Bugin
Таза дикция көптеген жұмыс берушінің талабына айналды. Мамандардың сөзіне сенсек, оған қол жеткізу қиын емес. Тек қажетті жаттығуларды біліп, оны жасауға уақыт бөлсеңіз жеткілікті.
Bugin.kz порталы диктор, сахна тілі пәнінің ұстазы Теменов Алишермен сұхбаттасып көрді.
- Расымен кәсіпте дауыстың маңыздылығы көп пе?
Мен үнемі Илон Маскті мысалға келтіремін. Ол Тесланы өзі ойлап тапқан жоқ. Ғалым емес. Меніңше, қазіргі жетістігіне ораторлық өнері, харизмасы көп ықпал еткендігін сіз де мойындайсыз. Осы секілді кәсіпкерлерді тізе берсек, қатары көп.
Алысқа кетпей-ақ шәкірттерімді мысалға алсам, табысын екі еселегендер немесе кастингтен өтіп, армандап жүрген жұмысына орналасқандар да жетерлік. Мен осындай жақсылыққа себеп болып жүргеніме шын қуанамын.
- Дикциясын түзеткісі келетіндер көп шығар?
Иә. Шыны керек, бұған өзім де таңқаламын. Курстарымның сатылып жатқанына жылдан аса уақыт болды. Бірақ, сұраныс мүлде төмендеген емес. Күнделікті «мен даусымнан ұяламын» деген жиырма шақты хат аламын. Кәсіпкерлер, блогерлер, журналистер ғана емес дикция түзеткісі келетіндер көп. Жәй ғана комплексінен арылу үшін де жақсы, кісі қызығарлық дауысқа ие болғысы келетіндер бар. Әсіресе, жіңішке дауысты жігіттер.
- Жаттығуларды үнемі жасап жүру керек пе?
Негізі солай болғаны дұрыс. Әбден қалыптасып алғанша бастапқыда біршама уақытыңызды қиюға тура келеді. Дегенімен, сонша көп уақыт алады деп айтпас едім. Күніне 5-10 минут жеткілікті. Бірақ, тұрақтылық маңызды. Дикция қойылғаннан кейін маңызды кездесулер алдында немесе сахнаға шығар алдында жасап тұрсаңыз да жеткілікті болады.
- Дауысқа жаттығудан бөлек қандай күтім жасайсыз?
Майлы тағамдар, шемішкеден аулақ жүрсеңіз болды. Сосын әрине бәріміз білетіндей беталды салқын сусындарды қолдануға болмайды. Осылай сақ жүрсеңіз де жеткілікті.
- Дұрыс тыныс алу дегеніміз не?
Дикция жаттығуларының нәрі тыныс жаттығулары деуге болады. Өйткені дұрыс тыныс ала алмасаңыз дауыс түзеуге қандай амал жасасаңыз да бәрі бекер. Дұрыс тыныс алу-сәби сияқты ішпен дем алып, дем шығару. Егер бұрын байқамаған болсаңыз ұйықтап жатқан нәрестені бақылап көріңізші. Іші ақырын көтеріліп-түсіп жатады. Қарапайым тілмен түсіндірер болсақ мұрынмен алған деміңіз кеудеден ғана қайтпай, ішке дейін толық бару керек.
- Кеңесіңізге рақмет!