Саясат

Саяси блог 1: Елді екі президент қатар билей ме?

Елбасы президенттік өкілеттігін Қ.Тоқаевқа тапсырғанмен, биліктегі ықпалын одан сайын күшейтіп жатқандай. Енді қалай жалғаспақ?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстандағы қазіргі саяси жағдай қоғамда өтпелі кезең деп аталып жатыр. Оған Н.Ә.Назарбаевтың президенттік билікті екінші адамға тапсырып беруі себеп. Бірақ Елбасының билікті іс жүзінде қолынан ешкімге бере салмағанын кейінгі тағайындаулар айқын көрсетті. Президент әкімшілігіндегі тағайындаулардан кейін биліктегі ауыс-түйіс аяқталмады. Тағайындаулар бүгін Елбасы кеңсесінде жалғасты.

"Ақорда" сайты таратқан ақпарат бойынша ҚР Тұңғыш президентінің Кеңсесі бірнеше лауазыммен толыққан. Елбасы кеңсесінде "Елбасының баспасөз хатшысы", "Елбасы Протоколының басшысы", "Ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің меңгерушісі", "Құжаттама, қаржы және кадрмен қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі", "Елбасы Кеңсесі Басшысы Хатшылығының меңгерушісі", "Елбасы Көмекшісі Хатшылығының меңгерушісі" сынды жаңа қызметтер пайда болды. Бір сөзбен Елбасы кеңсесі жаңадан жасақталды деуге болады.

Бұл туралы журналист Қасым Аманжол фейсбук желісіндегі жеке парақшасында: «Екі сарай, екі ПӘ, екі кеңсе, екі аппарат, екі авиа-авто парк, екі күзет, еселенген лакейлер... Шығынын есептеген адам бар ма? Айналдырған 18 миллион жұрттың несібесінен осының бәрін сығу тым қатігездік емес пе? Шығыннан да бұрын бұл абсурдтың саяси жалғасы қалай болмақ?», - деген пікір білдірді.

Расымен де, бұдан әрі қарай Президент әкімішілігі мен Елбасы кеңсесінің қайсысы елдегі саяси құрылымдарды ұйымдастырумен айналыспақ? Президенттікті тапсырған Елбасына неге қайтадан жеке команда (кеңсе) құру қажет болды? Қ.Тоқаев жеке билік жүргізбесе ықпалды тұлғаның құр көлеңкесі болып не тындырмақ? Бұл сауалдарды әркім өз әлінше талдап, пысықтап жатыр. Математикалық қарапайым түсінікке салсақ, «қосындының мәні» өзгермегенін Қазақстан халқы өте жақсы түсініп отыр. Қауіпсіздік кеңесінің бұрынғы хатшысы Балташ Тұрсынбаевтың «Азаттық» радиосына берген сұхбатында айтылғандай, саяси өзгеріске оң сеніммен сенушілердің үлесі елдің 10 пайызы ғана секілді.