Weekend
Мойындау керек, журналистика – бүгінде сұранысқа ие мамандық. Есі кірген баладан еңкейген кәріге дейін журналист болуды бір рет болсын армандаған шығар. Кейбірі армандарын мақсатқа айналдырып, бұл мамандыққа білек сыбана кірісіп те кеткен. Сол кейбір журналистердің қатарында мен де жүрмін. Жас буын журналистикаға ұлы мақсатпен келмейді. Барлығының ойы – теледидардан көріну, шындық айтып, халыққа немесе үкіметке жағымпаздану. Жо, жоқ, жастар, қазіргі қазақ журналистикасына бұндай ойдағы журналистер қажет емес. Сіз осы түсінікке тұрақталсаңыз, Қазақстандағы журналистиканың ешқашан дамымайтыны анық. Мен журналистика әлеміне үлкен мақсатпен келдім. Қазір сол мақсаттарымды нысаналарға бөліп, өзімді қалыптастыру арқылы қазақ журналистикасын құрастырып, дамытудамын. Жалпы мен үшін журналистика деген не, журналист деген кім? Қазіргі қазақ қоғамына қандай журналистер керек?
«Журналист – үкімет пен халықтың арасындағы алтын көпір». Сіз осы сөздің мағынасын түсінесіз бе?! Мен журналистикаға келгеннен кейін ғана бұл сөйлемнің мағынасын толықтай түсіндім. Расында да, мықты журналистің халықты да, үкіметті де ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтындай қабілеті болады. Ал біздегі көп журналистер өздерінің қадір-қасиетін өздері кетіріп алған. Себебі олар журналистиканы сахна әлемімен шатастыратын секілді. Журналистика – ақиқат алаңы. Бұл жер адамның жарасымсыз еркелігі мен адами жасандылығын көтермейді. Жас түлек журналистикадан бірнәрсе аламын деп емес, журналистикаға бірнәрсе беремін деп келу керек. Себебі сіз журналистикаға ерекше жаңалық алып келгенде, мамандықтың өзі сізге атақ-абырой, тағы да қалайтыныңызды бере алады.
«Журналистика – төртінші билік». Төрт биліктің арасына кіруіміздің өзі, мамандықтың ерекше жауапкершілікті талап ететінін көрсететіндей. Көбісі бұл пікірді журналистердің өздеріне «мотивация» үшін шығарып алғаны деп есептейді. Бұл – қате түсінік. Журналистика, шынымен де, төртінші билік болатындай күшке және сұранысқа ие. Себебі журналистикасыз әлемде тіршілік жоқ. Журналистика әлемдегі әртүрлі оқиғалар мен жаңалықтарды халыққа ұсынумен айналысады. Журналистің міндеті – қандай жолмен болсын, әйтеуір, адамдарға ақпарат тарату. Ал ақпарат жоқ жерде, түсінік те, ой да, ерекшелік те болмайтыны белгілі. Демек журналистикаға «төртінші билік» деп баға беруге толықтай негіз бар.
Журналист – өзі үшін емес, ұлты үшін өмір сүретін маман. «Патриот» деген кім десе, кешегі Бөкейханов, Байтұрсынұлы, Дулатовтарды мақтанышпен айтамыз. Міне, сол ұлт көсемдері қазақ журналистикасының қалыптасуына өз үлестерін қосқан еді. Одан берідегі Шаханов, Шерхан Мұртаза, Мағауиндер де қазақ журналистикасы деп аянбай еңбек етті. Әрқайсысы журналистикаға жаңа серпіліс ала келді. Мамандыққа деген қызығушылық пен ерекше сүйіспеншіліктің тасасында ұлтқа деген махаббат, патриоттық жасырынады. Ұлтыңды сүю – мамандығыңды сүюден басталады.
