ДАМУ

"Әйелдер өз орнын білуі керек": Томас Мордың жұмақ аралы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

1516 жылы Томас Мор белгілі бір аралда орналасқан идеалды қоғам туралы "Утопия" кітабын басып шығарды. Бұл бізге "утопиялық" деген термин сыйлаған саяси философияның елеулі шығармаларының бірі. "Утопия" тюдорлық Англияға қандай сабақ беруге тиіс еді?
Джоанна Пол жауап береді.

Жеке меншік қауіпті 
Ойдан шығарылған Утопия мен тюдорлық Англияның арасындағы негізгі айырмашылық сол - соңғысы барған сайын жеке меншікке көбірек сүйенді, ал Утопияда барлық мүлік ортақ болды.
Генрих VIII тұсындағы Англияда орын алған жаппай тәртіпсіздіктердің себебі оқшаулану еді. Деревнялар мен ғибадатханалардың көпшілігінде бірлесіп пайдаланылатын ортақ жер телімі болатын.
  Алайда жер иелері ортақ жер телімдерін тек өз мақсаттарында пайдалану үшін оны жиі-жиі "қоршап алатын болды".
  Мор үшін қоршау қауымдық жерлердің жай ғана жойылып кетуін білдірмеді - бұл жеке мүдделердің қоғамдық әл-ауқатты 
қалай күл-талқан етуінің метафорасына айналды.
 Утопияда бүкіл жерді ортақ еткен Мор қоршау әрекетін де, оған түрткі болған ашкөздікті де сынға алды.

Әйелдер өз орынын білуі керек
Утопия үшін көп жағдайда теңдік тән болды, бірақ гендерлік мәселеде ол Мор заманындағы Англиядан көп ерекшелене қоймады. Екі елде де әйелдің рөлі ер адамның рөліне бағынышты болды. Мор үшін әйелдер мен еркектердің теңдігі анархияны білдірді.
  Ғасырлар бойы жыныстар арасындағы теңдік саласында ерекше жетістіктер бола қоймағанына қарамастан, "Утопия" ертерек Жаңа заман Англиясында әйелдердің бостандығы мен ықпалы дәрежесін көтерген өзгерістер алдында тұрды. Діндегі және отбасындағы әйелдердің рөлі Реформация нәтижесінде елеулі сипат алды, ал Мария I мен Елизавета I - інің басқаруы сарай жанындағы әйелдердің жағдайын нығайтып, олардың саясатқа араласуына мүмкіндік туғызды. 
"Утопиядағы" бірден- бір маңызды гендерлік жаңалық - ерлер мен әйелдердің бірге оқуы және белгілі бір пәндерді бірге зерделеуі болды. 
 Мұнда Мордың өз қыздарының білім алуына деген көзқарасы көрініс тапты, олар гуманистік білімдарлығымен бүкіл Еуропада даңққа бөленген болатын.
Алайда мұндай білім әкелері мен күйеулерінің айтқанын екі етпеумен қоса, ең алдымен әйелдік ізгілікке тәрбиелегені үшін бағаланды.


 Хайуандар ғана соғысады
Утопия тұрғындары соғысты гуманистер сияқты сөздермен, Мордың достары - "шын мәніндегі жауыздық" ретінде айыптайды. Гуманистердің пікірінше, адамдар ашкөздік пен жеке басының пайдасы үшін алауыздық тудырмай, адамгершілік және христиандық байланыстар арқылы бірігуі керек. Оларды ойынша бұл Еуропалық соғыстардың көпшілігінің себебі болған.
  Голланд гуманисі Эразм жазғандай, "Құдай адамды соғыс үшін емес, махаббат пен достық үшін, бір-біріне қызмет етуі және қауіпсіздік үшін жаратқан..."
"Утопияда" Мор Франциямен соғысып жатқан  Генрих VIII сияқты соғыс өртін тұтататын корольдерді сынайды. Мордың пікірінше, монархтардың пасықтық, басқыншылық саясаты ортақ игіліктің жойылуына әкелді.
  Ол 1518 жылы "Утопиямен" бірге жарық көрген поэмасында:
"Көптеген корольдердің арасынан өзінің корольдігін ғана місе тұтататын тым болмаса біреу табыла қояр ма екен? Және тым болмаса корольдікті жақсы басқара алатын біреу табыла қояр ма екен?" деп жазды.

Жылтырауық әшекейдің құлы болмау керек
Бәрі де ортақ болуы үшін утопияшылар басқалар үшін ерекше қымбат заттарға, мысалы, бағалы металдар мен тастарға лағнет айтады. Мор алтын мен күмістен түнгі дәрет құмыраларын, құлдар үшін кісендер мен шынжырлар жасайтынын, қылмыскерлерге алтын бұйымдар іліп қоятынын жазады. Асыл тастарды ойнау үшін балаларға сыйлайды.
  Мор осының бәрі ащы сабақ болғанын қалады. Адамдар өздерінің алтын шынжырларымен құлға айналған, қылмыскерлердің қымбат заттарды жақсы көретіні белгілі, ал біздің асыл тастарға деген құштарлығымызда әлдеқандай балалық шалағайлық бар. 
 Бұл - Мордың Тюдорлар сарайы жанынан көрген, етек алып кеткен ашкөздікті ашына сынауы еді. Генрих VIII өзінің жария сән- салтанатымен кеңінен танымал болды. 
  1515 жылы Мор "Утопияны" жаза бастағанға дейін бірнеше ай бұрын, Венеция елшісі хатында король тағып алған ірі асыл тастарды, соның ішінде "мен бұрын-соңды көрмеген көлемі ең үлкен грек жаңғағындай" жақұтты және "асыл тасты сақиналарға жаппай малынған" деп оның саусақтарын сипаттайды. Утопияда осындай әшекей таққан корольдерді құл, қылмыскер не сайқымазақ дер еді және Мор мұнымен келіскен болар еді.

Халық жақсы біледі
Мордың утопиясы - республика. Әрбір қала сайланған кеңеспен бірге басқаратын "князь" сайлайды. Қалалар да бүкіл елді басқаратын үлкен кеңеске немесе сенатқа қатысу үшін үш-үш өкілден сайлайды. Мұрагерлік монархия жоқ, өйткені патша билігінің құдіреттілігі туралы да түсінік болмайды. Бұл монархтың таққа отыру талабына мұраға алу мен құдіретті құқық негіз болған Англияның саяси жүйесінен барынша ерекшелік еді.
  Алайда Мор республикалық жүйенің артықшылықтарын зерделеуде жалғыз емес болатын. Көптеген гуманистер басқа саяси институттардың - өкілді кеңестер мен парламенттің билігін нығайту тәсілдерін табуға тырысты.
 Мор "корольге билік беретін" халықтық мақұлдау жайында король "оның басыбайлары қалайтын уақыттан бір сәт те ұзақ билік етпеуге тиіс" екені жайында жиі жазады.Мор король билігін заңды деп есептеді, өйткені ұзақ уақыт бойы халық оның орын алуына рұқсат беріп келді. Бірақ ең бастысы - саяси билік сайып келгенде халыққа және оның өкілді жиналысына тиесілі болды. Сол кездегі Англияға тән болған саяси ортада бұл идеяны Мор өзінің қиялдан туған аралы - Утопияны құру арқылы ғана жеткізе алатын еді.

Дереккөз: BBC History Kazakhstan Edition