ДАМУ

Журналист: «Жанат Бақыт» шуы сайлаумен тұспа-тұс келгені күмән тудырады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазіргі таңда белгілі тележүргізуші, кәсіпкер Жанат Бақыт регрессология атты түсінік жайлы айтып, ел ішінде талқыға түсіп жатыр. Шу төңірегінде пікірлер де сан түрлі. Бірі иланса, енді бірі халықты адастырып жатыр деп дабыл қағуда. Ал кейбірі астарында саяси дүние бар деп санайды. Bugin.kz тілшісі бірнеше маманның осы жөнінде ойын білді.

Ұғым жайлы түсіндіріп өтсек: регрессология ежелгі шығыс ілімінде бейсаналы түрде адамның өткен өмірін есіне түсірту дегенді білдіреді. Instagram әлеуметтік желісінде 2 миллионнан аса оқырманы бар Жанат Бақыт тікелей эфирде «әруақтармен» қалай тілдескенін, тарихи тұлғаларымыздың жаны қазіргі таңда кей адамдарға енгенін айтып жүр. Сонымен қатар  «Кенесарының басы Венецияда», «Қожа Ахмет Яссауи атамен сұхбат (сеанс) жасадым», «Әлихан Бөкейханов Кенесарының басын тығуға көмек берген» сынды ақпарат таратып жатыр.

Журналист, блогер Өркен Кенжебек Жанат Бақыттың бұл ақпараттарды таратуы халықты алдау деп санайтынын жеткізді.

Фото: Өркен Кенжебектің Instagram парақшасынан

Фото: Өркен Кенжебектің Instagram парақшасынан

«Ислам дінінде бір жан бір тәнге беріледі. Жанат Бақыт айтып жатқан рух ілімі біздің дәстүрлі түсінікке мүлде сәйкес келмейді. Әруақты сыйлау деген бар, бірақ ол ұғыммен бұлай манипуляция жасауға болмайды. Халықтың көңіл күйімен ойнап, дәлелсіз сандырақпен алдау, өзінің жолына шақыру дұрыс емес», - дейді ол.

Блогер елімізде мұндай мәліметтерді сараптайтын арнайы жүйе жоқ екенін айтады.

«Сандырақты кім қалай сараптайды? «Әлихан Бөкейхан былай айтты, Шәкәрім түсіме кірді» деген сияқты сөздерді сараптаудың да қажеті жоқ. Сонымен қатар «жер сілкінісі суқұйғыш дәуірімен бітті» дейді. Сонда тағы зілзала болса, не болар екен? Ол айтып жүрген балықтар дәуірінде жер сілкінбей ме екен? Мұның бәрі жалған әңгіме ғой. Халықты алдамшы үміттің етегіне ертудің түбі жаман нәрсеге алып барады. Шындық екеніне көзі жетпей, өтірік ақпарат айту дұрыс емес.

Жалпы қазақтың бұрыннан мықтылығы солтентектерін әркім өз ішінен тәрбиелеген. Сол себепті де түрме салмаған. Оның орнына ағайын-туысы, ақсақалдары, ата-енесі, жұбайы сыртқа шығармай, жөнге салған. Бұл дегеніміз міндетті түрде дүре соғу керек деген сөз емес. Жанатты да ағайындары түзу жолға түсіруге тырысу қажет. Өйткені ол өзі ғана адасып қоймай, артынан екі миллионнан аса адамды ертіп отыр. Мұның соңы неге апарып соғатынын да білмейміз», - дейді Өркен Кенжебек.

Ал медиатренер, журналист Есенгүл Кәпқызы бұл нәрсеге ел жаппай көңіл аудармауы керек деп санайды. Оның ойынша, саяси науқан кезінде әлдебіреулер халықтың назарын осы дүниеге арнайы аударып отыр.

Фото: Qaz365.kz

Фото: Qaz365.kz

«Мұндай сандырақты екінің бірі айта береді. Батыста адамның жеке пікіріне соншалықты мән бермейді. Бұл бізде әлеуметтік желінің санамызға қатты әсер ететінінің көрінісі. Сонымен қатар батыста пропаганда моделі деген бар. Оның негізгі мақсаты елдің ойын маңызды нәрседен аударып әкету, көңіл көтеретін ақпараттарды көптеп беру, шулы тақырыпты ортаға тастап, оны жұртпен бірге талқылау. Жанат та осы пропаганда моделін бізде қолданып жатыр ма деген күдік бар. Өйткені, бұл шу дәл сайлаумен тұспа-тұс келгені, жұрттың көңіл күйі алаң боп жатқан кезінде маңызды бола қалғаны күмән тудырады», - дейді журналист.

Есенгүл Кәпқызы инфлюенсерлердің бірінші мақсаты аудитория алдындағы жауапкершілік болуы керегін айтады.