Қазіргі журналистер магнитке ұқсайды. Магниттің оң және теріс зарядының болатыны секілді, журналисте де «халық» немесе «үкімет» деген екі таңдау тұрады. Журналистің таразысында қай жақ басым болса, журналист соған қызмет етеді. Бұл жағдайда журналист бір жақты ойды, яғни шындықты айтамын деп шырылдайды. Негізінде журналист шындықты емес, ақиқатты айтуы тиіс. Журналистің бейтараптық саясатын ұстанғаны дұрыс секілді. Бейтараптық жүйені ұстанған журналист қана өзінің шындықтан құралған келбетін емес, шынайы келбетін көре алады.
Қазақ журналистикасының алғашқы қарлығаштары дәстүрлі журналистиканы қалыптастырды. Буын алмасып, заман өзгеріп, әлемде техника дами бастады. Соған сәйкес журналистикада да әлемдік өзгеріс орын алды. Халық дәстүрлі журналистикаға қарағанда, интернет журналистиканы қолайлы әрі ыңғайлы деп есептеді. Халықтың сұранысы бойынша журналистердің мақсаты да өзгерді. Олар халыққа сайт жүйесі мен кез келген ақпараттың видео форматын ұсынды. Алдағы уақытта интернет журналистика қазіргіден де дамиды. Себебі әлем күннен күнге алға жылжу үстінде. Әлемнің алға жылжуы, журналистерге де өз пайдасын тигізбек.
Менің ойымша, қазақ журналистикасын дамытамын деген арманы бар журналистің алдында екі ғана таңдау тұруы керек. Біріншісі, шешімі табылған, ең болмаса ұсыныс бар проблемаларды ғана халық пен үкіметке ұсыну, шешілмейтін проблемалардан аулақ болу. Екіншісі, әлемдік журналистикадан ортақ идея алып, оны қазақи менталитетке сай өзгертіп, қазақ журналистикасына жаңа серпіліс алып келу. Басқа жолмен қазақ журналистикасын дамытамын деу бос әурешілік секілді. Себебі журналистика сіз ойлағандай жеңіл қарайтын мамандық емес.
Журналистика – ер адамдарға арналған мамандық. Әйел жаратылысына журналист болу, аса үйлеспейді және қиындық тудырады. Ал ер адам – журналистика үшін жаратылған тіршілік иесі. Себебі журналистік жолдың соқпағы мен қиындығын кешіп өту ер адамдардың ғана маңдайына жазылғандай.
Сайттардың дамып, басқаларынан ерекшеленіп жатқанына ырзамын. Солардың ішінде Марғұлан Ақан редакторлық ететін, Bugin.kz сайтының өзіндік ерекше стиль қалыптастырғандарына ерекше тәнтімін. Бұл сайт біраз адамға «мотивация» береді әлі. Сайт қазіргіден де дамиды, халықтың сұранысана қазіргіден де артық ие болады. Сайттың соңғы жаңалығы, қаржы беру деген идеяны естігенде, «ал енді не отырыс?» деп өзіме сұрақ қойдым. Солай аккаунтыма жаңа материалдар жариялауға бел будым. Материалды ақша алу үшін емес, санамдағы сансыз ойларды халыққа жеткізу үшін жазамын. Қаржының да артықтық етпейтіні белгілі. Әсіресе мәжбүрліктен емес, хоббиыңнан, ұнататын ісіңнен қаржы табу аса әсерлі болмақ. Сайт редакторы мен ұжымына көп-көп рақмет айтқым келеді. Ерекше журналист 135 000 теңгені алғашқы болып уысына қысуға дайын. Ал ендеше тәуелсіз автор, сіз мақала жазыңыз, мен мақала жазайын, қазақ қоғамына бәріміз ерекше контент ұсынайықшы. Сонда ғана қазақ журналистикасының эволюциялық дамуын өз көзімізбен көре аламыз. Бәсеке бар жерде, нәтиже міндетті түрде болады. Ал қайсыңыз маған бәсекелес бола алады екенсіздер?! Тәуелсіз авторлар, сіздерге сәттілік тіледім!