Bugin

"Жыр алыбы" атанған Жамбыл Жабаев жайлы деректер

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бүгін - Жамбыл Жабаевтың туған күні. Ақын, "Жыр алыбы" атанған жырау, жыршы, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты 1846 жылы 28 ақпанда дүниеге келді. Ол қазіргі Жамбыл облысы, Жамбыл тауының етегінде дүние есігін ашқан.

"ХХ ғасыр Гомері" атанған Жамбыл шапыраштыдан тарайтын екей руынан шыққан. 

"Мен киіз үйде өстім. Сол кездегі барлық қазақ балаларындай мені де көшкен кезде бесінмен ала жүрді", - деген ақынның сөзіне қарағанда бала күнінде қоңырқай тірлік кешкен.

Жыр алыбының ақындық таланты бала кезінен-ақ көрініс тапқан. Бозбала шағынан ортасын ән мен жырға бөлеп, қырғыз еліне де сол кездерден бастап таныла бастаған. Көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген Жамбыл Жетісудың белгілі ақыны Сүйінбай Аронұлына жолығып, оның батасын алады. "Менің пірім –Сүйінбай" өлеңі де соның дәлелі. 

Ақын 1919 жылы Жетісу халық ақындары бас қосқан слетке қатысады. 1934 жылы республикалық өнер шеберлерінің тұңғыш слетінде жыр толғап, есімі кеңінен тарала бастайды. "Замана ағымы", "Белсенділерге", "Қазақстан тойына", "Жастар алдындағы сөз" сияқты арнау, толғаулары осы тұста жырланды.

Екі ғасыр көріп, 100 жасаған ақынның шығармашылық даму тұсы күрделі кезеңдерге тап болды. Қазақ әдебиетінің даңқын бүкіл әлемге жайған ақын 1916 жылы көтеріліске де белсене араласқаны жайлы деректер бар. Сондықтан ақынды қалам мен қаруды қатар ұстаған деуге негіз бар.

Оның үздік шығармалары 40-тан астам шет тілдеріне аударылды.

1941 жылы Сталиндік (кейін КСРО Мемлекеттік) сыйлығының лауреаты атанған. 1-ші сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, КСРО және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болды. Ақынның соғыс жылдары отан қорғау тақырыбына арнап жазған өлеңдері үш мың жолдан асады. "Ленинградтық өренім", "Москваға", "Майданға хат" сынды өлеңдері жауынгерлердің рухын көтеріп, майданда танымал болған. 

Жамбыл 1945 жылы 22 маусымда Алматы облысының Ұзынағаш елді мекенінде 99 жасында дүниеден өтті.