Саясат
Қазір озық дүниені сараптау үшін салыстырмалы анализ жүргізу керек. Әлемнің "білім құндылық көзі" деп қарайтын мемлекеттеріндегі білім жүйесіне терең бойлай отырып, саланың қай деңгейде дамып жатқанын бағдарлау сол білім саясатын тереңірек зерттеп жүрген мамандарға анық көрінеді. Қазақстанның барлық білім сатыларын бакалавр, магистратура, аспирантураны бітіріп, бүгінде "Болашақ" бағдарламасымен білімін жетілдіріп жүрген, филология ғылымдарының кандидаты Гүлшат Түсіпованың жоғары оқу орнындағы білім саясаты, менеджментті дамыту ісінде өз айтары бар. Англияның Лидс қаласында білім жиып, тәжірибе жинақтаған білім экспертін сұхбат алаңына шақырып, телефон арқылы тілдестік
- Гүлшат Бақытжанқызы, білуімізше білім саласындағы көшбасшылық және саясат мамандығында білім алып жатыр екенсіз. Неліктен осы бағытқа мойын бұрдыңыз?
- Менің бұл мамандыққа келуіме мына жағдай әсер етті. 2010-2011 оқу жылында мен жұмыс істейтін Екібастұз инженерлік-техникалық институты бірінші рет жоғары оқу орындары арасында рейтингке қатыстым. Сонда түсінген дүниеміз - министрлік студенттер мен ұстаздардың академиялық мобильділігін талап ететіндігі. Академиялық мобильділік - Болон процесінің бір элементі. Шетелде академиялық еркіндік бағытында студенттерге бір жыл ішінде өзге елде білім алуына мүмкіндік жасайды. Ал, бұл біздің елде әлі қолға алына қоймаған мәселе еді. Мұғалімдердің және студенттердің академиялық еркіндігі бар. Осы кезеңдерде көп университеттер қаржылық қиындықтардан шыға алмай, талапты орындай алмады. Қазір бұлардың барлығы тек рейтинг үшін ғана емес, ішкі және сыртқы аккредитациядан өту үшін де міндетті параметрлерге айналды. Дегенмен, талап ету бір басқа да, оған жағдай жасау бір басқа. Мысалы, Ұлттық университеттерде бюджеттен ақша бөлінеді, олар сол үшін де рейтингте алда тұрады. Ал, жекеменшік университет студенттері өз қалталарынан баруға тиіс болғандықтан қалыс қалып отыр.
Өңірлік ЖОО-ларда үлкен қалаларға барып оқуға жағдайы келіңкіремейтін балалар оқиды. Олар өз қалталарынан шетелге шыға алмайды. Мұғалімдерде де сол жағдай, қаржыдан қысылады. Бұл мұғалімнің ішкі рейтингіне әсер етеді. Содан барып мұғалімнің айлығы қысқарады. Қарап тұрсаңыз, механизм мұғалімдерді қыспаққа алып отыр. Көбінесе шенділер ұстаздарға арнайы шетелдік гранттармен неге бармасқа деп талап қояды. Бірақ, гранттардың басым бөлігі техникамен байланысты. Әлеуметтік ғылымдар, тіл біліміне қатысты мамандықтарды табу өте қиын.
Екінші бір кедергі - тіл білмеу. Құзіретті органдар ЖОО-лардан талап етеді, ал ЖОО-лар ұстаздардан талап етеді. Ұстаздардың шетелдік тәжірибені зерттеуге шамасы келмейді. Осы мәселелер мені мазалады. Сондықтан да саланы зерттеу керек болды. ЖОО-ға байланысты заңдар, саясат, менеджмент деген дүниелерді де білуге ұмтылыс "Болашақ" бағдарламасымен оқуға жетеледі.
- Сіз айтқан мәселелер Анлияда жолға қойылғандықтан осы елде оқуды жөн көрдіңіз бе?
