Қоғам

Күйеуі өртеп жіберген алматылық әйел әділдік іздейді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Дәл қазір әлеуметтік желілерде денесін күйік шалған әйелдің жан-айқайы қызу талқыланып жатыр. Аталған оқиға 2022 жылдың 21 желтоқсанында Алматыда болған, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

41 жастағы алматылық Индира Тергеубаева дүкенде сатушы болып жұмыс істейтін. Оның жұмыс орнына бұрынғы күйеуі еш ескертусіз қарумен келіп, бензин шашып, өрт қойған.

"Күйеуім дүкенге кіріп келді. Қолында екі канистрі мен сөмкесі бар. Дүкеннің есігін қатты жапты да, канистрдің аузын ашып, бензинді төгіп жіберді. "Не істеп жатырсың?" деп айғайладым. Ол маған: "Бүгін екеуміз өлеміз. О дүниеде бірге боламыз" деді. Менің бетіме бензин шашты. Дүкеннің ішін айналып қашып жүрмін. Жердің бәрі бензин. Одан кейін өзінің басына бензин құйды. Ол өте ашулы болды. Бір қолында пышағы бар. Ең соңында қолына жарылғыш затты алды да, дүкенді өртке орады. Есік те, терезе де жабық, қашып кете алмай қалдым", – деді Индира Тергеубаева.

Өртеніп жатқан оған әйелге жақын маңдағы таксист жігіт көмектесіп, құтқарып қалады. Бірден дүкеннің қасындағы поликлиникаға апарып, алғашқы медицинкалық көмек көрсетіледі. Ал дүкенді өртеген ер адам сол жерде жанып кеткен. Ол – Ресей азаматы, шешен ұлтының өкілі екен.

"Тып-тыныш жұмыс жасап жүрген мені бір-ақ күнде мүгедек қылып тастады да, өзі қатып өлді де қалды. Күйген жерімнің бәрі ашиды. Маңдайым, бетім, екі қолым күйіп қалған. Саусағымның сүйектері күйген және саусағымның бәрі сынған. Күйіктің үшінші дәрежесі екен. Бір апта құлағым ештеңе естімеді. Біреудің көмегінсіз ештеңе істей алмаймын. Түйме таға алмаймын, тамақ іше алмаймын. Мен қазір мүгедекпін", – дейді әйел.  

Дәл қазіргі таңда денесін күйік шалып, шарасыз күйде отырған Индира Тергеубаева полиция қызметкерлері мен тергеушіге қатты өкпелі. Оның айтуынша, құзырлы орган өкілдері бұл істі тезірек жауып тастамақшы.

"Тергеушінің түрін көрген жоқпын, тек телефонмен сөйлестім. "Бізді істі жабамыз. Өйткені сізге қастандық әрекет жасаған адам сол жерде өліп қалды. Сотқа жетпейді" дейді. Сонда бұған кім жауапты?", – дейді жәбірленуші.