«Олар оқырман алдындағы жүктің мәнін сезінбейінше, мұндай сорақылықтар көбейе береді. Ал біз оған көз жұма қарап, таралуына еркіндік беріп отырмыз. Жалпы елде медианы реттейтін заңдар бар. Алайда олар дәл керек кезде жұмыс істемейді.

Біз «Қазақстандық медиа желі» деген қоғамдық бірлестікпен бірге медиасауатқа қатысты жұмыс бастадық. Медиасауатты болудың бір компоненті фактчекинг, яғни ақпаратты тексеру, дерекке күдікпен, сыни пайыммен қарау. Осы ұғымдарды адамдардың санасына кіргізу үшін мектеп бағдарламасына аталмыш пәнді енгізгіміз келеді. Мұндағы мақсат бала күнінен бастап ақпаратты саралауға мүмкіндік тудыру. Алайда, ең алдымен, ол үшін мұғалімдердің өзін медиасауатқа үйрету керек. Өйткені кей білім берушілер мессенджерлер арқылы жалған ақпарат таратып отырады.

Сонымен қатар Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жақында ақпараттық доктрина қабылдады ғой. Онда жалпы халықтың медиасауатын дамытуға қатысты баптар бар. Соларды қарап отырып, бір концепция жасау керек деген идеяға келіп отырмыз. Жалпы халықты медиа сауатты ету үшін не істейміз? Бірақ жұрт оны тек журналистерге қатысты дүние деп санайды. Қазір кімнің қолында гаджет бар, сол мәлімет тарататын болды ғой. Ал деректі тұтынушының алдындағы жауапкершілікті олар қаншалықты түсінеді, қаншалықты сезінеді?! Соны біз түсіндіруіміз керек. Бұрын жиырмасыншы ғасырда қазақ зиялылары жалпы сауатсыздықпен күрессе, біз бүгінгі медиадағы сауатсыздықпен күресуді қолға алып жатырмыз», - дейді медиа маманы.

Психолог Сая Бакимова журналист әрі кәсіпкер Жанаттың өзімен бетпе-бет сөйлеспестен, сыртынан диагностика жасамау керегін айтады. Яғни, оған психологиялық тұрғыда пікір білдіре алмайтынын жеткізді.

Фото: Сая Бакимованың Instagram парақшасынан

Фото: Сая Бакимованың Instagram парақшасынан

«Кей жағдайда мұндай ситуациялар алдын ала ойластырылған бизнес жоспар болып жатады. Психологиялық мәселе де болуы мүмкін. Яғни, әдейі алдайын демейді, бірақ нақты көзі жетпеген ақпаратына өзі сенімді болады. Қайсысы екені белгісіз.

Жалпы адамдардың психикасы әлі толық қалыптасып болмайынша, әлемді аңыз түрінде қабылдайды. Тіпті, әр баланың өмірге келуі туралы өзінің жеке мифі бар. Мәселен, «мен дүниеге келгенде, ауа райы ерекше күшті болыпты, жаңбыр себелеп жауып тұрыпты» дейтіндер бар. Сондай-ақ әр адамның тұлғасына, отбасына байланысты өздерінің ата-бабаларын қасиетті адам деп санайтын жеке оқиғалар да кездеседі. Сонымен қатар қазақтардың дүниеге көзқарасы тылсым, құпиядан бөлек, шаманизм, тәңіршілдік элементтерден тұрады ғой. Адамдар бастапқыда бейсаналы түрде өз тағдыры жайлы сондай қиялды ойлап табады. Кейін есейе келе шынайы өмірмен қиялын сәйкестендіріп, кей жерде ойын жасырып, ақиқатты мойындаудан қашады. Бұл көпшілік адамда кездеседі деп ойлаймын» ,- дейді маман.

Бакимованың пікірінше, кез келген жан мұндай наным-сенімге елітіп, тура жолдан таймауы үшін нақты ғылым бойынша білім алғаны жөн.

«Мұндайда рухани мықты болудан бұрын, сыни ойлау аса қажет. Әсіресе, адам неғұрлым нақты ғылымдарға жақын болған сайын оның осындай бір жайттардан қорғанатын иммунитеті қалыптасатын сияқты. Адам тек жан дүние, психология, эзотерика сынды ұстауға келмейтін абстрактілі ұғымдар бойынша іздене бермеуі керек. Нақты дәлелдері бар медицина, математика, биология, химия деген секілді ғылымдар бойынша танымын кеңейткені дұрыс», - дейді психолог.

P.S. Материалды дайындау барысында Бақыт Жанаттың өзінен пікір алу үшін ұялы телефонына қоңырау шалғанымызбен, тұтқаны көтермеді.