- Неліктен таңдау Ұлыбритания дегенге келейік. Ұлыбритания білім беру саласында технологиялар бойынша көшбасшы елдердің бірі. Екіншіден, бағдарламаларын салыстырып отырғанда байқағаным, оқу бағдарламалары заманға қажет пәндерден құралады. Англия білім беру ісін барлық аспектілерден қарастырады. Мысалы, "Білім берудегі жаңа технологиялар" деген пәнді таңдап оқыдым, онда техника жетістіктерін пайдалануды, ол арқылы білім алу ісін қалай жетілдіруге болатынын жан-жақты талдайды. Тек біржақты ғана емес, әлсіз тұстарын сыни тұрғыдан үйретеді. Бұл бізге де қажет дүние. "Ғылыми еңбек жазу" деген пәнде тақырып таңдаудағы критерийлерден бастап, теориялар мен оған сай әдістерді, құрылымды, логиканы үйретеді. Сосын өзімнің негізгі пәндерім - "Білім саласындағы саясат қалай жүзеге асырылуы қажет?" деген дүниені үйретті, ал Көшбасшылық модулінде - "көшбасшылықтың әлемде қандай формалары бар, олардың принциптері қандай?" деген сұрақтарға жауап алдық.
- "Болашақ" арқылы білім алуға кеткен жастардың дені менеджмент саласын таңдайды. Мұның нақты бір себебі неде деп ойлайсыз?
- Шынымды айтсам, осы нәрсеге мән беріп көрмеппін. Менеджмент саласын таңдайтыны туралы ақпарат бар ма? Менің білуімше, көптеген мамандар жаратылыстану мамандықтары, техника, медицина саласы бойынша да оқып жатыр. Жалпы бұл сұрақты "Болашақ" бағдарламасының менеджерлеріне қойған дұрыс шығар. Өйткені олардың қолында статистика бар, олар толық ахуалды көріп отыр. Ал, өзіме келер болсам, мен нақты мамандықтардың бағдарламасына қарадым. Шетелге кетпестен бұрын Екібастұз инженерлік-техникалық институтының оқытушысы бола жүріп маған институттың академиялық мобильділік бойынша кординаторы және проректордың көмекшісі қызметі ұсынылды. Оқытушылықтан әкімшілік қызметке өту біраз қиындықтар туындатты. Ол жерде аналитика, мемлекеттің ЖОО саласындағы саяси бағыты, құжаттарды заң тұрғысынан талдау сынды икемділіктер керек. Әрине, оны қызмет бабында өз бетіңмен үйренуге де болады. Бірақ, онда толық картинаны көре алмайсың. Жоғарыдан қандай нұсқау келеді, тек сонымен шектелесің. Біріншіден, "бұл саясат қайдан келіп жатыр, неге осылай етуіміз керек?" деген сұрақтарға жауап алған соң ғана барып, ненің дұрыс, ненің бұрыс жасалып жатқандығына азаматтық позицияң қалыптасады. Сыни ойлай аласың, шамаң келсе дұрыс бағытты ажыратып, келеңсіздіктерді дұрыс жолмен шеше аласың. Сол үшін де алдымен зерттеп-зерделеу керек деп шештім, яғни теориялық білім алу керек деп ойладым.
Екіншіден, мамандықтың мазмұнына қарадым. Қазіргі мамандығымның аясында Білім саласындағы саясаттың қалай жүргізілуі, оның қандай принциптерге сүйенуі керек екендігі, Батыс және дамушы елдерде көшірілген саясаттардың жергілікті контекст - оның ішіне мәдениет, басқару стиліне байланысты қандай өзгерістерге ұшырап жатқанын, қандай қателіктер жасалып жатқанын үйретті. "Көшбасшылық деген шын мәнінде не?", "Оның негізгі принциптері қандай?" деген сұрақтарға жауап алдық, ол үшін көшбасшылық теорияларының біраз түрлерін талдадық, салыстырдық. Меніңше, өз іздегенімді таптым деп ойлаймын. Әрине, бұл тек басы ғана, ары қарай осы білімді қолдана алу мәселесі бар.
- Сонда білім саласындағы көшбасшылық дегенді біз толыққанды түсіне алмай жүрміз бе?
