ДАМУ

"Адай князі": Голощекин саясатына қарсы соғысқан батыр туралы не белгілі?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Суретте кеңестер уақытындағы Маңғыстауды 10 жыл билеген Тобанияз Алниязов атты қайраткер. Бұл азаматтың есімі көпшілікке мәлім емес, әйткенмен бар қазаққа үлгі боларлықтай ісі бар.

Қазақстанда кеңес билігі толық орнағаннан кейін, қазақ халқы бай-кедей болып екіге бөлініп, бірінің артына бірі түседі. Өз қандасына қарсы қойған таптық күрес идеясы Маңғыстау жұртына ұнамады және қажетті болмады. Бұл жерде ешкім-ешкімді атпады, сатпады, ешкімнің малы талаң-таражға түсіп, айдалмады. Байы да, кедейі де теңдей құқылы болды. Осылай 1930 жылдарға дейін жалғасты.

Ақтардың 15 мыңдық қолымен соғыс, Маңғыстауды Закаспий облысынан Қазақстанға қосу, Хорезм Республикасымен ымыраға келу Тобанияздың еңбегі. Осылай орысша білмеген, коммунист болмаған Тобанияз Алниязов кеңестік Адай уезінің басына сайланады.

Тобанияздың Маңғыстауды кеңестендіру саясатын тежеуі большевиктерге ұнамады. Сол себепті оны биліктен шеттетуге тырысып бақты. Біресе тұтқынға алып, біресе қызметінен түсірді. Алайда Алниязовты Орынбордағы (Астана) үкімет мүшелері, әйгілі большевик Әліби Жангелдин, адвокат Бақытжан Қаратаев, ішкі істер министрі Әбдірахман Айтиев секілді революционерлер қолдады.

1925 жылы Голощекиннің елге басшы болып келуі Республиканың ішкі саясатына біраз өзгерістер әкелді. Жалпы осы 1925 жылға дейін біраз жұмыс жасалынғанын атап өткен жөн. Маңыздысы - қазақ жерлері Қазақ Республикасына біріктірілді. 1927 жылы жалпықазақ конференциясында Голощекин Алниязовты "адаевский князь" деп сынға алады. Голощекиннен қазаққа қайыр жоқтығын түсінген Тобанияз, қызылдардың қуғынындағы қазақтарға Түркімен арқылы шетел асуына көмектесумен болады.

1929 жылы "адайларды құтқарудың контрреволюциялық тобын" құрушы деген айыппен 68 серігімен бірге тұтқынға алынады. Сол жылы ату жазасына кесіледі. Тобанияздың өлімімен Маңғыстауда күштеп кәмпескілеу жүргізіледі. Мұның арты аштыққа әкелді. Аштықтан Тобанияздың 9 баласы қаза табады. 1931 жылы "Адай көтерілісі" тұтанып, көтерілісшілер Форт-Александровск (Ақтау) қаласын төрт рет қоршауға алады. Көтерілісшілерді басу үшін ОГПУ-дың артиллериясы, танктері мен авиациясы тартылады. Көтеріліс жеңіліспен аяқталып, біраз қазақ шетел асып қашады.

Дереккөз: archive_kz