеп ұлт пайдасын қолға ала бастады» деп пікір айтқан екен. Біз де Міржақып Дулатұлы айтқандай «ұлт пайдасын» қолға алсақ дұрыс болар еді!

Қоғамның әрбір танымал мүшесі «Жаңа Қазақстанды» құру жолында белсенді әрекет етуге көшіп, «Мен болмасам, кім қоғамды түзетеді?» деп жұрт ісіне кіріскен бе деп қаласыз... Осылай болса құптарлық жағдай, алайда...

Тәуелсіздік алғаннан бері біресе қалың ұйқыға кеткен, енді бірде саналы әрекет етіп, бірақ тауы шағылған электорат болса қалың ой құшағында отыр...

Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына кандидаттар арасында қалталы кәсіпкерлер мен ел идеологиясының тізгінін ұстаған танымал журналистер қарасының көбеюі көңілге күдік пен үміт ұялатады...

Бұл жерде саяси күрес жолына түскендердің «саяси сауаты терең, күрестері баянды да тұрлаулы болмағы қажет» деген ұстаным алға қояр басты меже болатыны сөзсіз, дегенмен...

Ұлт тағдыры шешілер сайлау деген саяси науқандарға қатысты ел жадындағы «ақтаңдақтарды» өшіре алмауымыз, әсіресе қалам ұстаған әріптестерімізге қатысты біраз дүдәмал ойларға жетелейді.

Сайлау атты үлкен саяси додада сөз ұстаған азаматтың, танымал журналистің ел сенімін «күйретіп» кеткенін көпшілік ұмыта қойған жоқ.

Журналистер бейтарап позиция ұстану керек, ешқандай партия мүшесі болуға болмайды деген ұстанымға да көлеңке түсіріп алдық. Белгілі партия мүшесі бола жүріп, телеарна жүргізуші болған, көрермендер алдында «партия жұмысын насихаттамаймын» деп ант-су ішкен әріптесіміздің әрекеті де көз алдымызда.

Сайлауға түсіп жатқан партияларды мадақтап, «тапсырыспен» мақала жазып жүрген журналистер шоғырының қалыптасқанын да әлеуметтік желі тұтынушылары жақсы біледі... Оларды «бүгінде журналистердің жалақысы мардымсыз, күнкөру үшін де сондай солақай әрекетке барды» деп ақтап аламыз-ау, дегенмен...

Журналистердің кәсіби адалдық деген үғымды жадынан шығарып, ұстанымдарының мұндай «құбылмалылығы» Абай атамыз айтқан  «Адамды заман билейді..., замана оны илейді» деген әрекеттің жаңғырығы емес пе?

Көп ұзамай журналистер сайлаудың үгіт-насихат жұмысына тартыла бастайды, дәлірек айтсақ, көптеген бұқаралық ақпарат құралдары сайлау науқанына бейімделеді. Сондықтан журналистердің сайлауалды текетірестерде қандай рөл атқаратыны өте маңызды, олар үш бағытта белсене жұмыс атқаратын болады: біріншісі – «тапсырыс» берілген кандидаттардың «абыройын айрандай төгуді» бастайды, екіншісі, керісінше, үміткерді аспанға көтере мақтап, оның «мінсіз» образын сомдайды, үшіншісі - сайлаушыларға саналы түрде дұрыс таңдау жасау үшін сайлауалды бағдарламалар мен түрлі қоғамдық-саяси күштердің ұстанымдарын түсінуге көмектеседі.

Осы орайда біздің журналистер алғашқы екі жолдан бас тартып, кәсіби адалдық межесінен көрініп, өркениетті түрде әділ сайлау өткізуге ықпал етуге тырысатын шығар деген үмітіміз бар. Журналистер еліміздегі әділ сайлау өткізу бастамасын бір адамдай қолдап, журналистік ынтымақтастық танытып, бұның жай ғана сөз емес екенін шынайы істерімен көрсетсе дейсіз.

Ал  мәжіліс пен мәслихат депутаттығына үміткерлер арасында жүрген, жұрт ісін түзетуге «тәуекел» деп бел шеше кіріскен әріптестеріміз де халық сеніміне селкеу түсірмейді, салмағы бес батпан «ел үмітін» үкілеп ұстайды деп сенгіміз келеді. Олар үшін біз жоғарыда айтқан журналистерге қатысты ел жадындағы қасаң көзқарасты түбірімен өзгертіп, кәсіби адалдық деген ұғымның қадірін биік тұғырына қайтадан қондыру міндеті жүктеледі. Ал бұл оңай шаруа емес...

Абай айтыпты: «Елдi билеуден адамның өзiн-өзi билеуi қиын. Жағдайы келгенде бақ көтерiп, таққа отыру бола бередi. Бiрақ соның буымен өзiн-өзi ұстай алмай, абыройын ашатындар көп» - деп, бірақ біз бұл пікірдің заманы өтіп, ұлт пайдасын ойлар азаматтардың жаңару мен жаңғыру жолындағы Жаңа Қазақстанның өркендеуіне ат салысып, болашақ ұрпақ алдындағы аманатқа қиянат жасамайтынына сенгіміз келеді!

 

Орынтай ОШАНОВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің доценті