- Біздің деп жалпыламай-ақ қояйын, мен көшбасшылықты тек алға қарай жүру, инновация, жаңалық енгізу деп түсініп келіппін. Мұның бәрі миф болып шықты. Көшбасшылық деген қауымның, ортаңның, айналаңның, одан арыға билігің жетіп тұрса, еліңнің әлеуметтік, экологиялық, қаржылық жағдайын жасау. Ал, мыңдаған имиждік іс-шаралар мен түрлі лидершіл дайын модельдер бізде тұрақтана алмайды. Бұдан біз екі нәрседен ұтыламыз: ақшаны бос шашамыз әрі еліміз кедейленген үстіне кедейлене бермек, ондай елдерде лидер болмайды.
- Бұрындары "шет елде білім алуға тек байдың балалары ғана бара алады" деген түсініктер болғанын жасыра алмаймыз. Қазір көп жастың арманы шет елге кету. Білімді жастардың ел қаржысына білім алып, шет елде қалып қоюына не түрткі?
- Шетел дегенде Батыстың дамыған елдері мен Американы меңзеп отырған боларсыз. Бұған мен обьективті бірнеше себептерді атап өтер едім. Біріншіден, шетелге барып, ондағы өмірді көріп қайтудың өзі жастар үшін өмірлік тәжірибе. Екіншіден, шетелде жұмысты жақсы істесең, жақсы ақша табуға болады. Бізде олай емес, таңертеңнен кешке дейін жұмыс істеп, өмір бойы бір пәтердің ақысын жинай алмауың да мүмкін. Оны тек үстеме пайызы жоғары несие арқылы ғана ала аласың. Сондықтан жастар өзге елде жұмыс істеп, қаражат жиып, елге келіп жағдайын жасаудың қамын ойлайды. Бұл рационалды жағдай.
Шетелде өз ақшасына оқып, сонда қалған адамдарды білемін, ал "Болашақпен" оқыған студенттердің сыртта қалып жатқандарымен таныс емеспін. Дегенмен, жеке позициям мынадай - қазіргі білім алып жатқан оқу орным әлемнің топ 100 университеттерінің қатарында. Оны оқуға өмір бойы қаржы жинасам да жетпес еді. Шетелде оқып, білімін алып келуге халықтың ақшасы кетіп отыр. Демек, халыққа ол еңбекпен қайту керек. Оның үстіне, мен ауылдың баласымын, ауылда жағдайдың қандай екенін жақсы білемін, солардың салығын жеп отырып, жемісін беруге тырыспау адамгершілікке жатпайды.
- Қазір интеллектуалдық элита өкілдері "білімділерге талас" деп, сырт елге кетіп жатқан сауатты адамдарға алаңдап отыр. Бұл ненің әсері деп ойлайсыз? Шын мәнінде жастар Қазақстаннан неге кеткісі келеді?
- Меніңше, бұл жерде екі түрлі көзқарас тұрғысы бар. Әуелгісі - жүйенің дұрыс жұмыс істемеуі. Еркін, ақылы бар, білімді азамат лас системаға бас сұққысы келмейді. Не сен жемқор боласың, не қызметтен шығып қаласың. Соңғысы - осының бәрін көре тұра, өзгертуге үлесіңді қосасың. Өйткені сен істемесең, оны ешкім де істемейді. Осы кезеңде өмір сүргенің саған да сондай жүктің артылғаны. Азамат ретінде шетелге кетесің бе немесе жауапкершілік алып, мағыналы істер атқарасың ба - ол енді адамның өз таңдауы.
- Енді білім саласына ойыссақ. Диссертацияңыз Болон процесіне арналған екен. Жалпы біздің елде Болон процесін енгізу реформасы сәтті бола алды ма? Ширек ғасыр ішінде білім бағдарламасының қандай нәтижелілігін айта аласыз?
- Қазақстан Болон процесін енгізу үшін көптеген іс-шараларды атқарды, заңдарды талай өзгертті, тез арада жүйені алмастырды. Мұның жақсы жағы ерте ме, кеш пе түбі баратын жолымызға жылдам еніп қойғанымызда. Ал, әттегең-ай тұстары да аз емес. Мәселен, Кеңес кезіндегі білім саласындағы инфраструктураны сол күйінде қалдырғанымызда. Мысалы, бұрындары оқытушылардың жалақысын "ставка" деген нәрсеге байланысты анықтайтын. Ставкаға оқытушының контактілі, яғни аудиторияда өткізетін сабақтарының саны ғана кіреді. Ал, оның сыртындағы сабаққа дайындық, материал іздеу, дайындау, құжаттар толтыру еңбегі есептелмейді. Сонда ұстаздың еңбегінің екі аспектісі болып тұр: біріншісі - контактілі сабақтары, екіншісі - оған дайындалу уақыты. Соңғысы төленбейтін. Осыны Болон процесінің бір элементі кредиттік жүйені енгізу кезінде қалдырып қойған. Яғни, мұғалімнің сабаққа дайындалу уақыты, пәннің оқыту-әдістемелік кешенін дайындауға кететін уақытына ақы төленбейді (ал, бұл - уақытты көп алатын үлкен еңбек). Демек, Қазақстанда мұғалім еңбегі тым арзанға бағаланатын дәстүр қалдырылған. Ал, шетелде пәннің кредиттерінің ішіне мұғалімнің сабаққа дайындалу уақыты енгізілген, сондықтан да оларда пәндердің кредиттері 10 кредиттен басталады.
Екіншіден, кредиттерге ұстаздың сабаққа дайындалу уақыты және студенттің кітап оқуға арналған уақыты енгізілмей, тек аудиториялық сабақтары ғана енгізілгендіктен, пәннің кредиттер көлемі аз, мысалы бір пән 2-3 кредиттен тұрады. Заң бойынша, студент бір жылда 30-33 кредит көлемінде меңгеруі керек. Сонда бір семестрде студент 6-7 пән оқиды. Ол пәндердің тізімдегі кітаптарды оқуға студенттің уақыты жоқ. Себебі, күнде 6-7 аудиториялық сабақ өтеді, одан соң студенттің оқытушымен өзіндік жұмысы деген консультациясы тағы бар. Баланың тамақ ішуге және жолына кететін уақыты, сонымен бір күнде студенттің кітап оқып, мәселені тереңінен зерттеуге, аналитиканы үйренуіне, практика жүзінде жазу стилін қалыптастыруына, ойын сауатты жеткізуіне ешқандай мүмкіндік қарастырылмаған. Батыстың дамыған елдерінде пән көлемі 10 кредиттен 30 кредитке дейін барады. Сонда жалпы алғанда, студент бір семестрде 3-4 пән оқиды. Лекциялар аптасына бір рет қана болуы мүмкін. Қалған уақытта ол ізденеді. Өйткені, жүйе солай ойластырылған. Бала өзі кітап оқып, содан түйгендерін оқытушыға жазып әкеледі. Сосын барып, оқытушы оның жазу стилін жеке, фактілерді қолдану шеберлігін жеке, ойын құрастыру техникасын жеке, сауаттылығын жеке, идеяны түсінгенін жеке-жеке бағалайды да, ортақ бағасын шығарып береді.
- Демек, елімізде ұстаздардың уақытын реттеу жүйесінде кемшіліктер бар ма?
- Бізде білесіз, бұрын Кеңес кезінде ғылым мен оқытушылық екіге бөлінген еді. Ғылыммен Ғылым Академиясы, ал оқытушылар оқытушылықпен айналысатын. Қазір Ғылым Академиясы жекешелендірілген мекеме болып қалды да, ғылым университеттердің құзыретіне көшірілді. Бұл Болон процесінің бір аспектісі. Енді мұғалімдерден жоғары импакт-факторлы мақалалар талап етіле бастады. Себебі ол ішкі және сыртқы рейтингтерге, ішкі және сыртқы аккредитацияларға әсер етеді. Тағы да салмақ кімге салынады? Әрине, мұғалімдерге. Ұстаз күні бойы сабақта отырады, одан қалған уақытында құжаттар толтырып, пәннің оқыту-әдістемелік кешендерін дайындайды (қызметтің бұл бөлігіне ақы төленбейді), одан өзге қоғамдық жұмыстары, эдвайзерлік жұмыстары бар. Оның үстіне ғылыммен айналыс деп талап етіледі. Ғылым бір отырғанда жазыла қоятын оңай дүние емес. Оған уақыт пен қаржы керек. Әйтпесе сапа болмайды. Бұл жерде мұғалімдердің халі ғана емес, біздің біліміміздің сапасы да ақсайды. Біз қазір осы жөнінде ойлануымыз керек.
- Сіз айтқан мысалдар Болон процесіндегі талаптар біздің елде толық орындалып отырған жоқ дегенге келіп тұр ма?
- Жасыратыны жоқ, кебір ЖОО-ларда кредиттік жүйенің басты талабы - пәндерді таңдау жүзеге аспайды. Себебі, студенттер кей пәндерді мүлде таңдамай қалып, кейбір мұғалімдердің ставкасы толмай қалуы мүмкін. Ал, ставкасы толмаған мұғалімнің жалақысы қысқарады немесе ол жұмыстан шығады. ЖОО-лар оқытушыны жұмыстан оңай шығара алмайды, себебі, оқу орнында квалификациясы бар кадрлар тапшы. Оның үстіне, ғылыми атақ-дәрежелері бар кадрлардың қартаю үдерісі бар. Жас мамандар аз, әрі олардың бәрі оқытушылыққа келе бермейді, себебі жалақысы аз. Демек, студенттерге пәндерді таңдатпайды, олар қыркүйекте келгенде күн тәртібі тақтада ілініп тұрады. Ал, заң бойынша, кредиттік жүйедегі студенттер пәндерді өздері таңдап, жеке оқу жоспарын жасауы керек. Осының барлығы келіп біздің жүйемізге, жастардың білім деңгейіне әсер етіп отыр. Біз оларға кітап оқуға уақыт бермеу арқылы, ГУГЛ-дан тез ақпарат тауып, дайын рефераттарды көшіріп әкелуге өзіміз итермелеп, сол культты қалыптастырып, промоушн жасап отырмыз.
Айналып келгенде, осының бәрі реформаға кеткен қаржымызды далаға шашқандай әсер береді. Бізде білімді дамытуға арналған бағдарламалар бар, онда мұғалім мамандығының престижін көтеру мақсаты тұр. Алайда, сол престиж көтерілмей тұр деп ойлаймын. Сонымен бірге, осы Болон процесін қабылдау кезінде біздің басты мақсатымыз - Кеңестік жүйенің білімді тек теориялық тұрғыдан беру үдерісінен кетіп, Батыстың білімді практикалық тұрғыда үйретуіне көшу еді. Іс жүзінде, біздің балаларымыз әлі де білімді күні бойы теориялық тұрғыдан лекция тыңдаумен ғана өткізіп жүр. Демек, біздің басты мақсатымыздың өзі орындалды ма?!
- Соңғы кезде жоғары оқу орындарына академиялық еркіндік беру керектігі айтылып жүр. Бірақ нақты әлі қолға алына қоймады. Жоғары білім сапасын көтеруде бұл тетіктің тиімділігі бар ма?
- Академиялық еркіндік беру де - Болон процесінің ең басты талаптарының бірі. Алайда, Батыс университеттерінде ол әріден қалыптасқан дүние. Олар өздері маркетинг-зерттеулер жүргізеді, соның нәтижесінде нарыққа қандай мамандықтар керек екенін анықтайды, содан соң мамандықтарды ашады, профессорларды шақырып, бағдарламаны 1-2 жыл дайындайды, оның бәріне уақыт пен қомақты қаржы салынады. Өйткені ол бағдарлама ертең студенттерді тартып, мемлекет пен ЖОО-ға пайда әкелетін табыс көзіне айналуы қажет.
Өзіңіз білесіз, Батыс елдері білім технологиясынан алдарына жан салмайды. Англия үшін бұл біздің мұнайымыз сынды. Англия жалпы әлемде білім технологияларын ойлап табу, дамыту, сату жағынан бірінші орында тұр. Ол сол үшін мамандардан уақыт пен қаржыны аямайды. Сапаны да соған орай, қатты талап етеді. Академиялық еркіндік сол үшін. Қысқаша айтқанда, ЖОО-лардың мемлекетпен әріптестік қарым-қатынасы тең дәрежеде, яғни мемлекет не шешеді соны орындаймыз демейді, ЖОО-лар мемлекетке болашақта қай жаққа қарау керек екенін дәлелдеп түсіндіріп, өздерінің уәжін келтіріп, дискуссияға түседі, әрі керісінше бағыт-бағдар береді десек те қателеспейміз. Мемлекет ЖОО-лармен санасады. Сол үшін мемлекет ЖОО-ларға автономия береді. Қарап отырсаңыз, барлық жақсы дүниелердің принципі біреу - әділеттілік. Қаржы мен уақытты бөлудегі әділеттілік. Осы принципке құрылған кез келген жүйе дұрыс жұмыс істейді. Бізде көптеген аталған дүниелер, яғни инфраструктура қалыптаспай отыр. Оны қалыптастыру үшін ғылымды жасайтын - ұстаздарға, ғалымдарға жағдай жасалу керек. Әйтпесе, іс жүзінде қандай автономия берсек те, түк өзгермейді.
- Фейсбук әлеуметтік желісінде білім саласынақатысты ойларыңызды үнемі жазып тұрасыз. Желіде отыру уақытыңызды жеп қоймай ма? Жалпы, бос уақытта қандай істерге уақыт арнайсыз?
- Фейсбукке жиі кіремін. Алайда, көп уақыт отырмаймын. Фейсбук меніңше, халықтың өзекті мәселелерін ашып айтатын алаңға айналып отыр. Өйткені оны басқа ортада айта алмайды. Басқа шығаратын жол жоқ. Елдің тұрмыс-тіршілігінен хабардар болу үшін кіремін. Кейде жаныма батқан, айтқым келген дүниелерді жазамын. Ал, бос уақытымда ағылшын тіліндегі ғылыми мақалаларды оқып, талдаймын.
- Өзіңізден кейінгі жас буын тіл үйренудің жолдарына қызығады. Осы ретте айтсаңыз, ағылшын тілін үйренудің оңтайлы жолы қайсы? Сіз тілдік біліміңізді қалай жетілдірдіңіз?
- Мен тілді жастайымнан оқыдым. Бізге ағылшын тілін білу аса қажет. Өйткені қазір білім солардың жағында. Тілді үйренудің жолдары өте көп. Маған аударма жасаған қатты көмектесті. Өзіме ұнаған кітапты алып, соның сөздерін ағылшыншаға аударып, мағынасын салыстыратынмын. Соның көп көмегі тиді. Бірақ бұл негізгі тілің ағылшын тілі болсын деген сөз емес, алдымен қазақ тілі, сосын барып, өзге тілді үйрену керек.
- Соңғы сауал болсын, алған біліміңіз арқылы елдің білім саясатына қандай үлес қосамын деп ойлайсыз.
- Қазір елге қайтуға дайындалып жатырмын. Барған соң, жоғары оқу орнындағы қызметімді жалғастырамын, балаларға жиған білімімді үйретуге тырысамын. Ағылшын тілінен ауылдан келген студенттерге тегін курс ашуды жоспарлап отырмын.
- Уақыт тауып, ашық сұхбат бергеніңізге алғыс білдіремін.
Әңгімелескен
Абай ТАҒЫБЕРГЕН
Біздің анықтама
Гүлшат Бақытжанқызы 1983 жылы дүниеге келген. 2000-2004 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде Аударма ісі мамандығы бойынша бакалаврды үздік бітірген. 2004-2006 жылдары аралығында магистратураны үздік тәмамдаған. 2006-2008 жылдары аспирантураны мерзімінен бұрын бітірген (диссертациясы дайын болғандықтан 3 жылдың орнына 2 жылда аспирантураны аяқтаған). 2009 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразиялық университеттің диссертациялық кеңесінде кандидаттық диссертациясын сәтті қорғаған. Филология ғылымдарының кандидаты. 2008 жылдан бүгінгі күнге дейін Екібастұз инженерлік-техникалық институтында сабақ береді.